«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

АЙТЫЛМАЙ КЕЛГЕН АҚИҚАТ

АЙТЫЛМАЙ КЕЛГЕН АҚИҚАТ
ашық дереккөз
АЙТЫЛМАЙ КЕЛГЕН АҚИҚАТ
желтоқсан оқиғасының құрбаны Ләззат Асанованың құрбысы не дейді? Маған бұл әңгімені Ләззат Асанованың құрбысы, Көкдөнен ауылының тұрғыны Гүлнәр (Қасайынова қыз кезіндегі тегі) Айымбетова айтып берген. Сол бір күнгі оқиғаны Гүлнәр әлі күнге ұмыта алмаған. «...Желтоқсанның 16-сы күні 2-курстың қыздары филармонияда концерт қойып, жатақханаға кеш қайтқан. Орталық алаңдағы жағдайды естіп, біз де сонда бардық. Бұл күн тыныш өтті. Ертесіне бәріміз сол жерге тағы жиналдық. Ортамызда Ләззат Асанова да бар. Ол бірінші курста қобыз класында оқитын, мен екінші курста домбыра класындамын. Бізбен бірге көркемсурет училищесінің студенттері де алаңға шықты. Олардың арасында Әлімжан да болды. Кешкісін...» Гүлнәр бұдан арғысын айта алмай, үнсіз булықты. Үзілген сөзді күйеуі Әлімжан жалғады. «Бұл бір еске алуға ауыр оқиға. Сол күні алаң қызыл қанға боялды. Қалың нөпірге лап қойған солдаттар бір қызды соққыға жығып, көз алдымызда өлтіріп тастады. Өлген қыздың мәйітін көтеріп алған жігіттің жан даусы құлағымда қалыпты. «Көрдіңдер ме, мыналарды... өлтіріп кетті!» деген айқай алаңдағы жастардың толқуын күшейтіп жіберген. Жалаң қолды жігіттер автоматпен, дойырмен, күрекпен мұздай қаруланған түрме күзетшілері мен қара киімді арнайы жасаққа қарсы ұмтылған. Қанша ұмтылсақ та, мұздай қаруланған топты бұзып-жарып шыға алмадық. Қаракөз қыздарымыздың өжеттігін сол кезде көрдім. Осындай арпалыста Ләззат біздің тобымыздан бөлініп кетті. Біз таң атқанша алаңнан кетпей, шырша жағып, жылынып, Шәмшінің әнін ұран ғып айтып отырдық. БТР-лерден де, мұздай су шашқан өрт сөндіргіш мәшинелерден де қорыққан жоқпыз. Желтоқсанның аязы да, қақаған суығы мен ызғары да жастардың жігерін жасыта алмады», – деп ауыр күрсінді Әлімжан. Ертеңіне жаппай қудалау басталған. Гүлнәр бастаған қыздар алаңнан қашып шығып, жатақханаға әрең жеткен. Ал Ләззат жатақханаға оралмапты. Содан үш күн өткенде ғана бір-ақ келген. «Түрі сұп-сұр болып кетіпті. «Қайда болдың?» деген сұрағымызға жауап та қатқан жоқ, жатып қалды. 21-і күні қараңғы түсіп қалғанда оның бесінші қабатта терезе алдында тұрғанын көрдік. Менің қарауға дәтім шыдамады. Ол бесінші қабаттан секіріп кетті». Осыны айтқанда Гүлнәр қыстығып жылап қалды. Олар сол күйі Ләззаттың үш күн бойы қайда болғанын, не үшін жанын қиғанын білген жоқ. Оған 87 адаммен бірге Қазақ ҚСР ҚК-нің 65-бабы бойынша айып тағылып, қамалғанынан да хабарсыз еді. Естігендері оның өлімі туралы қауесет қана. Біреулер оны «көтеріліске қатысқан жоқ» десе, енді біреулер: «курстастарының 90 сом ақшасын алып, жоғалтып қойыпты» деген алыпқашпа сөздер айтып, сан құбылтқан. Ал Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен милиция қызметкерлері Ләззаттың мәйітін Талдықорған облысының Панфилов ауданына қарасты Ақжазық (қазіргі Айдарлы) ауылына 24-і күні алып барған. – Ләззаттың мәйітін ауылына жеткізген соң курстастарынан Жомарт деген жігіт екеуміз Ақжазыққа бардық. Ләззатты бірге жерлестік, бірақ адам тым аз болды. Ләззаттың шешесі Алтынай менен: «Шыныңды айтшы, бәрі қалай болды?» деп сұрай берді. Мен қайғы жұтқан анаға жарытып еш нәрсе айта алмадым. Оның бесінші қабаттан cекіріп кеткенін айтуға аузым бармады. Ләззаттың алаңда бірге болған достарын сатпай, тергеу изоляторында барлық кінәні өз мойнына алғанын ол кезде біз білмедік. Комитет қызметкерлері де жатақханаға күн құрғатпай келіп, біреулердің суреттерін көрсетіп, жаппай тексеріп жатқан кез. Әбден шошып, үрейленіп қалған студенттер тіс жарып еш нәрсе айтпауға әбден бекінген. Бірақ, құрбымды соңғы сапарға шығарып салуға бармауға дәтім шыдамады, – дейді Гүлнәр Айымбетова. Ләззаттың анасы Алтынай қызын ақтап алу үшін аянып қалған жоқ. 1997 жылға дейін қақпаған есігі қалмады. Ақыры Бас прокуратура оны ақтап шықты. «Ана тілі» газетіндегі «Ләззат Асанова көтеріліске қатысқан жоқ» деген мақала да жоққа шығарылып, ақиқат жеңді. Оған екі жолы (1997 және 2004 жылы) «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныс жасалды. Бір өкініштісі, екеуі де аяқсыз қалды. Осы оқиғаның куәгерлері Гүлнәр мен Әлімжан қазір Т. Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылында тұрып жатыр. Ал ел аузында Ләззаттың ерлігін жырлайтын ән ғана қалды. Оның сөзін Жоламан Тұрсынбаев, әнін Әбдірахман Асылбеков жазған.  

Сейсен Қожеке. Көкдөнен ауылы, Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар