«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үлкен елдің саясаты да үлкен болуы тиіс

Үлкен елдің саясаты да  үлкен болуы тиіс
ашық дереккөз
Үлкен елдің саясаты да үлкен болуы тиіс

Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде тұрақты емес мүше ретінде жұмысын бастады

Қазақ Елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болу туралы бастамасы осыдан екі жыл бұрын, яғни Қазақстанның БҰҰ құрамына енгеніне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген болатын. Еліміздің БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастарын есепке ала отырып, сондай-ақ, мемлекеттің қазіргі халықаралық қоғамдастықтағы рөлін ескере келе, Қазақстан бұл қадамға өз шама-шарқын елеп-екшеп барған болатын. Әрине, бұл мәртебе таңдаулыларға ғана бұйыратындығы белгілі. Себебі, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне енуі үшін ұйымға мүше 193 мемлекеттің кем дегенде 129-ының сеніміне ие болуы керек еді. Осы орайда, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тарихына көз жіберсек, оған мүше мемлекеттердің жалпы саны – 15. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал қалған он мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы ұдайы қайта сайланып отырады. Кеңестің тұрақты емес мүшелері екі жылдық мерзімге тағайындалады. Тұрақты емес мүшелерді сайлау аймақтық принцип бойынша жүргізіледі. Мәселен, өткен жолы өз кандидатураларын ұсынған Ангола, Венесуэла және Малайзия өз аймақтары бойынша бірден-бір үміткерлер болса, қалған екі орын үшін бәсеке қызу өтті. Дауыс берудің бірінші кезеңінде 145 дауыс жинаған Жаңа Зеландия Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енді. Ал екінші кезеңде негізгі қарсыласы Түркиядан 60 дауыс артық жинап, 132 мемлекеттің сеніміне ие болған Испания ұйым мүшелігіне қабылданды. БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне бірнеше рет сайланған мемлекеттер бар. Мәселен, Жапония мен Бразилия кеңес құрамына тоғыз рет қабылданса, Үндістан алты, Германия үш мәрте мүше болған. Есесіне, Қауіпсіздік кеңесі құрылған 1946 жылдан бері оның мүшелігіне мүлдем қабылданбаған 60 мемлекет те бар. ТМД елдерінің басым бөлігі, оның ішінде Қазақстан да сол қатарда еді. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жаңа тәуелсіз елдерден үш-ақ мемлекет – Украина, Белоруссия мен Әзірбайжан ғана Қауіпсіздік кеңесіне мүше болды.

Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің кепілі саналатын беделді ұйымға мүше болу мүмкіндіктерін сараптаған мамандар еліміздің Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлі үлкен маңызға ие екендігін алға тартуда. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінде қарулы қақтығыстар көбейген тұста бейбітшілік пен ұлтаралық ынтымақты саяси дамудың басым бағыты ретінде ұстанған Қазақстандағы береке-бірлік көпке үлгі екені айқын. Таяу Шығыстағы қанды қақтығыс, қаншама дауға себеп болған Украинадағы азаматтық соғыс, тыншымайтын Ауғанстан әлем қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Осындай оқиғалар орын алып жатқан кезде Қазақстандағы саяси және экономикалық тұрақтылық дараланып тұратыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, халықаралық деңгейдегі жобаларға белсенді қатысу арқылы еліміздің аймақта көшбасшылыққа қол жеткізгендігі анық. Мемлекетіміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы беделінің жоғары екендігіне Қазақстанға 2010 және 2011 жылдары артылған сенім – ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға төрағалығы дәлел. 56 елдің президенттері мен үкімет басшылары қатысқан ЕҚЫҰ саммиті Астана декларациясының қабылдануымен аяқталса, Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық негізінде Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі институттың және Адам құқықтары жөніндегі комиссияның құрылуына мұрындық болды.

Сонымен, 2016 жылғы 31 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі залының алдына Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын, сондай-ақ ҚК-нің ресми залындағы келіссөздер үстелінде және жабық келіссөздерге арналған бөлмесінде еліміздің ағылшын тіліндегі атауын қамтитын тақтайшасын орнату рәсімі болып өтті. Қазақстанмен қатар, ресми уәкілеттілігі 2017 жылдың 1 қаңтарынан басталатын, Қауіпсіздік Кеңесінің жаңадан сайланған басқа да тұрақты емес мүшелері — Боливия, Италия, Швеция және Эфиопияның тулары мен тақтайшалары орнатылды. Аталған рәсім Кеңестің тұрақты емес мүшелігіндегі жаңа бестіктің өз жұмысын бастайтындығын білдіреді. Біз бұл құрылымның құрамына өтуде бұдан бұрын Кеңеске сайланған және аталмыш лауазымда жұмыс істеу тәжірибесі бар, әлемнің түкпір-түкпіріне өз бітімгерлерін жолдау арқылы Кеңестің күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешу үдерісіне едәуір үлес қосып жүрген, лайықты қарсыластың қатаң бәсекелестігіне тап болдық. Еліміздің ресми өтінімі бойынша Азия-Тынық мұхиты тобынан Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға арналған кезеңнің тұрақты емес мүшелігіне сенімді жеңіспен сайлану Қазақстанның 2016 жылғы сыртқы саясаттағы негізгі жетістігі болып табылады. Өйткені, 1945 жылдан бергі БҰҰ-ның тарихында бұл органға әлемнің ең үлкен құрлығынан 23 ел ғана сайланып, сонда жұмыс істеген. Олардың қатарында Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Малайзия, Сингапур, Филиппиндер, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты қуатты мемлекеттер бар. Енді Орталық Азиялық ауқымды аймақтың өкілі ретінде, осы елдердің қатарына Қазақстан да қосылмақ. Бұл жаңа табыс, ҚР іс жүзінде бүкіл әлемге сыйлы, БҰҰ ҚК-нің үш жетекші комитетін басқару сеніп тапсырылған беделді мемлекетке айналғанын және өзара сенімнің төмендеуі жағдайында жетекші алпауыт елдердің арасында байланыс көпірін орната алатын ел екендігін көрсетеді. Бүкіләлемдік Ұйымның барлық қатысушыларының үштен екісінен астам көпшілігі бізге дауыс берді. Осылайша, Қазақстанның халықаралық текетірес жағдайындағы бейбітшілік пен бірлікті ту етіп ұстанған сыртқы саясаты әлемнің көптеген елдерінде қолдау тапты. 3 қаңтар күні Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде 2017 жылғы Кеңестің алғашқы отырысына қатысты. Отырыс барысында 2017 жылдың қаңтар айына арналған Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс бағдарламасы бекітілді. Қазақстандық делегацияны бастап барған Қазақстан Республикасының Уақытша сенімді өкілі Барлыбай Садықов аталған ұйым жұмысындағы превентивтік дипломатия және сенім шараларын нығайту, халықаралық терроризмге қарсы күрес, жанжалдарды реттеу және таратпау сынды Қазақстан үшін маңызды мәселелерді атап өтті. Осы орайда Б.Садықов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 25 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымында жариялаған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру бастамасының сәтті жүзеге асқанын және диалогтық форумның Азия құрлығындағы қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Ендігі жерде, Кеңестің Сириядағы және Ирактағы түйткілді жағдайларды тарқату туралы талпыныстары талқыланатындығын қаперге салды. Олай болса, үлкен саясаттың төрінен орын алған Қазақ Елінің бейбітшілік пен тұрақтылықтың мызғымауы жолында атқарар асқаралы істері алда екендігі белгілі.

Ұқсас жаңалықтар