«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тараздың» тағдыры қыл үстінде

«Тараздың»  тағдыры қыл үстінде
ашық дереккөз
«Тараздың» тағдыры қыл үстінде

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті маусымының аяқталуына бір ғана тур қалды. Маусым басталғалы жанкүйерлердің ойын сан саққа жүгірткен «Тараз» футбол клубы премьер-лигада қала ма, қалмай ма? Бұл мәселе соңғы турда шешімін табатын болды. 31-турда Қостанайдың «Тобылын» қабылдаған жерлестеріміз маңызды үш ұпайды қоржынға салды. Жеңіс тойын тойлады. Алайда бұл жеңіс жанкүйерлерді де, команданы да әлі қанағаттандырмайды. Өйткені, «Тараздың» тағдыры әзірге мәз емес. «Тобылға» қарсы ойында жамбылдық ұжым тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Ойын бастала салысымен қарсыласты қос қапталдан қыспаққа алған «Тараз» футболшылары бұл күні қалайда «Тобылды» тобықтан шалатынына күмән тудырған жоқ. Толассыз ұйымдастырылған шабуыл түптің түбінде қарсылас қорғанысын бұзып-жарып өтетіні сөзсіз еді. Солай болды да. Ойынның жиырмасыншы минутында Малик Мане шірене бағыттаған соққы қақпа торында тулады! Гол! Жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Араға аз ғана уақыт салып бұрыштамадан көтерілген допқа өзгелерден бұрын жеткен Йоан Мера есепті еселеді. Былғары допты қақпаның тоғыздығына шегелеп тұрып қадаған Мераның соққысына кез-келген қақпашы тосқауыл бола алмасы анық. Екі гол соққан соң да «Тараз» ойын тізгінін қолда ұстады. Алайда ұрымтал тұстарда жігіттеріміз мүлт кеткен кездер де болды. «Тобыл» да арагідік қарсы шабуылдар ұйымдастырып, оңай шағылар жаңғақ емес екенін аңғартып қойды. Кездесудің аяқталуына екі минут қалғанда қостанайлық команданың футболшысы Деак есеп айырмасын қысқартты. Алайда одан әріге «Тобылдың» шамасы жеткен жоқ. Енді соңғы тур нағыз шайқасқа толы болады. 36 ұпай еншілеп, премьер-лигадағы орнын 1 тур бұрын сақтап қалған Қарағандының «Шахтер» командасы «Таразға» қарсы орталық алаңда ойнайды. Бұл кездесуде «Таразға» тек қана жеңіс керек. Талдықорғанда «Жетісу» мен «Ақжайық» премьер-лига жолдамасына таласады. Егер «Тараз» өз алаңында «Шахтерді» жеңіп, «Жетісу» мен «Ақжайық» ұпай бөліссе немесе «Жетісу» жеңіске жетсе, жерлестеріміз оныншы орынды иеленеді. Жалпы, көп мәселе «Тараздың» өзіне және Талдықорғандағы ойынның нәтижесіне байланысты болмақ. Тіпті, жерлестеріміз 11-орынға орнығып, төменгі лиганың екінші командасымен жалғыз жолдамаға таласулары да ықтимал.

Табиғат абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар