Қамшы саптай бұл өмір қысқа неғып?

Қамшы саптай  бұл өмір қысқа неғып?
ашық дереккөз
Қамшы саптай бұл өмір қысқа неғып?
Қуандық Шолақ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Ақын Қуандық Шолақ – 75 жаста

Қазақ әдебиетінде табиғаттың тамыршысы іспетті, ғаламның тамашасын өлең тілінде өрнектеп, жанды картина салған ақындар көп емес. Сөзден кетсе тігу, кестелі ойды оқырманға шынайы әрі нанымды етіп жеткізу де шынайы таланттың белгісі ме дейсің. Ол «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» («Ақындар провинцияда туылып Парижде өледіні» бүгінде қазақ қаламгер­лері осылай дейді) деген қағидатты жоққа шығарған шайыр. Қуандық ақын бүгінде Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында тұрады. Өзінің қоңыр әуенімен, қоңыр үнімен-ақ әдеби ортаны мойындатты. Алдыңғы буын ағалар да оның талантын жоғары бағалады. Әйгілі жазушы Шерхан Мұртаза ақын туралы «Қазақ әдебиетінде екі Шолақ бар. Оның біріншісі – Балуан Шолақ» десе, даңқты қаламгер Әбіш Кекілбаев ақынға жазған хатында «Қуандық! Сөз сапырмай, нақты, көркем жазады екенсің! Жаза түс, халқыңның көңілін таба түс!» деп пікір білдіріпті. Табиғаттың жыршысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық ақын бүгін мерейлі 75 жасқа толып отыр. «Ақынға қаламыңыз тоқтамасын, оқырманыңыз жоқтамасын!», – дей отырып, патша көңілді оқырман назарына бір топ өлеңдерін ұсынғанды жөн көрдік.

Үйірінен адасқан саяқтаймын

Болғанымен басында үміт, талап, Қиын екен қонуы жігітке бақ. Алматылық болсам деп ұмтылғанмен, Ұша алмадым құс сынды сынық қанат.

Көктем келмей бермейді бақ та гүлдей, Болмаса ауа жана ма отта гүрлей. Сол секілді ауылдың құлан-аяң, Құлагерін кім таныр, топқа кірмей.

Балапандай кезімнен балғын қанат, Танытқандай тағдырым солғын қабақ. Қысқалығы қолымның мысым басып, Жібермеді кес-кестеп алдымды орап.

Жетегіне алғанмен жігер мені, Жалғыздық пен жетімдік шідерледі. Тауға ұрсам да басымды, тасқа ұрсам да, Жібермесім қайтейін, жібермеді.

Көтергенмен кеудесін неше арманым, Дәрменсіз ем, мәселе шеше алмадым. Арман болған нұрлы орта, жырлы ортаға, Дәм тартпаған шығар-ау көше алмадым.

Көңілімді жаулаған күй ырғағы. Секілденген Алматы миымда әлі. Төредей боп төрінде тірі де, ірі, Жыр жазар ма ем, қайтейін, бұйырмады.

Өкшелеген өкініш – салдақы мұң, Берер емес әлі де жанға тыным. Алғы лекте алшаңдап жүрер ме едім, Бола алмадым ақыны Алматының.

Елде қалдым аясын қырсық кімді, Жаман туыс өсегі мүңкіп түрлі. Қадірлеудің орнына күншілдікпен, Жалбыратып жағамды жыртып тынды.

Орнағандай болып жүр басыма түн, Жағдайым жоқ таситын, тасынатын. Жалп өшем, сірә, дем бермесе, Әруағымен Төлеген, Қасым ақын. Кімге дәрі бұл күнде елеусіз бір, Ауылдағы ауызы сасық ақын.

Дара дарын, кең толғар кемел емен, Айта алман деп өрелі, өнегелі ем. Ал, алтынның сынығын әйтеуір бір, Көретін көз болар деп дәмеленем.

Шықпайтынын кім білмес таң атпай күн, Біле тұра елегізіп, алақтаймын. Сардалада сабылып сағым кешкен, Үйірінен адасқан саяқтаймын.

Тең келмейді өзіңе

(Ө. Жәнібековтің рухына)

Текті ұрпағы секілді бай, шораның, Қазығы едің қазақы ой, сананың. Неткен нәзік жүрегің үлбіреген, Гүлдеріндей көктемгі сай-саланың. Кескегінен кеңестің сескенбеген, Еміреніп елім деп ескен леп ең. Тұрақтапсың төріне көңілдердің, Көз нұрыңның шырағы өшкенменен.

Ұлтыңның ұюы еді аңсағаның, Қай ісіңді тәптіштеп тауыса аламын. Көне әлемді ісімен тірілткендей, Тірлігі бар өзіңдей қайсы ағаның?!

Қазағының арманды жанын ұққан, Атар талай өзіңді сағынып таң. Өзегіне өнердің қан жүгірткен, Орның биік Өзағам бар ұлықтан.

Жіті көзбен тасқа да, құмыраға, Қарап келмес ұлтсызбен ымыраға. Кісімсінген күшеншек көбіктердің, Тең келмейді өзіңе бірі де аға.

Ұлт мүддесін көтерген иықтымсың, Болсын, болса сендей-ақ сүйікті ұл шын. Мәңгілікке мәдени мұрамды бар, Табыстаумен тарланым биік тұрсың.

Бұралқы күшік

Сұғанақ деп, ұры деп кінә артылып, Жанарында нала, мұң тұрар тұнып. Жас күшіктің ауылда қыр соңынан, Көлеңкедей қалмады бұралқылық.

Жұдырықтай күшікті бәлесініп, Тас атады баланың бәрі өшігіп. Шәу-шәу етіп құйрығын қысып алып, Бір уыс боп жүргені зәресі ұшып.

Жуындыны көрмегені батып ішіп, Сақтанса да секемшіл запы күшік. Басынғаны-ау, ауылдың бар иттері, Азу тісін қалады батырысып.

Қандай ғана пәлеге шатылды ірі, Қыңсылайды шығардай ақырғы үні. Қан-жоса ғып тулақтай сүйреткілеп, Күлге аунатып төбеттің жатыр бірі.

Көңіліне бір түспей күн шуағы, Осы болып өмірдің сый сымағы. Қаскөйлердің аузынан қашып шығып, Аулақ барып тым ұзақ қыңсылады.

Жанай өткен жасқанып жәй кісіден, Қашып-пұсып жүргені байғұс мүлдем. ...әділетсіз ортада әлсіздердің, Кішілердің қашанда қайғысы үлкен.

Оңашадағы ой

Жан емен үзеңгісін жүрген шірей, Қалпым бар қабаржыған мұңлы елшідей. Жазылған жырларымның біріне де, Келеді қу көңілім бір көншімей.

Жасындай жарқ-жұрқ еткен нұрды енші ғып, Мақсат сол – көңілдегі гүлденсе үміт. Үңілем жыр тініне жасырынған, Жоқ па деп өн бойында бір кемшілік. Сырт көзге көрінгенмен көңіл дардай, Арманның өртті өзегі кебір қандай? Жыр деген кәусар болса со шіркінге, Келеді әлі де бір шөлім қанбай.

Дәмем бар...

Келешектің керуеніне алаңдар, Маған бәлкім күлерсіңдер, жарандар. Генералдық шен аңсаған сарбаздай, Атақ, мансап, лауазымнан дәмем бар.

Жасын жанар, жігерлі ер санаңдар, (Артық айтсам тақияма қоғам тар). Шау тартқам жоқ, шабытымның шағы бұл, Жиырма бестің көңілінен дәмем бар.

Басы бүтін билеп алған санамды ар, Өзгелерге өзіме тән бағам бар. Патша көңіл не дегізбес керексе, Патшалықтың өзінен де дәмем бар.

Жырдан ләззат алар адал жан аңғар, Түйінінен түйсігіммен табам нәр. Ұрпақтарым ауызынан тастамас, Мәңгіліктің ауылынан дәмем бар.

Кәрілік туралы жыр

Кешегі рең, кешегі арын, күш қалған, Күткендеймін бір құбыжық сұсты алдан. Жылдар мүжіп жұқартқасын бүгінде, Қаламдаймын көп ұшталып, қысқарған.

Жүрек әлсіз, қыздырмайды шоқ тәнді, Бел бүгіліп, пышақтай боп жақ қалды. Кібіртіктеп әрең жүрем шойнаңдап, Көкбөрідей сүйреп жүрген қақпанды.

Қашсаңдағы жеп тынармын түбінде, Деген зәрлі құлақ тосам бір үнге. Қаратауды қап-қара бұлт басқандай, Үмітімнен күдік басым бүгінде.

Көңілімнің кір шалғандай шашағын, Жылы суға жиі қолым тосамын. Тізелерім кілт-кілт етіп мамырлап, Аяғымды аңдап-аңдап басамын.

Хал осылай, қалай ғана мақтаймын, Кемпіріме кейде ымдасам жақпаймын. Үй жанынан ұзай алмас тулақ боп, Арығы асқан арқандаулы аттаймын.

Жоқ кешегі перілік пен серілік, Үміт отыр кері кетіп, шегініп. Топшысына тас тиген бір дәрменсіз, Құс секілді екенсің ғой кәрілік.

Жоқ кешегі перілік пен серілік, Жем түскен бе аяғыңа өр үміт. Түсінігі төмендерден жасқанған, Жетім бала екенсің ғой кәрілік.

Кеше шыққан заманымның төрі ұмыт, Азынаған шақыра ма көр ұлып... Ажал деген арыстанның аузына Өзің сүйреп келесің-ау кәрілік.

Кеше көрген қызықтардың бәрі ұмыт, Дей алмаймын қадамдарым әлі нық. Қорғасындай салмағымен тұқыртып, Көк желкемнен мұң басқан ба кәрілік?!

Тартылғандай аңсар, арман нәрі бүт, Көңілімнің күн түспестей төрі бұлт. Қайта ұша алмас қанаттары қырқылған, Ата қыран екенсің ғой кәрілік. ...Бәрі де өткен, мәңгі өмірде тұрар кім? Ажал келсе мен де мойын бұрармын. Жатсам-тұрсам Жаратқаннан тілеймін, Отаныма, ұрпағыма ешқашан, Бермегің деп қаралы аспан, мұнар күн.

Өмір деген...

Әрбір сәті қуаныш, бақ көрінген, Шашыраған шұғыла шат көңілден. Сексеніңді алқымдап қалсамдағы, Ажырағым келмейді тәтті өмірден.

Жетелейтін жарықсыз тұсқа бағыт, Қамшы саптай бұл өмір қысқа неғып? Ажырағым келмейді арман атты, Ақ боз аттың жалынан ұстап алып.

Алыс емес ап тынар көмбе бүгін, Бола қоймас ұзақтау енді өмірім. Тағы да он жыл берсең деп отырғаным, О, Жаратқан, әрине пенделігім.

Лақтырыппын он сегіз гүлін шоққа, (Ажал ерте тап келер ұрыншаққа) Тоба деумен келемін тіршіліктен, Жатқанда өтіп жасамыс, құлыншақ та.

Ұқсап доғал, келте ойлы надандарға, Іс тындырдым демеймін шамам барда. Не жазылса маңдайға сол болады, Жаратқанның ісіне амал бар ма?!

Жазғы жайлы, айлы түн

Еске салып есіктен сығалаған жетімді, Жыпық жұлдыз жымсиып түрге енеді не түрлі. Бұлт астынан қызыл ай шыға келді қып-қызыл, Қақ жарылған қарбыздың жарты беті секілді. Балапандар-жұлдыздар шүпірлескен таң алды, Аралап жүр ақырын бұлт деген көгалды. Көзімді ашсам жұмғанша саусағымнан сусыған, Бір суыртпақ ақ жіптей ақ нұр лезде жоғалды.

Алды артынан кес-кестеп тұрса да бұлт көлбеңдеп, Ай қарайды аспаннан айдын көлге телмеңдеп. Арасынан асығыс орғып қоян өткенде, Үркітеді бір-бірін бұта біткен ербеңдеп.

Алакөбең айнала, тұрғанмен ай шашып нұр, Әлденені тағатсыз отырғандай тосып қыр. Жарға біткен жалғыз тал көлеңкесін өзінің, Қарсақты алған қырандай көкжелкеден басып тұр.

 

Ұқсас жаңалықтар