Баспанасы жоқ, бабы жоқ, «бомж» қайтіп күн көрер...

Баспанасы жоқ, бабы жоқ, «бомж» қайтіп күн көрер...
ашық дереккөз
Баспанасы жоқ, бабы жоқ, «бомж» қайтіп күн көрер...

Белгілі мекен-тұрағы жоқ жандар паналайтын үйге барып көріп пе едіңіз? Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты әлеуметтік бейімделу орталығына барар жолда аздап қобалжып, түрлі ойлардың шырмауында болдым... Орталық басшысының орынбасары Бекайдар Қырықбаев алыстан орағытып жатпады, бірден арнайы жабдықталған тұрмыстық бөлмелермен таныстыра бастады. Қиындықтарға шыдас бермей, морт сынған жандардың тағдыр тәлкегіне мойынсұнған шарасыз кейпі еңсеңді басады. Әйтеуір, мұнда оларға әлеуметтік қызмет көрсету талабына сай төсек-орын беріліп, жеке гигиена заттарымен, киім-кешекпен қамтамасыз етілген екен. Сондай-ақ, жеке құжаттары рәсімделіп, медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп, зейнетақы мен жәрдемақы алуға, денсаулығына байланысты мүгедектік тағайындауға, уақытша және тұрақты жұмысқа орналасуға жағдай жасалатын көрінеді. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жас пен кәрі... Бірі ішкілікке салынып, басындағы бағын тайдырып, қаңғыбастық күй кешкен. Енді бірі – алаяқтарға алданып, басындағы баспанасы, қолындағы құжатынан айырылғандар. Заман көшінен кейін қалып, Кеңес дәуірінің қызыл төлқұжатымен қалып, өзінің кім екенін, қай мемлекеттің азаматы екенін дәлелдей алмай жүрген бейшара жандар да бар. Орталықтың директоры Ержан Аманбаевтың айтуынша, былтыр 160-тан астам адам осы мекеме мамандарының көмегіне жүгінген. Оның басым көпшілігі алғаш рет қабылданғандар, қалғаны жігерсіздік танытып, орталықтың есігін қайта қаққандар. Бір «әттеген-айы», қиындықтармен күресе алмағандардың дені ер-азаматтар. Нәзікжанды қауымның өкілдері бірен-саран. Дегенмен, қараусыз қалғандардың 105-і мемлекет қамқорлығының арқасында құжаттарын қалпына келтіріп, үй кітапшасына тіркелсе, 35-і жеке куәлігін, 24-і зейнетақы кітапшасын қалпына келтіріпті. 16 адам қарттар үйіне жіберілген. Жұмыспен қамтылғаны – 37 адам. Құжаттарын реттеп, саламатты өмір салтына бейімделіп, өздері пәтер жалдап күн кешуді жөн санағандар да бар. Туыстарына ғаламтор арқылы іздеу салғандар да жоқ емес. Қақаған суықта кезбелердің далада үсіп қалмауы үшін әлеуметтік мобильді патрулдік қызметі іске кіріседі екен. Түскен қоңыраулар бойынша 57 азаматқа алғашқы көмек көрсетілген. Жүргізілген рейдтер барысында 17 азаматқа көмек ұсынылған. Олардың 9-ы көмекке мұқтаж еместігін айтып, бас тартса, 8 азамат орталыққа жеткізілген. Орталықта 59 қызметкер жұмыс жасайды. Мамандардың қызмет алушылардың құжаттарын түгендеу үшін әр мекеменің табалдырығын тоздырып, олардың етжақындары мен туған-туыстарын іздеп, табандарынан таусылатын кездері көп. – Бұл орталыққа түрлі себептермен, әсіресе, ішімдікке салынып, үй-күйінен айырылып, құжаттарын жоғалтқандар келеді. Дәрігерлік тексерістен толықтай өткен соң орталыққа қабылданады. Адам өмірде түрлі қиындықтарға тап болады ғой. Бірі жұмысынан, енді бірі ипотекаға алған баспанасынан айырылуда. Алайда, барлығы бірдей қаңғыбастыққа салынып, азып-тозып кетіп жатқан жоқ. Мұнда келетіндердің психологиясы әлсіз. Өкініштісі сол, көше кезіп, жалпақ жұрт «бомж» атап кеткен жандарды бейімдеп, бір жыл күш-жігерін жинау үшін қолдау көрсетсек те, әрі қарай аяғынан тұрып кететіндері аз. Бәрі адамның өз санасына байланысты. Егер он адамның кемі төртеуінің өмірге құлшынысын оятып, аяғынан нық басып кетуіне себепші болсақ, біздің еңбегіміздің жанғаны, – дейді Ержан Аманбаев. Расында бұл жерге келіп түсетіндер – тағдыр тәлкегіне ұшырап, барар жер, басар тауы қалмаған адамдар. Құжаттары жоқ, өзінің кім екендігін ешкімге дәлелдей алмайтын, қарны тойып тамақ ішпей, күл-қоқыстың арасында, үйлердің жертөлелерінде ит тірлікпен бейшаралық күй кешкен жандар. Мемлекет бұл адамдарға осылай көмек көрсетіп, жылы орын мен дәмді тамағын алдарына тосып, қамқорлық жасап отыр. – Бес саусақ бірдей емес, адам да әртүрлі. Бізге келіп, еңбек етіп, тығырықтан жол тауып, ел қатарлы адам болып кетіп жатқандар да бар. Біз әр тұрғынмен психологиялық жұмыс жүргіземіз. Психологіміз Ботагөз Қалқабаева осындағылардың барлығының болмысын бес саусақтай біледі десем, артық айтқандық емес, – дейді орталық директорының орынбасары Бекайдар Қырықбаев. Өңдері жүдеу, жүздері сынық орталық тұрғындарының бірнешеуін әңгімеге тартқанда түсінгеніміз, көпшілігі осындай өмірге тап болуларына ішкіліктің себеп болғанын айтады. Әзәзіл арақ талайдың өміріне балта шапқан. Ішкіш адамның өзінің отбасына да, қоғамға да тигізер зияны көп. Қазақ «қариялы үй – қазыналы үй» деп, үнемі үлкенді қадірлеп, ата-анасынан қамқорлығын аямаған. Осы ұлы үрдіс мәңгілік жалғасса дейміз. Десек те, көп ішінде ала да, құла да болады деген рас екен. Орталықты паналаған қарт әжені көрген кезде өкпені кімге артарымызды білмедік. Немересін бағып, бала-шағасының қызығын көрер шақта қаңғыбастар үйінде болу – оған қайбір оңай болды дейсіз. Әжейді араққа салынды дей алмайсыз. Әжім торлаған жүзінде басқа бір қасіреттің табы байқалады. Осындайда Асан қайғының: Құйрығы жоқ, жалы жоқ – Құлан қайтіп күн көрер? Аяғы жоқ, қолы жоқ – Жылан қайтіп күн көрер? Шыбын шықса жаз болып – Таздар қайтіп күн көрер? Жалаң аяқ балапан, Қаздар қайтіп күн көрер? – деген жыры ойға оралады. Бірақ, мұндағылардың басым көпшілігін орталықтың жанынан құрылған «Әлеуметтік мобильді патрульдік қызметтің» мамандары көшеден тауып әкелсе, қалғандары өз еріктерімен келгендер. Ал күн суытса орталықты паналайтындардың саны тіпті көбейе түседі екен. Себебі, мұнда белгілі тұрағы жоқ азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Бір сөзбен айтқанда, көйлектері көк, қарындары тоқ. Не ішемін, не жеймін, қайда қонамын деп уайымдамайды.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар