«Тараз» бен «Алтайдың» қайсысы премьер-лигаға лайық?
Футболдан Қазақстан премьер-лигасы да өз мәресіне жетті. Біріншілік барысында 10 мәрте жеңіс тойын тойлап, бес ойында қарсыластарымен ұпай бөлісіп, 17 кездесуде жеңілістің ащы дәмін татқан «Тараз» футбол клубы он бірінші орынға тұрақтады. Жалпы алғанда, соңғы тур «Тараз», «Ақжайық», «Жетісу» үштігінің қайсысы премьер-лигада қалуы мүмкін?» деген сауалдарға жауап берді. Өз алаңында қарағандылық «Шахтерді» қабылдаған «Тараз» ойыншылары үшін жеңіске жету аз болатын. Премьер-лигада тікелей қалуы үшін Оралдың «Ақжайық» командасын қабылдаған талдықорғандық «Жетісу» жеңілмеуге тиіс еді. Өкінішке қарай, «Жетісу» «Ақжайық» командасына жол беріп, келесі жылы бірінші лигада ойнау құқығына ие болды. «Тараз» қарағандылық «Шахтерге» қарсы ойынды тәп-тәуір бастады. Қос қапталдағы ойыншылардың белсенділігі көзге ұрып тұрды. Әйткенмен, алма-кезек шабуылдармен жалғасқан бірінші кезеңде жерлестеріміз қарсыластардың қақпасына гол соға алмады. Есесіне екінші таймға аш бөрідей шыққан жамбылдық команданың ойыншылары кездесудің 54-минутында есеп ашты. Малик Маненің асырған добына өзгелерден бұрын жеткен Давронжон Эргашов мергендігімен көзге түсіп, жанкүйерлерді желпінтіп тастады. Әйтсе де, арада 19 минут өткен соң «Тараздың» қақпашысы өрескел қателікке бой алдырды. Қақпадан ұзап кеткен Кирилл Короткевичтің қателігін ұтымды пайдалана білген «Тараздың» бұрынғы футболшысы Деслей Уббинк таразы басын теңестіріп кетті. Алайда, «Шахтердің» қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Арада үш минут өткен соң «Тараз» футболшылары жеңіс голын соқты. Александр Кировтың соққысына кеншілердің қақпашысы тосқауыл бола алмады. Қорытынды есеп 2:1 «Тараздың» пайдасында. Бұл жеңіс жанкүйерлер үшін жақсы әсер сыйлағанымен, жерлестеріміздің премьер-лигада тікелей қалуына сеп бола алмады. Жоғарыда айтқанымыздай, «Жетісу» өз алаңында жеңіліске ұшырады. Әйтсе де, «Тараз» футболшылары үшін премьер-лигадағы орнын сақтап қалатын тағы бір мүмкіндік бар. Ол үшін жамбылдық ұжым бірінші лигада екінші орын иеленген Шығыс Қазақстан облысының командасы «Алтайды» жалғыз жолдама үшін өтетін тартыста жеңуі керек. Жамбылдық команда үшін не бел, не белбеу кететін осы ойын бейтарап алаңда, яғни, Астана төрінде өтеді. Бірінші лигада жасындай жарқырап ойнаған «Алтай» командасы тек қызылордалық «Қайсарды» ғана алдыға жіберіп, екінші орынға тұрақтаған болатын. Шығысқазақстандық команданың сапында тәжірибелі ойыншылар жеткілікті. Кезінде Шығыс Қазақстан облысынан «Елім-ай» (Семей), «Восток» (Өскемен) командалары премьер-лигада доп тепкені мәлім. Кейінірек қос команда бірігіп, «Спартак» деген атаумен жасыл алаңға шыққан. Бүгінгі таңда «Алтай» атауын иеленген бұл ұжымның мақсаты премьер-лигада доп тебу екені анық. 1996 жылы суперлигада (ол кезде солай аталатын) топ жарған «Тараз» футболшылары да бәсі жоғары лигадан шығып қалмау үшін барын салатыны белгілі. Әлбетте, қарсыласымыз оңай шағылатын жаңғақ емес. Әйтсе де, біз «Таразға» жеңіс тілейміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді