«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ас – адамның арқауы

Ас – адамның арқауы
ашық дереккөз
Ас – адамның арқауы

Мектептерде оқушылар үшін ыстық тамақты ұйымдастырудың әлеуметтік мәні бар. 2015 жылы Білім және ғылым министрлігінің орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларын бекітіп, ақылы және тегін тамақтандырудың тәртібін белгілеуі де сондықтан. Өңірлерде білім мекемелерінің асханасын жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету, оның санитарлық жағдайы бақылауға алынған. Бұл мәселенің облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде қаралуы – оның аса маңыздылығын көрсетеді.

Өңір тұрғындары үшін әлеуметтік мәні зор мәселені талқылаған аппарат кеңесі өткен аптада орын алған ауыс-түйісті, яғни, жаңа тағайындалған басшыларды таныстырудан басталды. Кәрім Нәсбекұлы облыстық жер қатынастары басқармасына бұған дейін Сарысу ауданының әкімі қызметін атқарып келген Бейбітбек Жайлыбаевтың, ал сол ауданға Тараз қалалық мәслихатының хатшысы болған Балабек Нарбаевтың тағайындалғанын айтып, жаңа басшылардың өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаратынына сенім білдірді. Орта мектептердегі білім беру үдерісін ұйымдастырудағы ең бір маңызды шаралардың бірі – тамақтандыру. «Ас – адамның арқауы» деген қазақ аурудың да астан келетінін айтқан. Сол себепті де, мектептерде асханамен қамтамасыз ету өз алдына, олардың талапқа сай жабдықтау да – ұдайы бақылауда. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова өңірдегі мектеп-интернаттарды қоспағанда 444 мектептің 390-ында оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бағытталған асханалар барын айтады. Олардың 297-сі типтік, 93-і ыңғайластырылған көрінеді. – Бүгінгі күні облыс бойынша 189 586 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Яғни, барлық білім алушылардың 91,3 пайызы. «Білім туралы» Заңның 6-бап 4-тармағында көрсетілгендей, жалпы өңірде мектеп оқушыларының жекелеген санаттарын тегін тамақтандыру жұмыстары ұйымдастырылған. Міндетті оқу қорынан бөлінетін қаржы арқылы 27850 аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасылардың балалары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылуда. Биыл әлеуметтік қорғалмаған оқушыларға көмек көрсетуге және жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы ұстауға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 487 миллион 548 мың теңге бөлінген. Қаржы көлемі 3,8 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш аудандарда: Қордайда – 6,1, Жуалыда – 5,6, Таласта – 5, Сарысуда – 3,5, Байзақта – 3,2, Тараз қаласында 4,7 пайыз болса, Мойынқұм, Меркі, Шу, Т. Рысқұлов, Жамбыл аудандарында төмендеу, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы. Басқарма басшысының айтуынша, жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржының 1 миллиард 117 миллион 951 мың теңгесі ыстық тамаққа бөлінген екен. «Жалпы, міндетті оқу қоры үшін бөлінетін қаржы әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға киім-кешегі мен тамақтандыруға, жазғы сауықтыру шараларын ұйымдастыруға жұмсалады. Соның бір пайыз көлеміндегі мөлшері бір мезгіл оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қарастырылуы тиіс болса, кейін бұл соманы мүмкіндігінше 3 пайызға дейін көтеру тапсырылған», – деп түсіндіреді басқарма басшысы. Бір жақсысы, өңірімізде мектеп оқушыларының тамақтан улану жағдайы тіркелмеген екен. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мәліметіне сүйенсек, мектеп асханаларында мұндай келеңсіздік орын алмаған. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аудан әкімдері мен басқарма және бөлім басшыларына мектептердегі асханаларды электр пештермен жабдықтауға баса назар аударып, балалардың қауіпсіздік мәселесін қатаң қадағалауда ұстауды тапсырды. Алматыдағы өрт кезінде студенттердің қаза болғанын тілге тиек етіп, жастардың өміріне барынша жауапты қарау қажет екенін ескертті. Мектептердегі қазандықтардың жай-күйі, өрт қауіпсіздігі сақталған-сақталмағанын қайта тексеріп, кемшіліктер болса, оны жою керектігін айтты. Кәрім Нәсбекұлы жыл аяқталуға жақын қалғанын айтып, аудан әкімдері мен департамент, басқарма басшыларына бюджет қаржысын игеру мәселесін назарда ұстауды тапсырды. Облыстық қаржы басқармасындағы 1 қарашадағы мәлімет бойынша бюджет қаражатының 97,9 пайызы игерілген болса, 4 миллиард теңге игерілмей қалған екен. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз өңірлер арасында 8-орында тұрақтаған, дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Батырхан Әкек. Игерілмеген қаржыға кейбір трансферт-тердің әлі аударылмауы секілді түрлі жағдайлар да себеп болуы мүмкін. «Игерілмеген қаржы қазынаға қайта қайтарылады. Бүгінгі қатаң талап осы. Сондықтан, тиісті мекеме, басқарма, аудан басшыларына қаржы мәселесінде жұмысты қайта пысықтау керек», – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Жиын соңында өңір басшысы жексенбі күнгі желден кейінгі жағдайды сұрады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев электр жарығына қатысты 13 өтініш түскенін айтты. Бұл күні анау айтқандай үлкен мәселе туындамапты.

Ұқсас жаңалықтар