Адамзатты жаһандық қауіптерден сақтап қалудың жолы

Адамзатты жаһандық қауіптерден сақтап қалудың жолы
ашық дереккөз
Адамзатты жаһандық қауіптерден сақтап қалудың жолы

Қазақстан – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұл жетістік – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Мемлекет басшысы дүниежүзін алаңдатып отырған атом қаруын қолдануға тыйым салу, жаппай терроризмге қарсы күрес шараларын жүргізу, алпауыт мемлекеттердің бір-бірімен қырғи-қабақ соғысуын тоқтату, экономикалық дағдарыстарды жойып, өзге құрлықтардағы бейбітшілікті қалпына келтіру секілді маңызды мәселелер бойынша батыл бастамалар көтеруде. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымына тұрақты және тұрақты емес мүше елдер арасында өткен «Шиеленістердің алдын алу және бейбітшілікті сақтау» тақырыбындағы ашық пікірталаста таныстырылған «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты Саяси Үндеуі – соның дәлелі. Саяси Үндеуде бүгінгі уақыт талабынан туындаған жаһандық қажеттіліктер алға тартылған. Сондықтан да, әлемдегі ең беделді ұйым – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Президентіміздің Саяси үндеуін ресми құжат ретінде қабылдау туралы шешімге келіп отыр.

Адамзатқа ортақ мәселе – әлемді ядролық қарудан азат ету екенін барша жұрт жақсы түсінеді. Ал Қазақстан атом қаруын қолдануға үзілді-кесілді қарсылық танытып қана қоймай, соны іс жүзінде көрсете білген әрі ядролық қаруды таратпау жолында аянбай күрес жүргізіп отырған мемлекет. Жалпы, жаһандық және аймақтық деңгейдегі әскери текетірестерді азайту арқылы соғыстың алдын алу – басты мәселе. Себебі, тағы бір дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанса, өркениетті сақтап қалу қиынға соғады. Сондықтан, әлем саясаткерлері халықаралық қатынастарда орын ала бастаған жанжалдарды тоқтатудың жолын іздеуде. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Президентінің бастамалары ғаламдық проблемаларды шешудің тың жолын көрсеткендей. Елбасымыз бүгінгідей аласапыранға толы қым-қуыт оқиғаларға нүкте қойып, адамзатты қайғы-қасіретке душар етпеу жолын көрсетіп қана қоймай, нақты іс-қимыл жоспарын ұсынуда. Президентіміз мемлекетімізден Сирияда бейбітшілік орнату бойынша келіссөздер алаңын ұсынуы – осы сөзіміздің айғағы. БҰҰ секілді беделді ұйымның Қазақстан тарапынан жасалған бастамаларға үлкен қолдау білдіруі де, сондықтан. Елбасымыз Саяси Үндеуінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынуының мәні өте тереңде. Себебі, ғаламдық проблемалардың бірі – терроризм мен экстремизм. Бүгінде кез-келген елде бейбіт тұрғындардың арасында жанкештілердің қолымен жойқын жарылыстардың жасалуы белең алып, тіпті, бұл үйреншікті жағдайға айналып барады. Президент Орталық Азияда бейбітшілік, қауіпсіздік, әріптестік пен даму аймағының моделін құру, террористерді ауыздықтау үшін барлық мемлекетте бір-бірімен ақпарат алмасуды күшейту, Африка құрлығында бейбітшілікті қалпына келтіру, соғыс пен қақтығыстардың алдын алу, адам құқықтарын қорғау, орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру, климаттың өзгеруімен күресу бойынша бірлескен шаралар қолдануды ұсынып отыр. Ол үшін Еуропа мен Америка, Азия мен Африканың барлық өңірлік ұжымдық қауіпсіздік ұйымдарының арасында әріптестік орнату қажет екенін атап көрсетті. Бұл – әлемдік проблемаларды бірлесіп шешу арқылы адамзатты апат атаулыдан аман сақтап қалудың ең төте жолы.

Жанғасар Аягөзов, Тараз инновациялық- гуманитарлық университетінің география

және тарих кафедрасының доценті.

Ұқсас жаңалықтар