Ернар ТӘЖІБАЕВ, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының облыстық ұйымы ҚБ-нің Жамбыл аудандық комитеті филиалының төрағасы.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаhандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында білім саласын одан ары қолдауға үлкен мән берілді. Бүгінгі бүкіл әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс, қиындық жағдайына қарамастан, басқа да бюджеттік мекемелермен қатар, білім беру саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға қосымша қомақты қаржы қарастырылып, уақтылы игерілуде. Әлемде оқтын-оқтын қайталанып тұратын саяси, экономикалық дағдарыстардан еліміз абыроймен шығып келеді. Елбасы айтқандай, бұл дағдарыс та өтеді, соңынан қайта даму, өрлеу кезеңі келеді. Ол үшін біріккен іс-қимыл, еңбек қажет. Осыған орай Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында ауданның білім беру саласы қызметкерлерінің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы халқымызбен бірге бастан кешірген ауыр кезең де есімізде. Сол бір жылдары дүкен сөрелері бос қалып, ауыл тұрғындарына күнделікті тұтынатын қант, май, күріш, сабын, тіс пастасы арнайы талондармен берілсе, үй жиһаздарының барлық түріне, сырт киім, аяқ киім тағы басқалары аудандық, ауылдық әкімдік жанынан құрылған комиссияның шешімімен берілді. Сондай кезеңде тығырықтан шығудың жолдарын іздеп, жас мемлекетіміздің саясатын халыққа дұрыс түсіндіре білгендер қатарында ұстаздар қауымы болғанын мақтанышпен айтуға болады. Білім беру, денсаулық сақтау салаларын бұрынғы кеңестік кезеңде қалыптасқан құрылымдарынан шығарып, жаңа қазақстандық жүйе құру оңайшылықпен келе салған жоқ. Мұраға екі-үш ауысымды мектептер, апатты жағдайдағы білім беру мекемелері қалды. Жарық, жылу беру мәселелері де өткір тұрды. Көптеген тәжірибелі ұстаздар сүйікті істерін тастап, күн көрудің қамымен мектептен кетіп, сауда-саттықпен айналысты. Білім беру мекемелерінің ағымды жөндеуіне, ұстаздардың еңбекақысына қаржы жетіспей жатты. Міне, осындай ауыр кезеңде ауданымыздың ұстаздары егеменді еліміздің болашағы үшін еңбектің ерен үлгісін көрсетті, қиыншылықтарға қарсы тұра білді. Кәсіподақтар үшін де ол кезең сындарлы болды. Заңды құқықтары мен мүдделері объективті жағдайларға байланысты бұзылып отырған әріптестерін сабырлыққа, жұмыс жағдайын қалыпты сақтауға шақырды. Бүгінгі күні жоғарыда баяндалған жайттардың барлығы болмағандай көрінуі мүмкін. Жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарын реттеуші негізгі құралдың бірі – Ұжымдық шарт. Қазақстан Республикасы бұрынғы Еңбек кодексінің 282-бабына сәйкес әлеуметтік әріптестік жөніндегі Ұжымдық шартты тең құқылық негізде жасау үшін аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитеті тараптарынан комиссия құрылып, құжаттың жобасы дайындалды. Білім беру саласы үшін бұл құжаттың маңызы өте зор. Сала қызметкерлеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктердің барлығы қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан Ұжымдық шарттағы әрбір бөлімнің тармақтары қызу талдауға түсіп барып, мақұлданып отырды. 2015-2017 жылдарға арналған Ұжымдық шарт 2014 жылғы 23 желтоқсанда аудандық комитеттің Пленумында екіжақты қол қойылып, бекітілді. Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексінің қабылдануына байланысты 2016 жылғы 17 маусымда аталған Ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қосымша келісімге екіжақты қол қойылып, бекітілді. Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа Заңының қабылдануымен білім саласындағы мекемелер мен ұйымдардағы еңбек қатынастарын реттеудегі Ұжымдық шарттардың рөлі едәуір артып отыр. Еңбек заңдылығының сақталуы, еңбек, еңбекақы төлеу сұрақтары бойынша қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің орындалуы кәсіподақтардың жіті назарында. Кәсіподақтарды жұмыскерлердің қорғаушысы, ал жұмыс берушілерді қарама-қарсы әрекет етуші ретінде қарастыру дұрыс емес. Екі тарап та Қазақстан Республикасы заңдары аясында жұмыс істейді. Бұл бағытта аудан әкімдігі білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ ұйымы жақсы әріптестік жағдайында еңбек етуде. Аудан әкімдігінің білім бөлімі тарапынан өткізілетін конкурстар, ұйымдастырылған комиссиялар құрамында кәсіподақ өкілдерінің үнемі болуы – әлеуметтік әріптестіктің шынайы белгісі. Мектептердегі пән кабинеттерін аттестаттау, мұғалімдердің біліктілік санаттарын белгілеу, басшылық бос орындарға конкурс бойынша таңдау, әлеуметтік маңызы бар арыз-шағымдарды қарау және тағы басқа филиал төрағасының пікірі тиісінше ескеріледі. Аудандық кәсіподақ комитеті өз құрамына мүшелерді тарту, жаңа бастауыш ұйымдармен толықтыруды үнемі назарда ұстайды. Өткен жылы филиал бастауыш ұйымдары жаңадан ашылған «Нұршуақ», ал 2016 жылы «Болашақ» бөбекжайларымен толықты. Бүгінгі күні сала кәсіподағы 48 бастауыш ұйымдағы 3558 кәсіподақ мүшесінің мүдделеріне өкілдік етеді және қызмет көрсетеді. Аудандық кәсіподақ комитеті құқықтық білім беру жұмыстарына баса мән беріп келеді. Атқару комитетінің қаулысымен бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілері құқықтық оқытуды ұйымдастыруға жетекші болып бекітілді. Кәсіподақтың облыстық ұйымы жанында арнайы жоспарға сәйкес бастауыш кәсіподақ комитеті төрағаларына арналған семинарлар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына жаңадан сайланған төрағалары облыстық кәсіподақ кеңесінің оқу орталығында «Кәсіподақтардың қазіргі жағдайдағы жұмысы» тақырыбында оқып, арнайы сертификат алды. Кәсіподақтың құқықтық инспекторының тексерулері барысында білім беру ұйымдарында іс құжаттарын жүргізуге қатысты олқылықтарды болдырмауға мән беріледі. Ұжымдық шартта жұмыс берушілер осындай кемшіліктерге жол бермеуі атап айтылған. Аудандық кәсіподақ комитеті де өз тарапынан түрлі семинарлар, семинар-тренингтер ұйымдастыру арқылы кемшіліктерді болдырмауға атсалысады. Сол сияқты, Ұжымдық шартта кәсіподақ жұмыстарын жүргізуге тиісті жағдай жасау мақсатында жұмыс берушілердің кәсіподақ жетекшілерін бөлмемен қамтамасыз етуі көзделген. Бүгінгі күнге Сартбаев, Тайшапов, Чкалов, Исмаилов, Ю.Гагарин, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептері мен №17 колледждің комитет төрағалары жұмыс кабинетімен қамтылған. Әрине, барлық мекемелердің кабинет бөлу мүмкіндіктері бірдей емес. Дегенмен, орын-жай мәселесі алдағы уақытта өз шешімін табады. Аудандық кәсіподақ комитеті білім бөлімімен бірлесе отырып «Жыл мұғалімі», «Еңбек күні», спорттық және тағы басқа да іс-шаралардың өткізілуіне атсалысып отырды. 2016 жылғы аудандық «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздары З.Үсенбаева, М.Қырықбаеваға ГРЭС шипажайына тегін жолдама, жүлделі орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар берілді. Дәстүрлі Тамыз кеңесі, Мұғалімдер күні және тағы басқа шаралардан тыс қалмайды. Білім беру қызметкерлерін санаторлық сауықтыруға үлкен мән беріледі. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан келіп түскен сұраныстар мен жолдама бөлу туралы қаулыларына сәйкес 2016 жылы Сарыағаш шипажайында – 34; Манкентте – 8; «Самалда» – 23; ГРЭС шипажайында – 22; «Ақ ниетте» – 6; Жаңақорған шипажайында – 4; Меркіде – 19; Ресейдің Челябі облысындағы атақты «Увильды» сауықтыру кешенінде 4 кәсіподақ мүшесі жалпы сомасы 7629000 теңгеге денсаулықтарын түзеп қайтты. Сала қызметкерлеріне жазғы каникул кезеңінде туристік, танымдық сапарлар ұйымдастырылды. 2016 жылғы маусымның 19, 20-жұлдызы аралығында ауданның білім беру саласының елу қызметкері Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан әлемдік, республикалық маңыздағы тарихи ескерткіштер мен әрбір тасын қозғаса өткен өмірден сыр шертетін қасиетті жерлерде болып қайтты. Саяхатшылар Айша бибі, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы аумағындағы Түрікбасы кесенелері, Қазығұрт тауының етегінде орналасқан «Ғайып ерен, қырық шілтен» әулие мекені, Арыстан баб, Түркістан, «Ақ мешіт» әулие, «Домалақ ана» кесенелерінде болып, рухани жан сергітті. Әсем қала Астанаға, Алтайдың кербез сұлу Көкшесі – Бурабайға сапарлар дағдыға айналды. Білім қызметкерлері саяхаттан бөлек сауықтыру шараларымен де қамтылды. Шілденің аптабында Ыстықкөлге шомылып, ыстығын басуды армандамайтын адам жоқ шығар. 2016 жылы Орта Азия жауhары болып саналатын көлде 100 әріптесіміз, балалары демалып, денсаулықтарын түзеді. Әрбір жаңашыл идеяны толыққанды жүзеге асыру үшін бірлескен іс-қимыл қажет. Елбасымыздың Жолдауынан туындайтын міндеттерді білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеті әлеуметтік әріптестік принципін басты назарға ала отырып, аудандық білім беру ұйымдарымен тығыз қарам-қатынаста жүзеге асыратын болады.
Аса ауылы, Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді