Ырыс қайда барасың, ынтымаққа барамын

Ырыс қайда барасың, ынтымаққа барамын
ашық дереккөз
Ырыс қайда барасың, ынтымаққа барамын

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, хатшылықтың ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шараларына тоқталды. – Мемлекет басшысының «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет», деген сөзі біздің басты ұстанымымыз болуы тиіс. Ел тәуелсіздігін қалыптастыруда елдің ішкі саясатының басты ұстанымы ол – бірлік пен келісім құндылықтары. Біздің алдымызда ең қуатты 30 елмен иық тірестіру мақсаты тұр. Бұған татулықты ту етіп, бірлікті серік етсек қана жететінімізді ұмытпағанымыз жөн, – деді Маржан Төреғұлқызы. Ауызбіршілікті сақтау дегенімізде, медиацияны дамыту қажеттілігі де ойымызға оралады. Бұл бағытта бүгінде елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, келесі жылдан бастап, барлық мемлекеттік мекемелерде жаңа штаттық бірлік ашылып, мектептерде, жоғары оқу орындарында, тағы басқа мекемелерде кәсіби медиаторлар жұмыс істейтін болады. Ал олардың жас шамасы отыз жасқа дейін төмендетіледі. Маржан Қожаева бұл елімізде медиацияны дамытудағы тағы бір қадам екенін айтады. – Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, достық пен толеранттылық идеяларын насихаттау. Ал медиация дегеніміз, ол қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерді, даулар мен келіспеушіліктерді өзара татуластыру арқылы реттеу. Біз қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеу жолында жоғары нәтижеге жетуіміз керек деп ойлаймыз. Медиация жүйесін енгізуде әлемдік тәжірибеге де сүйене білуіміз керек. Қазіргі уақытта облысымыздағы моноқалаларда, аудан орталықтарында, ауылдық округтерде және ірі кәсіпорындарда 175 қоғамдық келісім кеңесі үйлесімді жұмыс атқаруда. Қазақстан халқы Ассамблеясының әрі қарай дамудың бір жолы ретінде қоғамдық келісім кеңестері жұмысын жандандыруды ұсынуда. Сондықтан, оған саяси партия, мемлекеттік органдар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерін тартуда. Осы арқылы оны мемлекет пен халық арасындағы әмбебап, тиімді диалогтық алаңға айналдырарымыз анық, – деп атап өтті Маржан Қожаева. Маржан Төреғұлқызы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарымен де таныстырды. – Биыл маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Еліміз үшін тарихи маңызы зор кезеңді өзіндік сипатымен ерекшелендіру үшін біз бірқатар шараларды жоспарлап отырмыз. 25 жұлдызды күн аясында барлық мақсатты топ қамтылатын түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі. Олардың ішінде түрік, дүнген, ұйғыр, шешен-ингуш, қарашай-балқар, татар-башқұрт, украин, корей, қытай этностарының күндері, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы акциясы аясында кездесулер, көрмелер, қоғамдық қабылдаулар, қайырымдылық шаралары, «Мен Қазақстаныммен мақтанамын» онлайн-акциясы, «Бүгінгі бірлік – мәңгілік бейбітшілік» тақырыбында форум, «Кемел келешекке кемеңгер Көшбасшымен» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция, балалар үйінде «Ана жанының жылуы» акциясы, «Біз – Қазақстан Тәуелсіздігінің мұрагерлеріміз» тақырыбындағы жастар акциясы сияқты бірқатар мерекелік шаралар жоспарланып отыр, – деді ол. Брифинг соңында Маржан Қожаева тілшілердің сауалдарына жауап берді.

Наурызбек сарша, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар