«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көңілімнің көктемі

Көңілімнің көктемі
ашық дереккөз
Көңілімнің көктемі

Алмалы орта мектебінде аудандық «Шабыт» әуесқой ақындар клубының белсенді мүшесі, қарасайлық Шарапат Алтыбаеваның «Жаз көңіл менің жыр­ларым» атты поэзиялық кеші және баспадан жаңа жарық көрген «Көңілімнің көктемі» жыр кітабының тұсаукесері өтті. Аудан орталығындағы Цемзауыт Мәдениет үйінің директоры Берік Семетаев пен автордың өзара сұхбаты түрінде өрілген кештің тағылымдық мәні жоғары болды. 

Ана. Дәрігер. Ақын. Бүгінде зейнет жасындағы Шарапат Исаққызының бүкіл өмір жолын осы үш сөзбен мінездеуге болады. «Өлең сөзге құмарлығыңыз қай кезден басталды?» деген сұраққа, сонау балалық шақтан, Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы мектепте оқып жүрген кезден» екенін айтты. Сол кезде-ақ мектептің қабырға газетінен түспейтін өлеңдерінің таңдаулылары «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттерінде жарық көріп тұрады екен. Бірде мектепке келген белгілі қаламгерлер Сейітжан Омаров пен Қадыр Мырзалиев мұның тырнақалды туындыларымен таныса келе, мектеп бітірген бойда өздерін іздеп тауып, журналист мамандығына оқуға түсуге кеңес береді. Бірақ, Шарапаттың жүрек қалауы адам жанының арашашысы – дәрігер болуды ұйғарып қойған еді. Ол келін болып түскен құтты мекені – Қарасай ауылдық емханасында отыз жыл табан аудармай еңбек етті. Оны ауылдастары білікті дәрігер ғана емес, белсенді қоғамшыл қасиеттерімен де таныды. Кезінде аудандық, ауылдық кеңестерге депутат болып сайланды, аурухана кәсіподақ ұйымын, ауылдық әйелдер кеңесін де басқарды. Жұбайы Станбек екеуі төрт ұл өсірген ардақты ана. Бүгінде ұлдарының бірі – ғылым кандидаты, бірі – заңгер, бірі – ауыл әкімі болып халыққа қызмет етіп жүрсе, немерелерінің алды институт бітіріп жатыр. Биыл жазда Шәкең тұңғыш шөбересі Мағжанды мейірлене құшып, өз қолымен қарын шашып алып қырқынан шығару бақытына бөленіпті. Үлкен әріптермен жазылатын Ана ретіндегі, дәрігерлік қызметі, одан қалса қоғамдық жұмыстардағы осыншама жауапкершілікті арқалай жүріп те ол өлеңнен қол үзбеді. Қолы қалт еткенде жан тербеген сезімдерін өлең шумақтарымен кестелеп, жырмен жұптамай жаны жай таппайтын. Оның қалам тербемеген тақырыбы жоқ деуге болады. Тіршіліктің тірегі асыл Анадан бастап, Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерді қадірлеу, табиғат сырларына үңілу, шынайы махаббатты, адал достықты, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, имандылыққа үндеу тәрізді адамзатқа тән ізгі тақырыптардың баршасын қамтиды. Шәкең қырық бес жылдай бұрын табалдырығын имене аттаған шаңыраққа құт әкеліп, аузынан тастамайтын асыл енесі Оралға инабатты келін болып, ризашылығына бөленуі өз алдына. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары оның «Енем менің – анам менің емес пе!» деген бірер шумақ өлеңін аудандық газетке басуға алып келгені әлі есімде. Редакциядағы қыздар оның «Енем менің өзгеше бір сыр дастан, Келінімен өз қызындай сырласқан...» деп келетін шуақты жыр жолдарын оқып: «Ойпырай, енесін әнмен әспеттеген келінді де көрдік-ау» деп әзілдеген болатын. «Өзімді айта алмаймын айтулы ақын деп» ақталғанымен, ол «шөп те өлең, шөңге де өлең» деп қайсыбіреулерше жоқты-барды ойсыз тақпаққа айналдырып жеңіл ұйқас қуалап кетпей, өлең сөздің салмағына үлкен жауапкершілікпен қарап, нағыз ақындарша қалам тербейтін кезі де аз емес. Оның отбасылық өмір салты, жеке басының өнегесі көпке үлгі. Кезінде енесін қалай ардақтаса, бүгінде өзі төрт келініне солай қадірі өтіп, сезімін тербеген жайларды жыр шумақтарына айналдырудан жалықпайды. Өмірге ақын көзімен қарап, бәрін таза жүрекпен, шынайы сезіммен қабылдайтын оның қаламынан дүбәра дүниелер тумаса керек. Кезінде таңдаулы өлеңдері топтама жинақтарға енгізіліп, 2010 жылы «Жаз көңіл менің жырларым» атты жеке жыр жинағын оқырмандарға ұсынса, одан беріде тағы бір кітаптық туындылары хатталыпты. Шығармашылық кеште Шарапат Исаққызының сөзіне жазылған бірнеше әндер орындалды. Оның ішінде «Ауылым» әні қарасайлықтардың әнұраны іспетті, ауылдағы ешбір той-томалақ онсыз өтпейтін болған. Сондай-ақ, «Қордайым» әні күллі қордайлықтарға ортақ болса, «Анама» – күллі аналарға орнатылған ескерткіш. Аудандық Мәдениет үйінің жезтаңдай әншілері бірінен соң бірі ол әндерді нақышына келтіре орындады. Ауданның әр шалғайында тұратын ақынжанды апа-әжелер Зейнеш Әбдімәлікова, Мәрия Әбілғазина, Анаркүл Ыдырысқызы мен Шұға Әлімсейітқызы замандасын жырмен құттықтады. Шәкеңнің шәкірттерінен Айсара Өтеулинова, Қымбат Қуандықова арнау жырларын оқыды. Соңында кеш жүргізушісі бүгінгі шараның тағылымдық жақтарын атап көрсетіп, ақынжанды әже Шарапат Исаққызына аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атынан Алғыс хат тапсырды. Ш. Алтыбаеваның тұсаукесері өткен жаңа кітабы екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөліміне соңғы жылдардағы таңдаулы өлеңдері топталса, келесі бөлімі тарихтан толғап сыр шертетін, автордың өмірде өзі көрген, тағылымды істеріне куә болған игі жақсылар туралы естеліктерден тұрады. Ауылдың қадірменді қариялары Мәмбеталы Дәулетбақов пен Асық Уәлиевтің ақ батасынан кейін автор кітабын баршаға қолтаңба жазып үлестірді.

Құрманбек әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар