үздіктер қатарында жамбылдық оғлан Олжас Сәттібаев та бар
AIBA Риодағы Олимпиада ойындарынан кейін әуесқой бокстағы он салмақ дәрежесі бойынша үздіктердің рейтингін жаңартып, қайта түзді. Естеріңізге сала кетейік, AIBA рейтинг түзген кезде боксшының барлық жарыстардағы нәтижелерін ескеріп, белсенділігіне баға бере отырып, мықтыларды анықтайды. Рейтингте қазақ боксшыларынан 69 келі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов бәсекелестерінен бәсі биік болып топ бастап тұр. Олимпиада ойындары алдында өткен әлем чемпионатында Елеусіновті жеңіп, чемпион атанған морокколық Мохаммед Рабий Риода Елеусіновтен төмен нәтиже көрсеткендігіне байланысты бір саты кері сырғып, екінші орынға орнықты. Даниярдың еншісінде 2600 ұпай бар болса, Мохаммед Рабий 2450 ұпайға иелік еткен. Екі дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 81 келі салмақтағы көшбасшымыз Әділбек Ниязымбетов 1750 ұпаймен екінші орынға жайғасқан. Бұл салмақ дәрежесінде Олимпиада ойындарының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио Сезар Ла Круз тізгінді ешкімге бермейтін сияқты. Өзі қатысқан соңғы байрақты бәсекелердің бәрінде топ жарған оның қанжығасында 3270 ұпай бар. Аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко Рио Олимпиадасында алған қола жүлдесіне сай рейтингте де үздік үштікке еніпті. Бір қызығы, бұл салмақтағы алғашқы үштік Олимпиада ойындарында иеленген орындарына сәйкес орналасыпты. Топ басында француз Тони Йока тұрса, екінші орында ағылшын Джой Джойс. 91 келі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасында алтынға бергісіз күміс жүлдені мойнына ілген Василий Левит рейтингте төртінші орынға тұрақтапты. Осы салмақ дәрежесінде Олимпиадада Левитке қарсы өткізген жекпе-жегі үлкен шуға ұласқан ресейлік Евгений Тищенко бірінші орынға лайық деп танылыпты. AIBA рейтингінде жамбылдық жампоз да бар. Ол – 52 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанған жерлесіміз Олжас Сәттібаев. Біздің оғлан рейтингте оныншы орында тұр (Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері ресейлік Миша Алоянның қанынан рұқсат етілмеген препарат табылуына байланысты рейтингтегі 10-орнын босатқан жағдайда, жерлесіміз үздік ондыққа енеді). Топ басында әзірбайжандық Эльвин Мамишадзе орналасса, кубалық Сото Вейтиа үздік үштікке еніпті. Ал Олимпиада ойындарының чемпионы, өзбек өрені Шахобиддин Зоиров бесінші орынға иелік еткен. Бір айта кетерлігі, Олжас Азия чемпионатында өзбекстандық боксшыны айқын басымдықпен жеңсе, бүкіләлемдік бокс сериясының аясында «Астана арландарының» сапында өнер көрсеткен жамбылдық боксшы ақтық бәсекеде кубалық Сото Вейтианы да ұтқан болатын. AIBA рейтингіндегі кейбір түсініксіз жағдайлардың жай-жапсары оқырмандарымызға ұғынықты болуы үшін жекелей тоқталғанды жөн көрдік. Мәселен, Олимпиада ойындарының қатысушысы, 60 келідегі өреніміз Берік Әбдрахмановтың орнына неге рейтингте Закир Сафиуллин тұр? Берік Әбдрахманов AIBA pro boxing жобасына қатысуына байланысты Азия және әлем чемпионаттары мен өзге де додаларда Закир Сафиуллин бақ сынағаны мәлім. Азия біріншілігінде күміспен күптелген Сафиуллин бірқатар жақсы нәтижелер көрсеткеніне байланысты рейтингте он тоғызыншы орынға орналасып отыр. Сондай-ақ 75 келі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы 81 келі салмақ дәрежесінде халықаралық додаларға қатыспайынша 75 келі салмақтың рейтингінде тұра береді. Әзірге ол сол салмақ дәрежесінде жетінші орында келеді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді