«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кие

Кие
ашық дереккөз
Кие

Киелі жануарлар– айрықша қадірленетін тіршілік иелері. Қазақ халқының дәстүрлі наным-сенімінде, әдет-ғұрпында киелі жануарлар – жақсылықтың жыршысы, берекенің бастауы, бақыт әкелуші, ырыс-құттың нышаны. Ш. Уәлиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегінде «Қазақтар киеге үлкен мән береді. ...кейбір жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажет заттарды киелі деп қастерлейді. Осы аталғандарды құрмет тұту, ырым-жорасын жасап тұру, адам баласына байлық пен бақыт, құт әкеледі деп түсінеді. Ал осы кәделерді ұстамау, киелерді құрметтемеу – жоқшылыққа душар етеді. Сондай құдіретті күші бар жан-жануарлардың киесі бар дейді, ал олардың өзін киелі деп атайды. Жан-жануарлардың киесін қадірлемеу – киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары – кесір деп аталады», – деп түсініктеме берген. Киелі жануарларды ғылыми тілде зоолатрия деп атайды. Ол гректің «zoon» – жануар «latreіa» – құрмет тұту, табыну деген сөздерінен шыққан.

Ежелгі дәуірде аңшылықпен айналысқан адамдар өздері аулайтын жануарлардың кейбіреулерін киелі санап, оларға табынатын болған. Оны сол дәуірде үңгірлер қабырғаларына немесе жартасқа қашап салынған суреттерден айқын көруге болады. Қазақ халқының наным-сенімдеріндегі киелі жануарлар көбінесе, діни ұғымдармен байланысты қалыптасқан. Халқымызда киелі жануарларға құмырсқа, өрмекші, дәуіт, тасбақа, қарлығаш, үкі, бүркіт, ұлар, аққу, дегелек, тырна, арқар, киік (ақбөкен), құндыз, төрт түлік мал жатады. Мысалы, өрмекші Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) жаудан құтқарса, ал дәуіт – құс ұясындағы жазықсыз қызылшақа балапандарды құтқарушы, қарлығаш – адамның досы, аққу – пәктіктің нышаны, тағы басқалай болып кете береді. Киелі жануарлар ұғымы дүние жүзінің көп халықтарында бар. Ол – наным-сенімнің, табиғат туындыларына деген табынудың, оны құрметтеудің, қорғаудың бір көрінісі. Солтүстік Америка мен Солтүстік Азия халықтары – аюды, Африка халқы – ірбісті, үндіс тайпалары – құндызды, еуропалықтар – дегелекті, славяндар – көгершінді, үнді халқы – сиырды, тибеттіктер – итті, қырғыздар – бұғыны, мысыр халқы – мысықты, скарабей қоңызын киелі деп есептейді. Қазақ халқында «киіктің де киесі бар», «иттің иесі болса, қасқырдың тәңірі бар» деген мақал-мәтелдер соның айғағы. Киелі жануарларды аулауға, атуға рұқсат етілмейді, оның киесі ұрады, кесіріне жолығасың» деп қастерлейді. «Ұларды атсаң – ұлардай шулап қаласың» деп түсіндіреді. Мысалы, «аққуды атпа, құндызды аулама, өрмекшіні өлтірме, ұларды шулатпа, құмырсқаның илеуін бұзба, тырнаға тиме» деген секілді сөздерді естімеген қазақ жоқ шығар?! Киелі жануарлардың кейбірін адам баласы өзінің шыққан тегі деп есептейді. Мысалы, Солтүстік Американың үндіс тайпалары өздерін құндыздан, қырғыздар бұғыдан, ал көне түркі халқы қасқырдан (көк бөрі) шыққанбыз деп, сол жануарларға табынады, құрмет тұтады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінде киелі жануарларды аулау қажет болған жағдайда тәңірге жалынып, құдайға құлшылық етіп, кешірім сұрап барып аулау керек делінеді. Мысалы, аққудың еті қажет болғанда, адам өз денесінен қан шығарып барып, үш рет: «Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ», – деп айтуы тиіс. Буаз малды да халқымыз киелі санайды. Төрт түліктің бәрі де киелі деп есептелінеді. Қамбар ата, Ойсылқара, Зеңгі баба, Шопан ата атаулары содан қалса керек. Әсіресе, жылқы мен түйенің киесі ерекше айтылады. Киелі малды ұрмайды, теппейді, киесі ұрады деп қорқады. Киелі малды сатқанда, не тарту еткенде жылқының ноқтасын, жүгенін, түйе мен сиырдың бұйдасын, бүркіттің томағасын, иттің қарғы бауын бермей алып қалады. Яғни, кие басқа адамға ауып кетеді деп қорқады. Тіпті, тұқымы үзілмей жалғасып келе жатқан жылқының сілекейін де алып қалады. Ол кие үйде қалсын дегенді білдіреді.

Ұқсас жаңалықтар