«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақтан шыққан «калькулятор-бала»

Қазақтан шыққан «калькулятор-бала»
ашық дереккөз
Қазақтан шыққан «калькулятор-бала»

Балалар, сендер санаулы секундтың ішінде екі таңбалы, үш таңбалы, төрт таңбалы сандарды ойша қосып, көбейтіп, бөле алатын, оған қоса санның түбірін де оңай табатын бала туралы естулерің бар ма? Таңданып отырған боларсыңдар, ə? Олай болса, таныс болыңдар, математик Ілияс Тохтархан – қазақтан шыққан əлемдегі ең жас «калькулятор-бала». Астана қаласының тұрғыны, оқуда озат оқушы.

Ерекше дарынымен халықаралық байқауларда бас жүлделерді қанжығалап үлгерген. Жақында жас дарынның талантына тəнті болған «Россия 1» телеарнасы Ілиясты «Удивительные люди» бағдарламасының құрметті қонағы етеді. «Youtube» желісіне жүктелген видео аздаған күндер ішінде миллиондаған көрсетілім жинап, қаншама адамның қызығушылығын оятты. Бағдарламаның көздеген мақсаты да сол. Адам баласының қолынан келмейтін, мүмкін болмайтын нəрсенің жоқ екенін дəлелдеу. Бағдарламаны көріп отырып таң-тамаша болдық. Ілиястың өзін емін-еркін ұстауына, сұрақтарға анық та нақты жауап беруіне қарап-ақ тегін бала емес екені байқалады. Аз ғана секунд ішінде берілген тапсырмаларды оңай орындаған кішкентай ғана Ілияс ондық, жүздік, мыңдық сандарды қосып, екі таңбалы дəрежелі сандардың мəндерін тапты. Бағдарлама барысында таңданыстарын жасыра алмаған көрермендер орындарынан атып тұрды. Үлкендердің басы жетпейтін күрделі амалдар 10 жасар Ілиясқа түк те қиын емес екенін көрген қазылар алқасы айтарға сөз таппай қиналды. Осылайша, кішкентай бүлдіршініміз еліміздің атын тағы бір əйгіледі.

IMG_8216

Бағдарламадан кейін Ілиястың жұлдызы жанды деуге толық негіз бар. Отандық телеарналар жас дарынды халыққа жария етпек болып жарысып жатыр. Кім-кімді де елең еткізбей қоймайтын ерекше баламен жүзбе-жүз танысып, сұхбаттасу үшін мен де қамдана бастадым. Сұрастыра келе Ілиястың анасымен байланысқа шықтым. Республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінен хабарласып тұрғанымды естігенде Қымбатгүл апай қуана келісті. Үйіне қонаққа шақырады деп күтпеген едім. Кішігірім сыйлығымды алып, əне-міне дегенше Ілиястың үйіне де кіріп бардым. Суреттегіден де сүйкімді Ілияс иті Алексті ойнатып жүр екен. Есік алдынан Қымбатгүл апай жылы жүзбен қарсы алды. Кешкі уақыт болғандықтан, сабаққа дайындықсыз бармайтын үлгілі оқушы Ілияс «Сұрақтарыңыз көп пе?» дейді маған. Ə дегеннен əңгімеміз осылай басталып-ақ кетті. Менің қойған сауалдарыма мүдірместен жауап қайтарған Ілияспен «Ұланның» анықтамасын жазу кезінде тез тіл табысып кеттік. Алдын ала дайындап əкелген есептерімді шығарып беруін өтіндім. Көзді ашып-жұмғанша қалай оңай шығарып тастады десеңізші! Аң-таң болып тұрып қалыппын. Осындай таңданыстағы көңіл-күймен əңгімеміз əрі қарай кең дастархан басында жалғасын тапты. Ілиястың əкесі Бағлан ағаның ыстық ықыласымен, анасы Қымбатгүл апайдың күрең шəйімен сұхбатымыз қыза түсті. «Балаларыңыздың дарынын қай кезден бастап байқадыңыздар?» деген сұрадым.

«Ілияс кішкентайынан өте алғыр, тиянақты, зерек бала болып өсті. Кез келген нəрсеге қызығатын көрсеқызар болған жоқ. Ойға алған мақсатына жетпей қоймайтын, алған бетінен таймайтын. Математикаға икемі бары бала кезінен байқалатын», – деп анасы баласының басынан сипап, мейірлене иіскеді.

«Бірде Конгресс-холлда жүргенбіз. Менталды арифметика үйірмесіне қабылдау жүріп жатыр екен. Бізге бұл бұрын-соңды естімеген таңсық болып көрінді, Ілиястың қатысқанын қаладық. Баламыздан болашақ мықты математик шығатынын аңғарған болу керек, үйірме тəлімгерлері Ілиясты бірден қабылдады. Ол кезде Ілияс балабақшаға барып жүрген. 6 жасынан бастап үйірмеге үзбей қатыса берді. Арифметика 4 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды ойша есептеуге үйретеді, интеллектуалдық қабілетін дамытады. Оқыту əдісі Азиядан бастау алған. Жапондар бұл əдісті əр баланың оқуын міндеттейді деседі. Сондықтан жыл сайын халықаралық математика олимпиадаларында бірінші орынды иеленуді дəстүрге айналдырыпты. Қытайда үш таңбалы сандарды есептеуді балабақшадан үйретеді-міс. Ал біздің елге келгелі 5 жылдың жүзі болған. Бағдарлама бойынша бастапқыда абакус құралын пайдалана отырып, есеп шығарады. Кейін көз алдарына сол абакусты елестете отырып есептейді. Бұл кезде мидың оң жақ жəне сол жақ жарты шарлары теңдей жұмыс істейді. Тиісінше осы уақытта оқу да, ойлау да миға тез қонады. Осылай ұлымыз калькулятордан бұрын күрделі амалдарды шығарып береді», – дейді әкесі.

Қымбатгүл апайдың айтуынша, мұндай орталықта оқыған балалардың зейіні артады, есте сақтау қабілеті жақсарады.

«Ілиястың есепке жүйріктігі қанмен келген болуы да мүмкін. Өйткені нағашыларында да, əкесі жағында да шетінен математик аға-апалары бар. Ілияс арифметика үйірмесіндегі оқуға тиіс 10 деңгейді толық аяқтады. Есеп шығаруды аз ғана уақыттың ішінде үйреніп алған Ілияс 6 жасынан бастап-ақ жарысқа барғысы келетінін айтатын. Біз қарсы болдық. Ең алғашқы əлемдік жарысы Үндістанның астанасы Нью-Делиде өтті. Дүниежүзінің 57 елінен жиналған 12 мың баланың ішінен бірінші орынға ие болды. Бар болғаны 2 минуттың ішінде тапсырмаларды дұрыс орындап, қазылар алқасының көңілінен шыққан екен. Біз жұмыстан босай алмадық. Жарысқа мұғалімдері алып барды», – дейді анасы.

Ал «Удивительные люди» бағдарламасы жайында Қымбатгүл апай былай деді:

«Біз де аяқ астынан Ілиястың осы бағдарламаға қатысатынын естіп қатты қуандық. Өзі сияқты дарынды балалардың ішінен біздің ұлымызды таңдап алыпты. Ол кезде де бағдарламаға қатыса алмадық. Бірақ Қазақстанда тақымымды қысып, Ілиястың тілеуін тілеп, толқып жүрдім. Кейін Ілиясты көбі тани бастады. «Түнгі студия», «Жаңа күн» сияқты бағдарламалардан шақыртулар түсті».

IMG_8231

Осы кезде Ілияс əңгімемізге араласа кетті.

«Мен Орталық экономикалық мектептің 4-сынып оқушысымын. Көптеген үйірмелерге барамын. Ағылшын тілі мен логикаға, «Пифагор» сабақтарына қосымшаға барамын. Спортпен айналысамын. Сабағымды да өте жақсы оқимын. Бос уақытта кітап оқығанды жəне итіммен ойнағанды ұнатамын. Көбіне фантастикалық кітаптар оқимын. Орыс сыныбында оқысам да, алдағы уақытта қазақ тілін міндетті түрде меңгеріп аламын», – дейді былдырлап. «Анасы екеуміз де жұмысбасты жандармыз. Таң ата кетіп, кешке келеміз. Ілияс та таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін сабағында. Мектебі өзіне ұнайды. Барлық жағдай жасалған. Коммерциялық мектеп болғандықтан, ішінде шахмат, бассейні мен коньки тебу, шаңғы тебу сынды спорт түрлері бар. Жалпы, балаларды жан-жақты дамыту мақсатында ашылған. Барлық оқушылар сияқты Ілиясты іріктеуден өткізіп, байқаумен таңдап алған», – деп Бағлан аға бір марқайып қойды. Қымбатгүл апай да қосыла кетіп: «Ілиястың қазір уақыты жоқ. Сабақтары қиын. Ертең болатын ағылшын тілін жаңа оқып болған. Қосымша тағы жеке ағылшынға беріп қойдық. Біз жұмыстан келгеннен кейін осылай дастархан басында жиналамыз. Ілияспен əңгімелесіп, күні бойы немен айналысқанын, нені үйренгенін, қандай баға алғанын сұраймыз. Баламызды еңбекке баулимыз, адалдыққа, мейірімділікке тəрбиелейміз, ешкімнің ала жібін аттамауға үйретеміз. Ілияс əр нəрсені өз уақытында істеп үйренген. Алтын уақытты босқа өткізіп, пайдасыз нəрселермен айналыспайды. Сенбі, жексенбі күні əкесі екеуміз ұлымызды ертіп серуендегенді ұнатамыз. Отбасымызбен Астанамыздың ең көрікті жерлерін аралаймыз. Көбіне театрға, «Астана Опера» театрына, «Хан шатыр», «Керуен» ойын-сауық орталықтарына барып тұрамыз. Ұлымызбен көп уақыт өткізуге тырысамыз. Айтпақшы, осы орайда тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісе кетейін.Тəуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған «Республикалық жастар инновациялық жобалар байқауында» Ілияс жүлделі 2-орынды иеленіп, 500 000 теңге ұтып алды. Осының бəрі таудай талабы мен ерінбей еңбектенгенінің, ерекше дарынының арқасы», – деді.

Ілиястың үйіндегі сырлы сұхбат өзім ойлағаннан да керемет өтті. Қымбатгүл апай мен Бағлан ағаның шаңырағынан шаттықтың, жылылықтың, бірлік пен берекенің, шынайы сүйіспеншіліктің шуағын сездім. Баласын қашанда қолдап-қолпаштап отыратын, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мəпелеп өсіретін, болашағына үлкен үміт артатын осындай ата-анадан айналып-ақ кетесің. Түйгенім, жас шыбықты қалай қарай исең, солай өседі. Сөзіме дəлел ретінде Ыбырай атамыздың «Бақша ағаштары» деп аталатын əңгімесінен үзінді келтірейін:

Бір төре өзінің баласына: «Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ. Сен жас ағашсың: саған да күтім керек, мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзік кісі болып өсерсің. Бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштайқисық өсерсің», – дейді.

«Ақыл жастан, асыл тастан шығады» деген рас екен. Ерекше дарынын жастайынан дамытып, əлемді мойындатып үлгерген Ілиястай балапандарымыз көп болсын. Тəуелсіздігіміздің жарқын жетістіктері – осындай ерекше балалар. Біз Ілиясқа үлкен сеніммен қараймыз. Ертең-ақ ержетіп, елдің баласы болары анық. Ең бастысы, тіл-көзден аман болсын.

ақпарат көзі: zhasorken.kz

Ұқсас жаңалықтар