Осыдан 20 жыл бұрын

Осыдан 20 жыл бұрын
ашық дереккөз
Осыдан 20 жыл бұрын

Тараз атауы қайтарылған болатын

Осыдан жиырма жыл бұрын 1997 жылы 8 қаңтарда Жамбыл қаласының киелі де, қасиетті орындарының бірі Қарахан кесенесінің алдында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жамбыл қаласына Тараз атауын беру туралы тарихи Жарлығына қол қойды. Бұл Жарлық біздің, Тәуелсіз Қазақстанның  тарихын айшықтаудың жаңа беті болатын. Себебі, тарих тереңінен тамыр тартқан орта ғасырда Жібек жолының інжу маржаны болған Талас өзенінің бойындағы байырғы Тараз атауын қайта жаңғырту тарихымызды түгендеуге жол ашты. 

ab8a2d57e83c48858b4894e334280f41Тараз атауымен бірге халқымыздың тарихы да жаңа белеске көтерілді. Әлем, оның ішінде Жібек жолы бойындағы мемлекеттер өз тарихтарымен бірге Алатау мен Қаратаудың түйіскен жерінде Тараз атты інжу қала болғанын біледі. Шығыстың бүкіл шайырлары, Еуропа мен Қытайдың саяхатшылары Тараздың сұлу да көркем ғимараттары мен жүрегі ашық дархан көңілді халқын әрқашанда сұлулыққа теңеген. Сондықтан да болса керек шығыстың ұлы ақыны Фирдоуси: «Сергітер жүрек жарасын, Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың», – деп жырлауы. Базбіреулер мұны Тараз қаласының сұлу қыздарын ғана жырлап отыр деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Өлеңнің мәніне, мағынасына үңілсек, сол өңір халқының жүрек жарасын сергітер ұл-қыздарының болғанын айтады. Менің әлі есімде, 8 қаңтар күні Жамбыл қалалық әкімшілігінің қызметкерлері жұртшылық өкілдерін Қарахан кесенесінің маңына топтастырды. Мен ол кезде қала әкімшілігінде қызметте едім. Қар жапалақтап жауып тұрды. Шатырлы мінберге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен бірге облыстың сол кездегі әкімі Амалбек Тшанов және облыстың бас сәулетшісі Салауат Дембаев көтерілді. Осы жерде облыс әкімі қалың жұртшылықтың өтінішін баян етті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тебірене сөйледі. Ұлы ақынның есімі облыстың атында қала беретіндігін айта келіп, Тараз атауының жаңғыртылуы – бұл ұлтымыздың тарихын зерделеудің жаңа беті екенін айтты. Елбасының сол кездегі көмекшісі, бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент депутаты Нұртай Әбіқаев Жарлық жазылған құжатты Президентке қол қоюға ұсынды.

Елдің көңілі алабұртып, өзімізді-өзіміз танудың жаңа беттері ашылғанын сезініп, жүректеріміз лүпіл қақты. Президент Жарлыққа қол қойды. Міне, сол сәттен бастап Тараз атауы әлем картасына қайта түсті. Салтанатты сәттен кейін еліміздің бүкіл ғалымдары Тараз қаласының 2000 жылдығын атап өту туралы мәселе көтерді. Солардың арасында жазушы-журналист, белгілі өлкетанушы болған марқұм Бақытяр Әбілдаұлының даусы анық, жарқын шығып жатты. Ол Президент алдында Тараз атауының қайтарылуы ұлт тарихы үшін аса қажет екендігі туралы сөз сөйлегенінің куәсі болғанбыз. Тарихи оқиғаға байланысты Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлері «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» атты құжаттар мен фото суреттер көрмесін ұйымдастырып, «дөңгелек үстел» басында әңгіме өткізді. Іс-шарада сол тарихи оқиғаның айғағы болған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының бейне репортажы көрсетіліп, салтанатты сәт еске алынды. Оның мәні мен маңызы айшықталды. Тағы да «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» екені сөз болды. Мұның өзі өткенімізді тануға, алдымыздағыны нақтылауға бастайды.

Сара МӘДИЕВА, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар