Тікелей эфир арқылы тамашалады

Тікелей эфир арқылы тамашалады
ашық дереккөз
Тікелей эфир арқылы тамашалады

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынды жамбылдықтар да тікелей эфир арқылы тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Айтулы күннің мәртебесін асқақтату мақсатында «Баласағұн» орталық концерт залы мен Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде тікелей эфир көрсетілімі ұйымдастырылған еді. Онда жиылған жұртшылық еліміздің егемендік жылдары ішінде жүріп өткен жолдарын, келешекке құрған ұзақ мерзімді жоспарларды Елбасы аузынан естіп, бір марқайып қалды. Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараның соңы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мерекелік салтанатты жиынына ұласты. Онда департамент басшысы Асқар Тынысбеков құттықтау сөз сөйлеп, саланың жеткен жетістіктері жайлы баяндама жасады. Сонымен қатар, Асқар Станиславұлы мемлекеттік кірістер саласындағы мінсіз қызметі үшін бірқатар қызметшілерді марапаттады. Ол марапаттар – Қаржы министрлігінің, мемлекеттік кірістер комитетінің, облыс әкімі мен департамент басшысының арнайы медальдары, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар. Жиында мемлекеттік органда жаңадан жұмысқа кіріскен жас мамандар ант қабылдаса, сала ардагерлері ұлықталып, олардың еңбектері ескеріліп, арнайы естелік сыйлықтар табыс етілді.

Маржан рақай, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар