«Арай» газетінің кубогі сарапқа салынды

«Арай» газетінің кубогі  сарапқа салынды
ашық дереккөз
«Арай» газетінің кубогі сарапқа салынды

Облыстық «Арай» жастар газетінің ұжымы облыс жастары арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырды. Сегіз мықты команданың басын қосқан доданың ашылу салтанатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбосынова, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыз бойынша меншікті тілшісі Оралхан Дәуіт, Жамбыл политехникалық колледжінің директоры Жанар Орынбаева, «Арай» газетінің бас редакторы Гүлнұр Ембердиева сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Мұнан соң дода басталып кетті. Екі топқа бөлінген сегіз команданың төртеуі жартылай финалға жолдама алды. Өз тобында қарсыластарынан бір бас жоғары болған ТИГУ командасы ақтық сын жолдамасын өңірлік коммуникациялар құрамасына қарсы ойында сарапқа салды. Тартысқа толы өткен ойында ТИГУ командасы аз ғана басымдықпен жеңіске жетті. Екінші жартылай финалда «Жастар мәслихаты» командасы құрамында Біржан Әбдіхалықов сынды сұрмерген ойыншысы бар Жамбыл политехникалық колледжімен кездесіп, айласын асырып кетті. Үшінші орын үшін өткен ойында политехникалық колледждің сайыпқырандары өңірлік коммуникациялар қызметінің жігіттерін жеңіп, үздік үштіктен көрінді. Ал ақтық ойын нағыз шиеленіскен жағдайда өтті. ТИГУ командасы ойынның бірінші бөлігінде 2:0 есебімен жеңіп тұрып, «Жастар мәслихаты» командасына 3:4 есебімен жол берді. «Жастар мәслихаты» топтық кезеңде де ТИГУ командасынан басым түскен болатын. Жалпы, бірнеше кездесуде қарсыластарына ұтылып жатып, жеңісті жұлып ала білген «Жастар мәслихаты» командасының жанкештілігіне сүйсінбеген жан жоқ. Жарыс соңында үздік шыққан командаларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» болып ТИГУ командасының мүшесі Нұржан Туғанбай танылса, «Үздік шабуылшы» аталымы бойынша бес кездесуде қарсыластардың қақпасынан 21 мәрте саңылау тапқан Біржан Әбдіхалық (Жамбыл политехникалық колледжі) марапатталды. Өзге де аталымдар бойынша үздік шыққан ойыншылар жүлдеден тыс қалған жоқ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар