Екі жылда бір келетін су спорты түрлерінен Азия чемпионатында жамбылдық «Айша бибі» су добы командасының ойыншылары жасындай жарқырады. Жапонияның астанасы Токио қаласында жалауы желбіреген айтулы аламанға сары құрлықтың командалары қатысып бәсеке көрігін қыздыра түсті. Су добы, трамплиннен секіру, классикалық және синхронды жүзу секілді спорт түрлерін қамтыған құрлықтық дода тартысты өтті. 700 спортшы қатысқан додада су добынан 7 құрама бақ сынады. Қытай, Жапония секілді алпауыттарға қарсы өнер көрсеткен Қазақстан су добы құрамасының құрамын 100 пайыз жамбылдық «Айша бибі» командасының спортшылары құрайды. Алан Балфанбаев кезінде талантын танып, томағасын сыпырған «Айша бибі» арулары бұл додада ел намысын абыроймен қорғап, үздік үштіктен көріне білді. Жалпы жарыс айналмалы жүйе бойынша өтіп, шын үздіктер жинаған ұпайлары мен доп айырмаларына байланысты анықталды. Жарыстың алғашқы күнінде Гонконг командасымен топқа түскен ұлттық құрама ойыншылары 22:1 есебімен қарсыластарын жеңсе, келесі күні тайландтық арулардан 19:5 есебімен айласын асырды. Доданың үшінші күнінде біріншіліктің басты фавориттері, Рио Олимпиадасының қатысушысы Қытай құрамасымен жолдары түйіскен қазақ арулары қарсыластарына 7:8 есебімен жол берді. Аламанның келесі күнінде Өзбекстан құрамасын аруларымыз 15:4 есебімен тізе бүктірсе, бұдан кейінгі ойында алаң қожайындары Жапония аруларына үш доп айырмасымен есе жіберді. Байрақты бәсекенің соңғы күнінде Сингапур елінің бұрымдыларынан 13:1 есебімен басым түскен қазақстандық команда қола жүлдені қоржынға салды. Жарыс барысында әдемі ойын өрнегін көрсете білген Айжан Ақылбаева, Анастасия Миршиналар доданың үздігі атанды.
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




