Қоғамдық кеңес – бақылаудың байыпты нұсқасы

Қоғамдық кеңес – бақылаудың байыпты нұсқасы
ашық дереккөз
Қоғамдық кеңес – бақылаудың байыпты нұсқасы

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған реформалар дамудың жаңа белесіне қадам жасап, бағыт-бағдары айқын қазақстандық қоғам құруға бағытталған. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының бесінші бағытында қоғамға есеп беретін ашық мемлекетті қалыптастырудың нақты қадамдары көрсетілген. Бұл – тәуелсіз билік пен азаматтық қоғам арасында дәнекер болатын әрі олардың күш-жігерін, мұрат-мақсаттарын бір арнаға тоғыстыратын бірден-бір жол. Кешегі әміршілдік кеңестік жүйеде мейлінше мемлекеттендірілген ыңғайға жығылуды үйренген жұртшылықты бейқам әрі бейжай күйден арылту, олардың қоғам ісіне белсенді түрде араласуына және жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін өңірлерде Қоғамдық кеңестер құрылды. Облыс басшыларының қолдауымен жұмысы аз уақытта бір жүйеге түсті.

Өткен жылдың 27 ақпанында өз жұмы­сын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың 2015 жылдың қорытындысы, ағымдағы жылдың міндеттері туралы есебін тыңдаудан бастаған қоғамдық кеңесті облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов басқарған арнайы комиссия конкурстық негізде жасақтаған. Құрамында 29 мүшесі бар, 5 ұлттың өкілдері қамтылған. Содан бері кеңес мүшелері «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң талабынан туындайтын мақсаттар мен міндеттерді орындап, ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Өңірге белгілі азаматтар Қоғамдық кеңестің секретары Қ. Шотбақов, ауыл шаруашылығын дамыту, бюджет және қаржы, кәсіпкерлікті қолдау, азаматтардың құқын қорғау, әлеуметтік мәселелер бойынша құрылған комиссиялардың төрағалары С.Сейдазимов, С. Әміреқұлов, Ә. Едігеев, Х. Бегалиев, Г. Орынбаеваның ұйымдастырушылық тәжірибелерінің жоғарылығының нәтижесінде заңның талаптарын жүзеге асыруда кеңес жұмысының басты бағыттары қалыптаса бастады. Бірінші бағыт – Қоғамдық кеңестер қызметінің негізгі мақсаты қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жұртшылықтың пікірін білдіру болғандықтан, заңның 5-бабының 1,2,3 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес, облыстық бюджеттің жобаларын, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізу туралы есептерін тыңдау, облыс әкімдігінің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу. Осы бағытта облыстық Қоғамдық кеңес есепті кезеңде 15 пленарлық, 24 президиум отырысын, 2 қоғамдық тыңдау өткізіп, 106 мәселе қарады. Кеңес жұмысы Елбасы айқындаған реформалар шеңберінде жергілікті мемлекеттік органдар атқарып жатқан ауқымды істерді саралауда салмақты рөл атқарғаны даусыз. Мәселен, Қоғамдық кеңес «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», «Өңірді дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған» бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы, «2017-2019 жылдарға арналған облыс бюджет туралы» облыстық мәслихат шешімдерінің жобаларын (барлығы 16 мәселе бойынша) қарап, тиісті ұсынымдар берді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің бұрын қабылдаған ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жер қатынастары, табиғи ресурстар мен табиғатты реттеу, білім, мәдениет, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, энергетика мәселелері жөніндегі 40-тан астам нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобалары талқыланып, олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмейді деп танылып, әрі қарай басқа органдардың қарауына жіберілді. Осы жерде мына нәрсені баса айтуымыз керек, егер Қоғамдық кеңестің қорытынды тұжырымы болмаса, онда азаматтардың құқықтары мен еркіндігіне қатысты нормативтік-құқықтық актілер әділет органдарында тіркелмейді. Қазіргі заң талабы осындай. Елбасы Н. Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағытында, 99-қадамда көрсетілгендей, мемлекеттік қызмет көрсетулердің бірыңғай провайдері «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуына байланысты осыған дейінгі қабылданған облыс әкімдігі басқармаларының мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттері қайта рәсімделуі тиіс. Қоғамдық кеңес азаматтардың құқы мен бостандықтарының сақталып, шектелмеуін қадағалау үшін мемлекет тарапынан азаматтарға көрсетілетін қызметтердің 30-дан астам регламентінің жобаларын зерделеп, ұсыныстар берді. Қоғамдық кеңес туралы заңның 19-бабының 3-тармағында көрсетілгендей, кеңес мүшелері алдын ала облыс әкімдігі жанындағы 19 комиссия құрамына енгізіліп, құжаттардың дайындалу кезеңінде кейбір кемшіліктерді дер кезінде түзеуге септігін тигізіп отырды. Екінші бағытта жүргізілетін жұмыстар – Заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес, облыстық қоғамдық кеңестің азаматтардың атқарушы биліктің қызметіне деген сенімін арттыру үшін қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік шиеленістердің оң шешім табуына ықпал ету. Бұл бағытта Қоғамдық кеңес былтыр саяси тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, азаматтық келісімге қауіп төндіретін, әлеуметтік шиеленістерге ұласып кетуі мүмкін кейбір проблемалардың шешілуіне атсалысты. Соның бірі – 2015 жылы «Жер кодексіне» толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты туындаған үлкен резонанс еді. Кеңестің мүшелерінен жасақталған топ былтыр бес жарым мыңнан астам жер иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 15 мамырдан бастап бірнеше ай бойы 30-ға жуық кездесу өткізді. Осы жиындарда тұрғындардан түскен 60-тан астам жазбаша ұсыныстары зерделеніп, тиісті органдарға тапсырылды. Атап айтсақ, Сарысу ауданындағы «Қазақстанның әлеуметтік әділетті дамуы үшін қозғалысынан» (төрағасы Қ. Жандарбек) түскен өңір мен Жаңатас қаласындағы жұмыспен қамту жайы, сыбайластық жемқорлық фактілері, кезінде фосфор өндірісінде көп жылдар жұмыс істеп, кәсіби кеселге шалдыққандардың өтемақысы туралы, аудандық білім, денсаулық сақтау салаларындағы басшы кадрлардың жөнсіз әрекеттері, кезінде орын алған заң бұзушылықтар мен нарықтық экономикаға көшкен кезде иесіз қалып, кейіннен жөнделген пәтерлердің қолы жеткендерге заңсыз беріліп жатқанын, қаладағы су құбырлары желілерін қайта жаңғырту мәселелерін көтерген 13 тілек-талапты облыс әкімдігінің басқарма, департамент басшыларының қатысуымен өткен жиында облыстық кеңестің президиумы егжей-тегжей талқылап, сол жерде біразының шешімін табуына ықпал етті. Қалғандарына тиісті хаттама толтырылды. Көтерілген проблемаларды орындау үшін тиісті басқармаларға жүзеге асыру мерзімдері көрсетіліп, нақты ұсыныстар берілді. Үшінші бағыттағы жұмыстар заңда белгіленгендей, Қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау жүргізудегі өкілеттіктері жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында мониторинг, сараптама, қоғамдық тыңдау және мемлекеттік орган жұмысының нәтижесі жөніндегі есептерін тыңдау арқылы жүргізіледі. Былтыр біз тәжірибеге қоғамдық тыңдау өткізу мен облыстық әкімдіктің басқарма басшыларының есебін тыңдауды енгізіп, жүйелі жұмыс жүргіздік. Өткен жылы маусым айында «Жамбыл ауданындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңмен қорғаудың қазіргі жай-күйі», қазан айында «Облыстағы мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағынан құқын қорғаудың барысы» атты екі қоғамдық тыңдау өткізілді. Екі жиынға 800-ден астам тұрғын қатысып, 80-ге жуық сұрақтар түсті. Олар жан-жақты зерделеніп, талап-тілектердің шешу жолдары қабылданған ұсынымдарға негіз болды. Ұсынымдар тиісті мемлекеттік органдарға жөнелтіліп, Қоғамдық кеңестің бақылауына алынды. Жалпы, біздің жұмысымыздың төртінші бағыты кеңестер қызметінің ашықтығы мен жұмысының жариялылығын арттыруға негізделген. Кеңес мүшелері азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді назардан тыс қалдырған емес. Есепті кезеңде атқарылған жұмыстардың нәтижесі, қоғамдық тыңдауларда көтерілген мәселелер және оны шешу жолдары басылым беттерінде жиі жарық көріп отырды. Облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай», қалалық «Жамбыл-Тараз» газеттерінде 60-қа жуық мақала жарияланды, «Қазақстан-Тараз» және «77» телеарналарында 21 хабар көрсетіліп, ғаламтордағы әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда 18 материал таратылды. Облыстық Қоғамдық кеңес есепті кезеңде негізінен осындай жұмыстар атқарды. Кемшілігіміз де жетерлік. Алдағы уақытта да қоғамдық негізде жұмыс істейтін жаңа құрылым заң талаптарын жүзеге асыру жолында кездескен кедергілерге қарамастан, өзіне берілген өкілеттіктер шегінде атқарушы билік пен бұқараның ақылдасу алаңына айналып, қоғамдық бақылаушы міндетін адал атқара бермек.

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар