2004 жылы Афинадағы Олимпиадада ауыр атлетикадан 77 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл жетістік оны Қазақстанға ғана емес әлемге әйгілі етті. Еліміздің спортының тарихында есімі алтын әріптермен жазылған атлет Сергей Филимонов қазір қайда жүр? Немен айналысып жүр? Жұлдызды сәтінен кейінгі өмірі қалай өрнектелді? Оны бір кездері бәрі құрмет тұтты, үлгі алды. Жас спортшылар мен буыны енді қатып келе жатқан жеткіншектердің кумиріне айналды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, әлем рекордының иегері атанды. Екі Олимпиадада қатарынан ел намысын қорғаған даңқты спортшы. Сиднейде өткен дүбірлі додада төртінші орынға тұрақтаса, Афинада жеңіс тұғырына көтерілді. Бұдан бөлек Еуропа мен Азияның чемпионы деген атағы тағы бар.
Олимпиадаға дейін
Сергей Филимонов 1975 жылы 2 ақпанда Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан әжесінің қолында өскен. Қамқор әже Вера Пантелейқызы «немерем бұрыс жолға түсіп кетпесе екен» деген ниетпен оны ауыр атлетика үйірмесіне жаздырады. Ол кезде болашақ чемпион бар болғаны 9 жаста еді. Сөйтіп, ең алғашқы жаттықтырушысы – Лазарь Доннан зілтемір көтерудің қыр-сырын үйрене бастайды. Бірнеше спортшыны баптап, додаға қосқан Дон оны алғаш көргенде-ақ болашақ жұлдыз екенін бірден аңғарыпты. Жаттықтырушының сенімі алдамаса керек-ті. Сергей 13 жасында-ақ жеңісті жолын бастайды. Спорттағы жолы оны Еуропаның, Азияның чемпионы деген биіктерге дейін көтерді. Ал 29 жасында ең зор нәтиже – Олимпиада шыңынан көрінді. Афинада өткен әлемдік бәсекеде күмістен алқа тағынды. Бұл жетістігі үшін ақшалай сыйлық және Алматы қаласынан 3 бөлмелі пәтер табысталды. Бірақ, қарапайымдылығына дардай атағы бұғау салмаған миллиондардың кумирі миллондардың қаласында қалмай, туған жері Үштөбеге қайтуды ұйғарады.
Олимпиададан кейін
2005 жылдың 2 тамызы даңқты спортшының өмірін күрт өзгертті. Дәл сол күні ол Үштөбе – Талдықорған тас жолында 23 жасар велосипедшіні қағып кетеді. «Өте қараңғы еді. Оның жолға қалай шыға келгенін аңғармай қалдым. Түк көрінбеді. Ештеңені байқамауыма қарама-қарсы келе жатқан көліктің де ықпалы болды» – деп Сергей сол күнгі оқиғаны көңілсіз еске алады. Велосипедші оқиға орнынан дереу ауруханаға жеткізіледі. Өкінішке қарай, көп ұзамай қайтыс болады. Сергей оның барлық жерлеу рәсіміне қажетті қаржыны өтеп, отбасына бар көмегін көрсетеді. Спортшының адал ниетін байқаған болуы керек, бағына орай, қайтыс болған жігіттің жақындары оған өз кешірімдерін береді. Дегенмен, осы қайғылы жағдайдан кейін жұлдызды спортшының өмірі өрден төмен қарай құлдилай бастайды. Жақындары да, достары да, әріптестері де, тіпті, жан-жары да одан теріс айналады. Ешқандай қолдаушысы, арқасүйері қалмаған ауыр атлет өз-өзін ащы сумен жұбатуға көшеді. «Тіпті, Алматыдағы пәтерімді де «ішіп қойдым», ал мүлде жалғыз қалған кезімде күміс медалімді жаттықтырушыма беріп, өзім Ресейге, тәтемнің жанына кетіп қалдым» – дейді ақырын ғана Сергей. Ресейдің Кемер облысында жүк көлігінің тізгініне отырып, көмір тасумен айналысады. Осы кезең оның қайта ес жиюына, қалыпқа келуіне көмегін тигізеді. 2007 жылы ғана «Құрмет» орденінің иегеріне іздеу салынып, еліне қайта оралуын сұрайды. Ол да көп қарсыласпай, өз туған жеріне келіп, жаңа өмір бастауға шешім қабылдайды. Спортқа да қайта оралады, алайда… Бірнеше жылдық үзілістен кейін қалыпқа келу оңайға түспеді. Жаттығуды қайта бастаған спортшының аяғы сыр беріп, ауыр атлетикамен біржола қоштасуына тура келеді. Бұл жағдай да Сергейдің қайта тұтанған үміт отына су бүркігендей болды.
Тағы да күйзеліс
«Мен бір ғана нәрсені ұқтым, белгілі бір дәрежеге жетіп, жоғары нәтиже көрсеткен кезде сен бәріне керексің. Ал сәл құлдиласаң, қажетсіз нәрседей тізімнен ысырылып қаласың. Маған дәл солай жасады. Бірақ, мен ешқашан ешкімге өкпелемеймін. Осы жағдайлардың бәрін басымнан өткеру тағдырыма жазылған шығар. Бұл – менің өмірім, менің жолым. Мен даңқтың шыңына көтерілдім, ел мені таныды және дәл солай төмендетті», – дейді Сергей Филимонов.
ikerim.kz сайтынан алынды.
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді