Жамбыл жауһарларын жаһанға таныту керек

Жамбыл жауһарларын жаһанға таныту керек
ашық дереккөз
Жамбыл жауһарларын жаһанға таныту керек

Жалпы әлемді алып қарайтын болсақ, туризм саласы көптеген мемлекеттердің қазынасына қажетті қаражат түсімдерін түсіріп отырған сала екенін бағамдаймыз. Тіпті, туризм саласының арқасында күн көріп отырған мемлекеттер де баршылық. Осыдан-ақ кез-келген мемлекет үшін туризмнің табыс әкелетін үлес салмағын арттыруға тырысатыны хақ. Саладағы барлық табыстарды таразылап отыратын Дүниежүзілік туристік ұйымының деректеріне көз жіберіп, пайымдай түссек, туризм әлемнің жалпы ұлттық өнімінің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестициялардың 11 пайыздан астамын, әлемдік өндірістегі әрбір 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етіп отырғанын байқаймыз. Экономика саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандарының пікірінше соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнес көзінің біріне айналып үлгерген. Бұл саланың маңызы жыл өткен сайын арта түскені дәлелдеуді қажет етпейді. Туризм саласының халықаралық байланыс және валюталық түсім ретінде елімізге тигізетін пайдасы да орасан зор екені анық. Біздің елімізде де туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, климаттық жағдайлар жеткілікті. 1993 жылы Қазақстан Республикасы дүниежүзілік туристік ұйымға мүше болып кірді. Байтақ даламызда қазіргі заманғы инфрақұрылым салаларының дамуына, соның ішінде туризмнің аяқтан тік тұруына үлкен мән берілуде. 1997 жылы «Жібек жолының тарихи орталықтарын жандандыру, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау, сабақтастыра дамыту» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы кешенді бағдарламаның ішіне біздің облыс та енген болатын. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан біздің өңір ішкі, халықаралық туризмді дамытуға үлкен мүмкіншіліктері бар екені ақиқат. Тарихы бай, флорасы мен фаунасы алуан түрлі облыс орталығы Тараз еліміздің ежелгі қалалардың бірі болып саналады. Тарихы сонау V-VI ғасырдан бастау алған Тараз қаласы тарих пен аңызға, мәдени құндылықтарға өте бай көне шаһар саналады. Қазіргі заманда қала маңында ЮНЕСКО- ның әлемдік мұра тізіміне енген Айша бибі және Бабаджа хатун кесенесі орналасқан. Ал қаладан 40 шақырым жердегі Ақыртас археологиялық кешені 19-ғасырдан бастап әлі күнге дейін зерттелу үстінде. Осы тұста айта кететін бір жайт, облысымыздың сырттан келетін туристерді қызықтыра алатын, қойнауы көне ескерткіштер мен аңызға толы тарихи және басқа да туризм түрлерін дамытуға үлкен мүмкіншіліктері бар екені сөзсіз. Сондай-ақ этнографиялық туризмнің еңсе тіктеуіне де біздің өңірде мүмкіншіліктер жеткілікті. Қасиет қонып, құт дарыған өңіріміздің табиғи ерекшеліктерін пайдалана отырып, туризм саласының қарыштап дамуына атсалыспақ ниетпен облысымыздың белсенді жеке кәсіпкерлері «бір қолдың саласындай» бірлесіп, «Туристік индустрияның Жамбыл Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымын құрды. Ұйым өз кезегінде облысымыздың туризм саласының ілгерілеуіне қолдан келгенше жағдай жасауды көздеуде. Ол үшін сөзден іске көшкен ләзім болмақ. Ассоциация бүгінде өзіне жүктелген мақсаттар мен міндеттер тізбегін жаңартып, жұмысын ширатып, алға қойған жоспарын белсенді түрде атқара бастады. Қазіргі таңда ассоциация құрамына «Жамбыл» қонақ үйі, «Алтын Ғасыр» қоғамдық бірлестігі , «Тараз-Профсоюз-Турист», «Baiterek TravelCenter», «Taraz Travel», «Жамбыл-Сервис» туристік фирмалары және «Тiлебай-Баба», «Аратау» туристік нысандары еніп отырған жайы бар. Алдағы уақыттарда қатарымызға облысымыздағы туризм саласында белсенді жұмыс атқарып жүрген басқа да нысандарын қосамыз деген мақсаттарымыз баршылық. Жалпы алғанда туризм саласы жақсы менеджментті қажет етеді. Ғасырлар бойы қатталған тарихымыз, мәдени мұраларымыз осы салаға қолдан келгенше серпін беруге сұранып тұр емес пе? Ол үшін бір мақсат, бір мүддеге топтасқан біздер өлкеміздің мақтан тұтарлық жерлерін танытуға күш салуымыз керек.

Раушан СаУрықова, «Туристік индустрияның Жамбыл ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар