Жаңа жылда жаңа көзқарасты талап ететін көптеген жаңа міндеттер тұр

Жаңа жылда жаңа көзқарасты талап ететін көптеген жаңа міндеттер тұр
ашық дереккөз
Жаңа жылда жаңа көзқарасты талап ететін көптеген жаңа міндеттер тұр

Мемлекет басшысы Елордадағы жаңажылдық қайырымдылық кешіне қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға арнаған сөзінде еліміздің бүгінгі жетістіктері бүкіл қазақстандықтардың ортақ еңбегі мен бірлігінің жемісі екенін айтты. Қазақстан Президенті келер жылы болатын ұлттық және халықаралық ауқымдағы ірі оқиғаларды атап өтті. Олардың қатарында дүниежүзілік Универсиада, ЭКСПО халықаралық көрмесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті бар. Сондай-ақ, Елбасы мұқтаж жандарға көмек көрсету және қайырымдылық іс-шаралары халқымыздың игі дәстүрі екеніне тоқталды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, баршаның отбасына бақ-береке, денсаулық, жаңа табыс тіледі. Қайырымдылық кешінен түсетін барлық қаражат «Мейірім» ерікті қоғамы» қорына аударылатын болады.

* * *

Елбасы Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кездесті. Мемлекет басшысы кездесу барысында жаңа Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановты таныстырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Е.Ыдырысовтың Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі болып тағайындалғанын айтып, оған ведомство басшысы қызметінде атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Қазақстан Президенті дағдарыс құбылыстары мен өзгерген жаһандық ахуал жағдайында Сыртқы істер министрлігі алдында жаңа көзқарасты талап ететін көптеген жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті. – Қазақстан 1 қаңтардан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысына кіріседі. Осы құрылымға тұрақты емес мүше болып сайлану – әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге деген құрметінің айғағы. Бұл – ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолындағы қозғалыс саласындағы және күн тәртібіндегі өзге де халықаралық мәселелер бойынша Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын талап ететін жауапты міндет, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев маусым-қыркүйек айларында өтетін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жөнінде әңгімеледі. – 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым өкілдері көрмеге қатысатындарын растады. Іс-шараның табысты өтуі көбіне Сыртқы істер министрлігінің жүйелі жұмысына байланысты, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті таяу арада Астанада Сирия түйткілдері жөнінде келіссөз жүргізуге мұқият дайындалу қажеттігіне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ аясында мейлінше тиімді жұмысты жолға қою қажеттігін маңызды міндет ретінде атады. – Келер жылы Астанада өткізу жоспарланып отырған ауқымды халықаралық іс-шараларға – Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиттеріне тыңғылықты дайындалған жөн, – деді Мемлекет басшысы. Соңында Мемлекет басшысы сыртқы саясат ведомствосы жұмысының жақсы деңгейде екенін атап өтіп, жиналғандардың барлығын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

Ұқсас жаңалықтар