Қысқы Универсиада қызығы жақын

Қысқы Универсиада қызығы жақын
ашық дереккөз
Қысқы Универсиада қызығы жақын

Сонымен, әлемнің кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақтарының Алатау баурайындағы әсем қала Алматыдағы додада бақ сынауына 15 күн қалды. Талай таланттың томағасын сыпырған қысқы Универсиадада төрткіл дүниенің теңдессіз спортшылары бақ сынайтыны мәлім. Қысқасы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы төрі думанға бөленеді. Айтпақшы, елімізде жалауы желбірейтін қысқы Универсиадаға билеттер 300 теңге мен 3000 теңгенің аралығында сатылымға да шығып қойды. 12 спорт түрінің ішінен таңдап алып, кез-келген додаға билет алған азаматтардың үлкен сыйлықтар ойынына қатысып, ұтысқа ие бола алатын мүмкіндіктері бар. Тіпті, пәтер де ойнатылатын болады. Қазіргі таңда Алматы қаласында өтетін ақ аламанның жарыс кестесі де айқындалды. Жұртшылық қызыға тамашалайтын шайбалы хоккей шеберлері жарысты ашылу салтанатынан бұрын бастамақ. Нақтырақ айтсақ, шайбалы хоккейден ұлттық құрамалар 28 қаңтар күні айдынға шығады. Осы күні төртінші ойында, сағат кешкі жеті жарымда Қазақстан құрама командасы топтық кезеңдегі алғашқы ойынын Қытай құрамасына қарсы өткізеді. Ал 29 қаңтар күні кешқұрым сағат 9.00-де айтулы аламанның салтанатты ашылу рәсімі өткізіледі. Сондай-ақ, фристайл, сноуборд, керлинг, шаңғы жарысы секілді спорт түрлерінен өтетін додалар 30 қаңтар күнгі таңғы сессияға қойылған. Таңертеңгі тоғыздан басталатын жарыстар кешкісін хоккей ойындарымен түйінделмек. Жалпы, Алматы қаласында өтетін қысқы Универсиада ойындарына әлем елдерінен 2000 спортшы қатысады деп күтілуде. Қазақстан құрамасы бұл қысқы Универсиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енуді жоспарлап отыр. Ақ аламанның өзге де қызықтары, жарыс кестесімен «Ақ жол» газеті оқырмандарды тұрақты түрде таныстырып отыратын болады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар