«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Даниядан дәметіп едік, болмады

Даниядан дәметіп едік, болмады
ашық дереккөз
Даниядан дәметіп едік, болмады

Ұлттық құрама ұландары дат елінде ойсырай ұтылды

Футболдан 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде бақ сынап жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы екінші рет қарсыластарына ойсырай ұтылды. 1992 жылғы Еуропа чемпиондары Дания құрамасына қонаққа барған қазақ жігіттерінің бойынан жеңіске деген құштарлықты байқай алмадық. Төреші ысқырығы естіле салысымен алдыға лап қойған дат футболшыларының екпінінен біздің қорғаушылар кәдімгідей сасып қалды. Десе де, олардың алғашқы әрекеттері атап айтарлықтай қауіп төндірген жоқ. Әйткенмен, сәт сайын біздің қорғаушылардың зәресін алған даниялықтар жылдам гол соқты. Кездесудің 15-минутында әуедегі допқа өзгелерден бұрын жеткен Андреас Корнелиустың баспен бағыттаған соққысына қақпашы Стас Покатилов тосқауыл бола алмады. Есеп – 1:0. Дегенмен, Дания құрамасының қуанышы ұзаққа созылмады. Араға бір минут салып, қарсы шабуыл ұйымдастырған Қазақстан ұлттық құрамасының жігіттері таразы басын теңестірді. Сол аяғымен айып алаңның сыртынан шірене тартқан Гафуржан Сүйімбаевтың тамаша соққысын даниялықтардың қақпашысы тоқтата алмады. Енді кем дегенде осы есепті ұстап тұрсақ деген арманның жетегінде отырғанбыз. Алайда, бүйректен сирақ шығарған төреші бірінші кезең аяқталуға санаулы минуттар қалғанда қақпамызға 11 метрлік айып соққысын белгіледі. Бұрыштамадан берілген допқа талас кезінде Елдос Ахметов Томас Диланиге қарсы ойын ережесін бұзды. Шыны керек, ешқандай қауіп жоқ сәтте мұндай таластарды мықты төрешілер назардан тыс қалдыратын. Әсіресе, ағылшын премьер-лигасының төрешілері әуедегі допқа талас кезінде майда-шүйде текетірестерге назар аудармайтын. Алайда, бұл жолы төреші өз дегенінен қайтпады. Нүктеге беттеген Кристиан Эриксен есептегі басымдықты даттардың пайдасына бұрды. Үзілістен кейін қазақ жігіттері шаршап қалғандай көрінді. Бәлкім, алғашқы кезеңдегі төрешінің әділетсіздігі де психологиялық тұрғыдан кері әсер еткен шығар. Әйтеуір, жігіттеріміз аяқтарына тас байлап алғандай көрінді. Есесіне Дания құрамасының футболшылары есепті еселеуге бар күштерін салды. Мақсаттарына жетті де. Ойынның жетпіс сегізінші минутында Анкерсен есепті 3:1-ге жеткізсе, кездесудің соңғы минутында Эриксен дубль авторы атанып, қорытынды нәтижені тіркеді. Есеп – 4:1. Осыған дейін екі кездесуде тең түскен отандастарымыз «E» тобында екінші ірі жеңілісіне (бұрын Черногорияға 0:5 ұтылған) тап болды. Ал осы топтың тағы бір аутсайдеріне саналған Армения құрамасы көзсіз ерлік жасады. Черногория құрамасына 0:2 есебімен жол беріп жатқан армениялықтар ойынның екінші бөлігінде үш гол соғып, жеңісті жұлып алды. Осылайша турнир кестесінің тұңғиығына батқан Армения жігіттері маңызды үш ұпайды иеленіп, біздің құрамадан озып кетті. Енді Қазақстан – көш соңында. Мешін жылын соңғы орында аяқтаған біздің жігіттер енді келесі жылдың 26 наурызында Арменияға қонаққа барады. Басты қарсыластарымызды қалайда жеңуге тырысу керек. Әйтпесе, «мәңгілік аутсайдер» атанып қалғанымыз қалған...

Табиғат Абаилдаев  ақжол

Ұқсас жаңалықтар