«Астана»-«янг бойз» 0:3

«Астана»-«янг бойз» 0:3
ашық дереккөз
«Астана»-«янг бойз» 0:3

Қазақстандық командалар үшін футбол маусымы толығымен аяқталды. Ел біріншілігі мәресіне жеткен соң Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатқан елордалық «Астанаға» үлкен үміт артқан едік. Топтан жарып шықпасы аян болғанымен, соңғы ойында швейцариялық «Янг бойзға» қарсы түзде тәуір өнер көрсететін шығар деп ойлағанбыз. Алайда ойын барысы біз күткендегідей болмады. Қос команда кездесуді салқынқанды бастады. Екі ұжым да шабуылдар ұйымдастыруға асыққан жоқ. «Астана» футболшылары негізінен қарсыластың айып алаңына допты әуелете асыруға тырысты. Ойынның алғашқы бөлігі аяқталуға санаулы минуттар қалғанда Неманья Максимович есеп ашуға шақ қалды. «Астана» командасының шабуылшысы Патрик Твумаси әуелете берген допқа өзгелерден бұрын жеткен Максимович қақпа бұрышына әдемі соққы бағыттады. «Янг бойз» командасын қазақстандық команда ойыншысы сәл ғана қисық соққы бағыттағаны құтқарып қалды. Екінші кезеңнің алғашқы минуттары швейцариялық команда футболшыларының белсенділігімен есте қалды. Ал «Астана» ойыншылары шаршай бастағандай көрінді. Қарсылас команданың шабуылшылары осы бір сәтті ұтымды пайдаланып, айналасы сегіз минуттың ішінде қазақстандық клуб қақпасына үш гол тоғытты. Алдымен 63-минутта Александр Фрай мергендігімен көзге түссе, артынша Оаро есепті еселеді. Кездесудің 71-минутында Шик мергендігімен көзге түсіп, «Астана» үшін осы маусымдағы соңғы турдың соңғы нүктесін қойды. Есеп 3:0 «Янг бойздың» пайдасында. Сонымен ағымдағы маусымда өз алаңында өткен екі кездесуде (грекиялық «Олимпиакос», швейцариялық «Янг бойз» командаларымен) қарсыластарымен тең түсіп, кипрлік «Апоэлді» 2:1 есебімен жеңген «Астана» командасы сырт алаңда өткен ойындарда ұпай иеленген жоқ. Әйтсе де, 5 ұпайға қол жеткізген қазақстандық команданың көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Енді «Астана» сырт алаңда да жеңіске жете білетін болса, алдағы маусымдарда бұдан да жақсы нәтижеге арқа сүйеуімізге болады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар