Ортақ мүдде орасан мүмкіндіктерге жол ашады

Ортақ мүдде орасан мүмкіндіктерге жол ашады
ашық дереккөз
Ортақ мүдде орасан мүмкіндіктерге жол ашады
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының отырыстарына қатысты. Алдымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті. Бұған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше бес елдің басшылары қатысуы тиіс еді. Бірақ жиынға Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко келмеді. Сөйтіп, тек төрт президент – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Респуб­ли­касының Президенті Серж Саргсян, Қырғыз Республикасының Президенті Ал­мазбек Атамбаев қатысты. Алқалы жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырды. 26-12-odkb2Экономикалық байланыстар бекиді Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның Кеден кодексі әзірленгенін атап өтіп, оны дайындау барысында қа­ты­сушы елдер азаматтарының мүд­десін сақтауға, сондай-ақ бизнес жүр­гі­зудің ашық әрі тұрақты ережесін қалып­тастыруға басымдық берілгенін айтты. «Күрделі сыртқы экономикалық жағ­дайларға қарамастан, күш-жігері­мізді жұмылдыру арқасында біз жыл басында Қазақстан ұсынған басым­дығы бар негізгі бағыттарды іске асыру барысында ілгерілей түстік. Ин­теграциямыздың негізгі құжатта­ры­ның бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі қол қоюға дайын болды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті электр энергетикасы нарығын дамыту бағдарламасы аясындағы жұмыстың аяқталғанына, қызмет көрсету секторларын ырықтандыру жоспарының әзірленіп жатқанына және ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын құру жөніндегі үдерістердің басталғанына назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның төрағалығы кезінде халық­аралық ын­ты­мақтастық нығай­ғанын атап өтті. «Біз бұл бағытта айтарлықтай ілгері­ледік. Қазан айында Вьетнаммен ара­дағы еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді. Иран, Үндіс­тан, Сингапур және Мысыр елдері­мен осындай аймақтар құру жөнін­де келіссөздер бастау туралы мәсе­ле қарастырылып жатыр. Түрлі мем­лекеттермен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы 25-тей меморандумға қол қойылды. «Жібек жолының экономикалық белдеуін» осы одақпен ұштастыру ісі бағдарға алынды. Еуропалық одақпен және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен әріптестік жолдары қарастырылуда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Қытаймен және Израильмен сауда келісімдері жөніндегі келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп жатқанын, Одаққа Оңтүстік Америка елдері де мүдделілік танытып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы шетелдік әріптестермен ынтымақтастықтың негізгі қағидалары көрініс табатын сауда саясатын дамыту туралы мәлімдеме ЕАЭО-ның халықаралық экономикалық байланыстарын дамыту жөніндегі қызметтің заңды жалғасы болып табылатынын айтты. «Сонымен бірге, біз сауда келісімдері жөніндегі жұмыстың жүйелілікті, мейлінше тиімділікті, одағымыздың барлық мүшелерінің мүддесін ескеруді талап ететінін ұмытпағанымыз жөн. Тарифтік міндеттемелер құрылымына, біздің мүмкіндіктеріміз бен шектеулерді ескере отырып ықтимал алымдардың тізіміне мұқият талдау жүргізу қажет. Бұл орайда барлық қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерді де ескерген жөн», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ЕАЭО аясын­дағы жұмысқа ықпал ететін бірқатар факторларды, соның қатарында әлемдік экономикалық жағдайдың нашарлай түскенін және бірлестіктің өз ішіндегі мәселелер шешімін таппай отырғанын атап көрсетті. «Өзекті мәселелерді шешудегі ерекше рөлді ең алдымен Еуразиялық экономикалық комиссия атқаруға тиіс. Бүгінгі таңда дағдарыстан кейінгі жағдайды пайымдау, Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың одан арғы стратегия­сын түзуге мүмкіндік беретін жүйелі және ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеу маңызды болып отыр. Осыған орай дағдарысқа қарсы кеңес құру қажет. Егер мемлекеттер басшылары мұны қолдаса, комиссияға бұл мәселені біздің үкіметтермен бірлесе отырып қарастыру және тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма беруді ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қыр­ғызстан басшылығының ЕАЭО төраға­лығын табысты атқаруына тілектестік  білдірді. Жиында басшылар одақтың екі жыл­ғы жұмысын қорытындылап, атал­ған ықпалдастық ұйымының одан әрі даму бағыттарын айқындады. Мем­лекеттер басшылары одақтың 2017 жыл­ғы халықаралық қызметінің негізгі ба­ғыттарын бекітіп, ЕАЭО-ның басты сауда-экономикалық серіктестерімен ықпалдастығының түрлі аспектілерін тал­қылады. Бұған дейін тізгіні бізде болған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес төрағалығы кезек бойынша Қыр­ғызстанға тапсырылды.   Кеден кодексіне қол қойылды Саммиттен күтілген басты жаңалық ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылуы болатын. Алайда, оған жиынға қатысқан елдердің  басшылары ғана қол қойды. Бастапқыда Қырғыз Республикасы да бұл құжатқа қол қою­дан бас тартып еді. Біраз талқы­лаудан кейін, жиын соңында қол қойыл­ғаны мәлімделді. Үш жыл көлемінде әзірленген жаңа кодексте кедендік жұмыстарды ақпараттандыруға жаңа тәсілдемелер, қағаз түріндегі құжат айналымын және сыртқы экономикалық қызмет­ке қатысушылардың лауазымды тұл­ға­лармен  байланысын азайту мақсатында  бизнес үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың ыңғайлы алгоритмі енгізілген болатын. Сондай-ақ, онда Одаққа мүше елдердің барлығына арнап кедендік операцияларды барынша бірдейлендіру қарастырылған. Жаңа құжат күшіне енген соң ЕЭК барлық елдер үшін бірыңғай  баж салығынсыз сауданың жоғары өзіндік құнын және салмақтық шекті айқындамақ. Тараптар өздерінің қалауы бойынша  халықаралық пошта жөнелтілімдері, сондай-ақ, экспресс-тасымалдаушылар арқылы тасымалданатын тауарларға қатысты ұлт­тық деңгейде бажсыз тасымалдаудың барын­ша төмен нормаларын бекіте алуы керек болатын. Сондай-ақ, Кеден кодек­сі күшіне енсе, 2018 жылдан ЕАЭО елдеріне шетелдік интернет-дүкен­дер­ден бажсыз тасымалдаудың шегін бір­тіндеп төмендетуді енгізу қарасты­рылған. Кодексті алдағы жылдың шілде айынан бастап заңды күшіне енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, үш ел ЕАЭО сауда саясатын дамыту туралы мәлімдемеге қол қой­ды, Қырғызстан бұл құжатқа қол қой­ған жоқ. 26-12-01-01 26-12-02-02 Қауіпсіздік мәселелері қаралды Ал келесі алқалы жиын Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымы отыры­сының шеңберінде Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей басшылары Ұйым аясындағы одақтық өзара әрекеттестіктің өзекті салаларын, оның ағымдағы қызметін қам­тамасыз ету мәселелерін көтерді. «Біз әлемнің көптеген өңіріндегі қа­рым-қатынастардың қалыптасуы қаншалықты қиынға соғып отырғанын білеміз. Проблемаларға толы шиеленісті ай­мақтар саны азаяр емес», – деді іс-шараның ашылу рәсімінде Ресей басшысы. Отырыс барысында қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды талқылады. Жиын негізінен жабық есік жағда­йын­да өтті. Отырыс барысында қатысу­шылар күн тәртібіндегі өзекті мәселе­лерді, соның ішінде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды тал­қы­лады. Бұған қоса, есірткі мен қару-жа­рақ­тың заңсыз айналымымен күрес та­қы­рыптары қарастырылды.   Келелі кездесу өтті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сес­сиясының отырыстарына дейін Қазақ­стан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО аясындағы тиімді ынты­мақ­тастығын атап өтті. «Біздің қарым-қатынасымыз дамып келеді. Туындаған мәселелер елдеріміздің үкіметтері дең­гейінде шешіліп жатыр. Сізбен бірге Байқоңыр қаласын одан әрі дамыту мәселесін талқыладық. Біз қазір 8 жылға арналған тиісті «жол картасын» әзірледік», – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы рес­пуб­ликамыздың ЕАЭО-ға табысты төрағалық еткенін айтты. «Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында тауар айналымы бәсеңдеді, ол биржа бағамының біздің тауарларға деген қатынасына байланысты. Бұл ретте сауданың нақты көлемі сақталуда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Ресей Феде­ра­циясымен әскери-техникалық ынты­мақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге Сирия қақтығысы жөнінде Астанада келіссөздер өткізу үшін Қазақстан мүмкіндік беруге дайын екенін айтты. Ресей басшысы өз кезегінде Қазақстан Президентін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, еліміздің осы кезеңдегі басты жетістігін атап өтті. «Қазақстан ЕАЭО-ның бар­лық мүшелеріне оң ықпал ететін инте­гра­циялық үдерістердің белсенді қаты­сушысы болып табылады. Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге белсенді атсалысып келе жат­қан ел. Бұған  табысты елдің инте­грациялық жобаларды белсенді алға жылжытып жатқаны дәлел. Ол Еура­зиялық экономикалық одақтың барлық қатысушыларына оң ықпал етуде», – деді В. Путин. Екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша екі құжатқа қол қойылды. Біріншісі «Байқоңыр» кешенінде ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру тұжырымдамасы, екіншісі – Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құру тәртібі мен олардың мәртебесі туралы мемлекетаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы 1995 жылғы 23 желтоқсандағы хаттаманың Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік орган­дары­ның тізіміне қатысты бөлігі.   26-12-02 26-12-03Сауда айналымына серпін керек Бұл – екі ел президенттерінің осы жыл­дың ішіндегі төртінші ресми кезде­суі. Мұның өзі бұл көршіміздің анау-мынау емес, барлық салада да байланысы бекем, алыс-берісі ауқымды, өзара келісімі кемел сенімді серіктес екенін дәлелдейтіндей. Соңғысы, қазан айында ғана біздің елге сапарлаған Ресей Президенті Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумына қатысып, екі ел арасындағы сауда айналымын арттыруға уағдаласқан еді. Енді, міне, араға екі ай салмай, әріп­тес­тер тағы бір әңгімелесіп, келісімдерді кеңейтуді кеңесіп,  елдердің ынтымағын нығайтуға ымыраласты. Әрине, қазіргі әлемдік жағдайдың беймаза шағында қай елдің де сыртқы саудада «шекесі қызып» отырған жоқ. Соған қарамастан, Ресей Федерациясы бұрынғыдай Қазақстанның сауда серіктестерінің ішінде басты позицияны ұстап отыр. Дерек көздеріне сүйенсек, Ресейдің еліміздің тауар айналымындағы үлесі 19,1 пайызды құрайды. Оның ішінде экспорт көлемі бойынша 4-орында, импорт бойынша 1-орында. Ресей Федерациясының сыртқы сауда бойынша 2015 жылғы қорытындысында Қазақстан үлесі  3,1 пайызды құрады. Осылайша, Ресейдің негізгі сауда серіктестерінің ішінде Қазақстан 10-орын алған. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 12-орын, ал одан арғы 2013 жылы 9-орын болған. Мамандардың айтуынша, қазір жалпы елдер арасындағы тауар айналымының төмендеуі байқалады. Биылғы жылдың қаңтар-қазан аралығында тауар айналымы 8,7 млрд АҚШ долларын құрады. Яғни, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға төмендеген. Оның ішінде экспорт 30,3 пайызға, импорт  22,8 пайызға қысқарған. Қазір Қазақстанда 5,8 мыңнан астам ресейлік кәсіпорын жұмыс істейді. Ал тіркелгендерінің саны 10 мыңнан асады.   Бірқатар нысандарды аралады Қазақстан Президентінің Ресейге жұмыс сапары жексенбі күні басталған болатын. Сол күні Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Санкт-Петербургтегі бірқатар нысандарды аралады. Соның бірі – «БИОКАД» жабық акционерлік қоғамы жұмысымен танысты.  Бұл – халықаралық деңгейдегі фармацевтика саласында орны айрықша кәсіпорын. Онда дәрі-дәрмек өндірісімен қатар, биомедицина бағытында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Кәсіпорын клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде математикалық модельдеу қағидаттарын пайдаланады, ол дәрі-дәрмекті қолданудың тиімді тәсілін таңдау ықтималдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, мұнда онкологиялық ауруларға қарсы қолданылатын дәрілерге қатысты өте сәтті зерттеулер жасалған. Ал бүгінде онда адам өмірін ұзартатын да дәрілік препараттар дайындалуда. Қазір «БИОКАД» компаниясында жасалатын дәрілік препараттардың атауы қырыққа жуықтаған, сонымен қатар, бұлардың қатарын көбейтетін тағы қырық шақты өнім зерттелу үстінде екен. Еске салсақ, осыдан біраз бұрын Аста­нада өткен Қазақстан мен Ресей ынты­мақ­тастығының өңіраралық ХІІІ фору­мында осы «БИОКАД» ЖАҚ пен «Қара­ғанды фармацевтика кешені» ЖШС дәрілік заттар өндірісінің толық циклы­ның технологиялық трансфері туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл – біз­дің елде де айрықша басымдыққа ие ме­дицина саласындағы зерттеулердің ілге­рілей түсуіне ашылған тағы бір мүм­кіндік. Елбасы Санкт-Петербургтегі өнді­ріс­ке қажетті заманауи жоғары технология­лы құрылғылар шығаруда әлемде көш бастап тұрған компаниялардың бірі саналатын «Диаконт» АҚ кәсіпорнында да болды. «Диаконт» – өндірісте ғылымның тиімділігін арттыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жоғары технологиялы құрылғылар шығарумен әлемге аты әйгілі кәсіпорын. Бүгінде бұл кәсіпорында әлемдік деңгейдегі жоғары сапалы, инновациялық өнімдер шығарылады. Мәселен, диагностика мен жөндеу жұмыстарына арналған роботты техникалық кешендер, радиацияға төзімді телевизиялық камералар, атом энергиясына арналған техникалық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері сияқты құрылғылар жасайды. Қазақстанда «Диаконттың» диаг­нос­тикалық роботтары 2009 жылдан бері қолданыста. Ол «Интергаз-Центральная Азия» компаниясының жұмысына енгізілген. Сондай-ақ, радиацияға төзімді камералары бес жылдан бері Энергетика министрлігінің Ядролық физика инс­титутында нәтижелі жұмыс істеуде. Ал 2016 жылдан бері Қарағандыдағы Турбомеханикалық зауыттағы амери­калық құрылғылардың орнын осы «Диаконттың» әлдеқайда күшті әрі тиімді өнімдері алмастыра бастады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен (Ресей) Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды

ақпарат көзі egemen.kz

Ұқсас жаңалықтар