жерлесіміз жанқош тұраров пен «қазақ» атты батырымыз Қанат Ислам бастаған оғландарымыз түгел жеңіске жетті
Бір мезетте 13 мың жанкүйерді қабылдайтын «Алматы-Арена» спорт кешенінің алды ығы-жығы халық. Бокс кешіне билет таба алмай сенделген жүздеген жанкүйерді көзің шалғанда, жүрегің жылып қоя береді екен. Қалың нөпірмен бірге кешен ішіне біз де аяқ бастық. Әлемдік деңгейдегі бокс кешіне жиналған жұртта есеп жоқ. Бокс кеші басталмай тұрып тамағын жырта «Қазақ боксшылары алға! Қанат, Жанқош, Жәнібек, сендермен біз мақтанамыз!» деп, айқайға басқан, ел туын көкте желбіреткен жанкүйерлердің де белсенділігі көңіл тоғайтады.
Көптен күткен бокс кеші де басталды. Алдымен ринг төріне бірінші жартылай орта салмақта кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуіне Жұман Жұмабеков беттеді. Белоруссиялық Владимир Ивановқа қарсы өткен төрт раундтық шайқас басталмай жатып аяқталғандай күй кештік. Жұман жігіттің сойы екен. Сериялық соққылар Ивановты бірінші раундтың өзінде тәлтіректетіп жіберді. Техникалық нокаут! Тамаша дебют! «Жарайсың, Жұман!» дедік біз де делебеміз қозып. Бұдан соң шаршы алаңға жеңіл салмақтағы жампозымыз Айдар Шәрібаев беттеді. Испаниялық Хуан Окурамен жұдырықтасқан Айдар алты раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен төртінші жеңісіне қол жеткізді. Жайшылықта көсіле шабатын Айдарға 13 мың адам сыятын «Алматы-Аренадағы» жанкүйерлердің қолдауы дем берді. Үшінші болып шаршы алаңға шыққан жартылай ауыр салмақтағы оғланымыз Әли Ахметов жанкүйерлерді техникалық шеберлігімен қуантты. Әзірбайжандық Әли Маммедовпен шайқасқан Әли Ахметов қарсыласын ә дегеннен-ақ састырды. Әуесқой рингте жүргенде Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке лайықты қарсылас бола білген Ахметов бұл жолы да жасындай жарқырады. Алмас қылыштай жарқ-жұрқ еткен қолдарының жылдамдығы жанкүйерді тәнті қылмай қоймайды. Барлық қашықтықта бүкіл боксшылық шеберлігін көрсете білген ол қапталдан да, тікелей де, соққыларын дөп тигізіп жатты. Шыны керек, Ахметовтің сериялық соққыларының астында қалған әзірбайжандық оғланды аяп кеттік. Әли Ахметовтің керемет комбинациясына төтеп бере алмаған ол алдымен бір тізерлеп алды. Алайда, нокдауннан тез айыққан Маммедов жекпе-жекті жалғастыру ниетімен тұра ұмтылған сәтте Ахметов тағы да жылдам соққыларымен оны есінен тандырды. Техникалық нокаут! Маммедовтің бапкерлері рингке ақ орамал лақтырды. Әлидің кәсіпқой рингтегі төртінші кездесуі де мерзімінен бұрын аяқталды. Риза болдық. Бокс кешінің кезекті жекпе-жегінде рингке көтерілген алыбымыз Руслан Мырсатаев кездесуді ұзаққа созған жоқ. Ганалық Нуху Алзумамен қолғап түйістірген Мырсатаев бар мәселені бірінші раундта шешті. Кәсіпқой рингте бұған дейін екі мәрте жеңіс тойын тойлаған Русланға ганалық былғары қолғап шебері пәлендей қарсылық көрсете алмады. Жекпе-жекке 46 секунд қана уақыт жұмсаған Мырсатаев алдымен оң қапталдан соққы бағыттап, Алзуманы бір шайқап алды да, артынша әлгі соққыны қайталап, сол қолмен тікелей соққысын дарытты. Таза нокаут. Рефери еденге сұлап жатқан Алзуманың алысқа шаба қоймасын бірден байқап, кездесуді тоқтатты. Жаса, қазақ! Русланның жарқын жеңісі жанкүйерлерді желпінтіп тастады. Мұнан соң рингке жамбылдық жанкүйерлер асыға тосқан жерлесіміз Жанқош Тұраров беттеді. Жартылай орта салмақта 19 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Жанқош бұл жолы да жанкүйерлеріне керемет сый жасады. Сегіз раундқа жоспарланған кездесу мерзімінен бұрын аяқталды. Салмақ өлшеу рәсімінде жамбылдық жампоздың жағасына жармаса кеткен ганалық Исаак Арийдің әуселесін рингте көрдік. Сегіз раундқа жоспарланған жекпе-жек төртінші раундта тәмамдалды. Флойд Мейвезердің стилінде қаша жүріп ұрыс салуды, денемен көп қимыл жасауды, қарымта соққыны дөп тигізуді меңгерген Жанқош үшінші раундтан бастап стилін шамалы өзгертіп, бірінші нөмірмен жұдырықтасты. Сол қолмен қарсыластың бүйір тұсына бағыттаған оның жойқын соққысы Исаакты бір есеңгіретіп қойды. Артынша тікелей соққыларымен тағы да жер бауырлатып, жиырмасыншы жеңісін тіркеді. Соңынан Жанқош жанкүйерлерге, демеуші, алаштың атпал азаматы Бауыржан Оспановқа алғысын білдірді. Бұл күні әуесқой бокстан әлем және Азия чемпионы Жәнібек Әлімханұлы да өзінің кәсіпқой бокстағы тұсаукесер кездесуін өткізді. Колумбиялық Милтон Нуньеспен жұдырықтасқан ол бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Ілгеріде орта салмақта Геннадий Головкиннен нокаутпен ұтылған Нуньес көресіні қазақ боксшыларынан көрді. Жартылай ауыр салмақта да жолы болмады. Салмақ өлшеу рәсімінде Жәнібектің кеудесінен қаққан Муньес бір раундтың өзінде үш мәрте тізерледі. Алдымен сол қолымен бауырдан ұрып баудай түсірген Жәнібек кейіннен қарсыласын сұлқ құлатты. Тамаша жеңіс! Бокс кешінің басты жекпе-жегінде рингке көтерілген Қанат Ислам мен Патрик Аллотей арасындағы шайқас тартысқа толы болды. Өз елінде, жанкүйерлерінің алдында аянып қалмаған Қанат рингке беттеп келе жатқанда жүзінен қобалжу байқалды. WBA Fedelatin белбеуін қорғап қана қоймай, WBO, IBO құрлықаралық белбеулері сарапқа салынған шайқас 12 раундқа созылды. Патрик оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Барын салды. Тіпті кейбір раундтарда басым түсіп жатты. Дегенмен, 21 кездесудің бәрінде жеңіске жеткен Қанат Ислам бұл кездесуде мол тәжірибесінің арқасында жеңіске жетті. Қанаттың сериялық соққылары дөп тигенін де көз көрді. Қалың қазақ халқының алдында кезекті жеңісіне қол жеткізген Қанат Ислам жұртшылыққа алғысын білдіріп, жарқын жеңістер алда екеніне сендірді. Жарайсың, Қанат!
Тараз – Алматы – Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді