«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жол азабын жүрген біледі

Жол азабын жүрген біледі
ашық дереккөз
Жол азабын жүрген біледі

Облыс әкімдігінің аппарат кеңесінде облыстық және қалаішілік бағыттардағы жолаушылар тасымалы мен қоғамдық көліктердің жай-күйі қаралып, талқыланды. Қала, аудан әкімдері мен облыс әкімдігі басқармаларының басшылары қатысуымен өткен басқосуды облыс әкімі К.Көкірекбаев ашып, жүргізді. Күн тәртібіндегі мәселеге орай, облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ә. Ахатаевтың өңірдегі қоғамдық көлік саласында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есебі тыңдалды.

Оның айтуынша, жалпы облыста үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында қоғамдық көліктермен 803,6 миллион жолаушы тасымалданып, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ол – 3, 8, ал жолаушылар айналымы 16,1 пайызға артқан. Жолаушыларға 23 тасымалдаушы мекеме 161 бағытта 1145 автобуспен қызмет көрсетіп келеді. Ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында тасымалдаушы мекемелердің автопарктерін, автобустарын, автовокзал мен автобекеттердің қысқы мерзімге дайындығы да тексеріліп, нәтижесінде 70-тен астам автобустың кемшілігі анықталып, олардың барлығы да толықтай жойылған. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде барлығы 1145 автобустың 327-інің 3 жылға дейінгі, 250-інің 3-тен 7 жылға дейінгі, 323-інің 7-ден 12 жылға дейінгі, 245-інің 12 жылдан артық пайдаланылуда екені анықталған. Баяндамашы 2011-2015 жылдар аралығында – 551, ал биыл 41 жаңа автобус сатылып алынғанын, алайда соңғы екі жылда қоғамдық көліктерді жаңасымен ауыстыру саны азайып, жанар-жағармай, қосалқы бөлшек бағасының өсуіне байланысты тасымалдаушы мекемелердің экономикалық жағдайы төмендеп отырғанын да атап көрсетті. Осы ретте келер жылдың қаңтарынан бастап тарифті есептеу әдістемесіне сәйкес облысішілік ауданаралық бағыттардағы жолақы бағасын 15 пайызға көтеру жоспарлануда екен. Өңірімізде бүгінде 90-дай елді мекен қоғамдық көлік қатынасымен қамтылмаған. Бұл істі үйлестіретін аудандық әкімдіктер тарапынан жергілікті бюджеттен субсидия қарастырылуы қажет-ақ. ҚР көлік жүйесі инфрақұрылымдарын дамыту және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын орындау және көлік қатынасын орнату бойынша аудан әкімдіктеріне тұрақты түрде хаттар жолданылғанымен, бұл істің баяу жүргізіліп жатқанын айтқан басқарма басшысы бұл мәселені осы тұрғыдағы жұмыс сапасының тиімділігін көрсететін индикаторлық көрсеткіш ретінде енгізуді ұсынды. Осы орайда облыс басшысы 568 автобустың пайдаланылғанына 7-12 жыл, тіпті одан да көп уақыт өткенін, көбі Қытайдан жеткізілген бір-ақ есігі бар көліктер екенін, халыққа өте қолайсыз болып отырғанын айта келе «Осыған байланысты тасымалдаушыларға қатаң талап қойылуы керек. Жаңа автобустар аз сатылып алынуда. Көліктері ескі болса, экологияны бұзса, тасымал ісін өте төменгі деңгейде ұйымдастырса, онда ондай тасымалдаушылардың не керегі бар?» деп, басқарма тарапынан осы тұрғыда қандай шаралар қолданылып жатқанын сұрады. Ә. Ахатаев алдын ала зерделеудің нәтижесіне сәйкес барлық тасымалдаушы мекемелерге 2017-2020 жылдар аралығында жаңа автобустар сатып алуға нақты тапсырмалар беріліп, қосымша келісімдер жасалып жатқанын, тапсырманы келісімде көрсетілген мерзімінде орындамаған бірқатар мекемелермен жасалған келісім біржақты бұзылып отырғанын жеткізіп: «Бұл іс ұдайы бақылауымызда болады» деді. Жиынның күн тәртібіне облыстағы бір автовокзал мен 7 автостансадан бөлек Тараз қаласындағы жалпы пайдаланымдағы бірқатар аумақтардағы заңсыз тұрақтардан такси мен автобустар жолаушыларды Алматы, Бішкек, Шымкент және Жаңатас бағыттарында жолаушылар тасымалдау ісін өрістетіп жатқаны да өткір қойылды. Өңір басшысы бұл мәселеге де айрықша назар аударып «Баяндамада биылғы жылдың 10 айында 1116 жол-көлік оқиғасы тіркелгені, оның ішінде 54-і тікелей автобустардың қатысуымен орын алып, 11 адам қаза тауып, 126 жарақат алғаны айтылғанын еске сала келе, «Тасымалдаушы мекемелер жүргізуші жетіспейді деген сылтаумен автокөлік жүргізгеніне жыл да толмаған, тәжірибесі жоқ жастарды 30-40 жолаушы мінген автобус рөліне отырғызуының соңы бақытсыз оқиғаларға соқтыруда. Бағзы кездері 1-сыныпты жүргізуші куәлігін бес жылдан соң әрең алатын. Бұл мәселеге назар аударып жатқан кім бар? Бүгінде арзан «Ауди» көлігімен автовокзал маңынан алыс қалаларға жолаушылар тасымалдайтындар көбейіп тұр. Ол көліктердің техникалық жағдайы қандай, жүргізушілері медициналық куәландырудан өткен бе, мұны тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Сіз мінбейсіз, қарапайым халық мінеді ондай көлікке» деп бұл орайда облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Б.Бейсеевке бірқатар міндеттер жүктеді. Облыс әкімі К. Көкірекбаев, сондай-ақ, темір жол вокзалы маңында да осындай жағдайдың орын алып отырғанын, қаланың бас қақпасы алдындағы рұқсат етілмеген аумақта таксилердің көптігі сонша, жолаушылардың еркін жүріп-тұруына да мүмкіндік жоқтығын атап өтіп, «Келер жылы ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысушылардың бірқатарын осы вокзал арқылы қабылдайтын боламыз, сондықтан бұл аумақта реттілік болғаны жөн» деп өзінің бірінші орынбасары Б. Орынбековке бұл мәселені бақылауында ұстауды, қала әкімдігі мен құқық қорғау органдарымен бірлесе ретке келтіруді тапсырды. Бұл тұрғыдағы есебінде Тараз қаласының әкімі Н. Календеров қалада қоғамдық көліктердің тиімді пайдаланылуы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, қоғамдық көлік қатынасы мен жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын қомақты қаржы бөлінуде. 2015 жылы бюджет қаражаты есебінен 1 миллиард 928,6 миллион теңге бөлініп, 14 көшеге (жалпы ұзындығы 15,4 шақырым жол және 13,6 шақырым тротуар) жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал ағымдағы жылы 2 миллиард 959,3 миллион теңге қарастырылып, 42 көшеде күрделі және орташа жол жөндеу жұмыстары атқарылып, көше қиылыстарынан оң бағытқа қарай жол төсеу жұмыстары жалғастырылып, 24 жолайрық салыныпты. Соңғы 2 жыл көлемінде 102,0 миллион теңгеге 78 жаңа аялдама, 14 жаңа бағдаршам нысаны, көшелерге 872 жаңа жол белгісі орнатылған. Нұржан Сәбитұлы, сондай-ақ, «Облыс әкімінің қалада жолаушылар тасымалымен айналысатын муниципалды мекеме құру туралы бастамасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер жасау үшін қорытынды есептер әзірленді. Автобус паркін жаңарту мақсатында Шығыс Қазақстан облысымен жасалған меморандумға сай 100 автобус алу үшін есептері дайындалды. Муниципалды парктің ашылуы жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға, автобус паркін жаңартуға, тарифті тұрақты ұстауға мүмкіндік береді» деп облыс әкімін бұл бағыттағы тапсырманың толық орындалатындығына сендірді. Қала, аудандар орталықтары мен елді мекендердегі ескірген жол белгілерін ауыстырудың, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде автовокзал маңынан, басқа да бірқатар көше қиылыстарынан әлі де бес-алты жолүсті көпірлерін салудың өте-мөте қажеттігін еске салған Кәрім Нәсбекұлы жол белгілерінің, түрлі ілме жазулардың мәтінін тексеруді облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысына, жаңғыртылуы жұмыстарын қала, аудан әкімдіктеріне жүктеді. Сондай-ақ, аппарат отырысында облыста осы аптада атқарылатын іс-шаралар жайы да пысықталды. Облыстық насихаттық-ақпараттық топтардың аудандарға баратын күні белгіленіп,Тараз қаласында 25 қарашада өткелі отырған халықаралық инвестициялық форумды ұйымдастыру ісі нақтыланды. Жиында басқа да бірқатар мәселелер қаралып, тиісінше шешімдер шығарылды.

Ұқсас жаңалықтар