Белгілі боксшылардың жоспары әзірге... белгісіз
- author «Ақ жол»
- 7 қараша, 2016
- 282
Республикалық «vesti.kz» порталы «Олимпиада ойындарына қатысқан бірқатар боксшыларымыздың алдағы уақыттағы жоспары қандай?» деген сауалға жауап іздеп, 49 келі салмақтағы әлем чемпионы Біржан Жақып, 52 келі салмақтағы Азия чемпионы, жерлесіміз Олжас Сәттібаев, 60 келі салмақтағы саңлағымыз Берік Әбдірахмановтың қазіргі жағдайына жан-жақты тоқталып, алдағы уақытта қандай жоба аясында рингке шығуға ниетті екендіктерін де біліпті. Портал тілшісі алдымен Берік Әбдірахмановпен тілдесіп, мәселенің анық-қанығын боксшының өзінен сұраған. «Мен алдымен федерация кубогі жолындағы жарысқа дайындалып жатырмын. Жартылай финалдық бәсекеде өнер көрсетеміз. Қалғанын кейін көре жатамыз» деген Берік Әбдірахманов кәсіпқой боксқа ауысу туралы, Аiba pro boxinq жобасында бокстасып және ұлттық құрамаға қайта оралуы хақында да ойымен бөліскен. «Кәсіпқой боксқа ауысу туралы әзірге ой жоқ. Бапкерлер өз бағымды сонда сынап көру туралы ұсыныстар айтса, қарастырып көреміз. Ал Аiba pro boxing жобасы жайлы әзірге ақпарат жоқ болғандықтан ештеңе айта алмаймын. Қатысуға рұқсат беріліп жатса, бақ сынаудан бас тартпаймын. Ұлттық құрамада қазіргі таңда жас боксшылар баршылық. Олар өз мықтылықтарын көрсетулері керек», – дейді Олимпиада ойындарының қатысушысы алдағы жоспары туралы ойын білдіріп. Ал жерлесіміз Олжас Сәттібаевтың алдағы жоспарлары туралы кәсіпқой бокстан бұрынғы әлем чемпионы, Жамбыл бокс клубының басшысы Марат Мәзімбаев өз пікірін білдіріпті. «Олжас қазір жаттығып жүр. Қазақстан чемпионатына қатысып қалуы да ықтимал. Алайда, әзірге белгісіз. Aiba pro boxing немесе бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) аясындағы жарыстарда рингке шығуы мүмкін. Бірақ, жүз пайыз сеніммен айта алмаймын. – Ол соншалықты жасы келген боксшы емес қой... – Иә, ол жасы келген спортшы емес. 28 жастағы боксшының әлі де жұдырықтасуға шамасы жеткілікті. Олжасты мықтылар қатарынан сызып тастауға болмайды. – Олимпиада ойындарында Олжас нашар бокстасты деп те айта алмаймыз... – Мен Олжасты әзірбайжандық боксшыға есе жіберді деп айта алмаймын. Меніңше Олжас кейбір сәттерде тіпті басым түсті. Келесі жекпе-жегінде өзбек боксшысымен қолғап түйістіруі тиіс еді. – Олимпиада ойындарынан кейін Олжаспен сөйлестіңіз бе, ол не деді? – «Мен жеңіске жету үшін бар күшімді сарқа жұмсадым, жеңілмегенімді сезінемін», – деді ол. Мен, әрине, қолдадым. Ол шынында да бар күшін рингте қалдырды. Бәлкім нокдаун болғанда жеңісті Олжасқа берер ме еді. Алайда, жеңіл салмақта боксшылардың қазіргі қолғабымен қарсыласты естен тандыру қиын. – Олжас кәсіпқой боксқа ауысу туралы ойлай ма? – Әрине, ойланып жүр. Көреміз. Жақында ел чемпионаты өтеді. Сол жарыстан соң бәрі түсінікті болуы тиіс. – Теориялық тұрғыдан алғанда шамамен желтоқсан айында боксшының шешімін білетін шығармыз? – Иә, бәрі де мүмкін. Қазір Aiba pro boxing жобасында да, кәсіпқой бокста да өнер көрсете беруге болады. Барлық жақта жол ашық. Марат Мәзімбаев өз ойын осылайша білдіріп отыр. Ал бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов өзге жобаларға қатысуына байланысты ұлттық құрамадан кеткен боксшылар аты аталған жобалар жалғасын таппаған жағдайда ұлттық құрамаға қайта оралу мүмкіндігі бар екенін айтады. «Біз ешкімді құрамадан аластатқан жоқпыз. Қалап жатса, оралуларына болады. Бірақ, біздің боксшылар ұлттық құрамаға ел чемпионатындағы іріктеуден өту арқылы қабылданады. Ол додаға аз ғана уақыт қалды. Жарысқа аты аталған боксшылар қатысудан бас тартып отыр. Сондықтан, ол жігіттер әзірге ұлттық құраманың сапына ілінбейді», – дейді. Бас жаттықтырушының сөзінен ұққанымыз, Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартқан боксшылар келесі жылғы біріншілікте өздерін жақсы қырынан көрсету арқылы ұлттық құрамаға орала алатын көрінеді.
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді