Тәуелсіздіктің тағы бір тарихи жеңісі

Тәуелсіздіктің тағы бір тарихи жеңісі
ашық дереккөз
Тәуелсіздіктің тағы бір тарихи жеңісі

1 қаңтардан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бастады. Алдағы екі жылда еліміз жаһандық мәселелерді шешуге, әлемдік барлық саяси үдерістерге тікелей қатысатын болды.

Үстіміздегі жылдың 2 наурызында мемлекетіміздің БҰҰ-дағы мүшелігіне 25 жыл толады. Ширек ғасыр ішінде біздің еліміз БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен міндеттеріне, халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына толық бейімділігін көрсетті. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси Үндеуде де әлемдік өркениетті сақтап қалу жолдарын көрсетіп отыр. Елбасымыз Үндеуде «Қазақстан қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңызын ескере отырып, Кеңестің толық күн тәртібі бойынша әділ және бейтарап қызмет атқаратын болады. Біздің еліміз Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелерімен тең құқылы негізде ынтымақтаса жұмыс істеуге, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға қол жеткізіп бәтуластықтың қалыптасуына септігін тигізуге ниетті», деп атап көрсетті. Елімізде жаһандық және өңірлік сын-қатерлерді шешуге ұжымдық жауапкершілік қалыптастырылған. Ендігі мақсат – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүше елдері арасында XXI ғасырға сәйкес келетін, мемлекеттер қарым-қатынастарының жаңартылған моделін құру. Кеңестің тұрақты емес мүшесі ретінде еліміз өз миссиясын орындай отырып, ортақ қағидаларға сүйеніп, осындай басымдылықтарға мән беретін болады. Қазақстан – ядролық қарудан саналы түрде бас тартқан бірден-бір мемлекет. 1991 жылы Семей полигоны жабылды, 1993 жылдың 13 желтоқсанында «Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге» қол қойды. 1995 жылдың 26 мамырында ядролық қарудың соңғы бөлшектері республика аумағынан әкетілді. 1995 жылдың 30 мамырында Семей сынақ алаңында қалған ең соңғы заряд жойылды. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында даму үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалып, халықаралық қатынастар нығайып, дамыған мемлекеттермен тереземіз теңесті. Қазақстан Мемлекет басшысының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіндегі бейбітшілік пен қарусыздануға бағытталған баянды бастамаларын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға мүше болып сайланған кезеңде жүзеге асыруға мүдделі. Алдағы екі жылда еліміз өз миссиясын осы құжатта және саяси Үндеуде көрсетілген басым бағыттарға сүйене отырып, атқаратынына сенеміз. Жалпы, бұл мемлекетіміз үшін аса жауапты кезең. Үндеуде саяси текетірестерді шешу жолдары көрсетілген. Елбасы қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін мемлекетаралық әріптестікті нығайтуға басымдық беріп отыр. Құжат сонысымен де құнды. Өйткені, әлем тыныштығын сақтау – ең үлкен жаһандық проблема.

Жанар ОРЫНБАЕВА, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты.

Ұқсас жаңалықтар