Құзырлы мекеме алдындағы «Хан базар»

Құзырлы мекеме алдындағы «Хан базар»
ашық дереккөз
Құзырлы мекеме алдындағы «Хан базар»

немесе «Балық басынан шіриді» дегеннің кері осы ма?

Тараз қаласында жүргізуші куәлігін сатып алу оп-оңай. Оған жергілікті полиция қызметінің тіркеу-емтихан бөлімі ғимаратының маңайында өріп жүрген «делдалдардың» істері мен «іскерліктері» куә. Олардың өз сауда-саттығына ешкімнен именбей, емін-еркін кірісетіндері соншалық, құзырлы мекеменің алдын «хан базарға» айналдырып алған. Әлгі мекемеге бас сұққан тұрғындардың алдын кес-кестеген «делдалдар» «Не шаруамен жүрсіз? Сізге қандай көмек керек?» деп етегіне жармаса кететіні, тіпті, сорақы көрінеді көзге. Ақысын төлесе болғаны, қажетті құжатын демде «жасатып» беруге әзір. Бұл саудагерлердің «крышасы» кімдер? Осындай заңсыздықты кім қолдап отыр? Қалай десек те, аталған мекеме қызметкерлерінің осы бір келеңсіздікке қатысы бар екені шындық. Өзін Жанат деп таныстырған егде жастағы әйелден «Ініме жүргізуші куәлігі керек еді» деген желеумен сыр тартып көрдік. Ол «В», «С» категориялы жүргізуші куәлігін 55 мың теңгеге, ал тек қана «В» категориялы жүргізуші куәлігін 50 мың теңгеге «жасатып» беретінін айтты. Оның осы кәсіппен айналысып жүргеніне 16 жыл болыпты. Ал көздерінің алдында осыншама жыл заңсыз табыспен күн көріп келе жатқан бұл «делдал» әйелді полиция қызметі басшыларының білмеуі мүмкін емес. Жеме-жемге келгенде, «Ондай адам жоқ» деп жалтаруы да мүмкін. Бірақ, бізде сөзімізді дәлелдеп бере алатын айғақтар бар. – Негізі, «В», «С» алған тиімді ғой. Жеке куәлігіңнің көшірмесін берсең болды, ары кетсе 4-5 күнде дайын болады. Сенбесең, қазір жарты ақшасын тастап кет, жарты ақшасын дайын болғанда аласың. Медициналық тексеруден өзің өтіп, кассаға ақшаны өзің төлесең, он мың теңге арзандатамыз, – дейді ол. Бұл «делдал» жүргізушілерге сақтандыру куәлігін алып берумен де айналысады екен. «Кеңсеме жүр» деп, жұмыс бөлмесіне ертіп барған ол «автомектепте оқыды» деген қағазды да «жасап» бере алатынын айтып, баз біреулердің өткізіп қойған құжаттарын да көрсетті. Бұл не сонда? Нағыз сыбайлас жемқорлықтың көрінісі дегеніміз осы емес пе?! Мемлекетіміз осындай заңсыздықты болдырмау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына» тұрғындар сынақ тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алатын жағдай жасап қойған жоқ па? ХҚКО бөлімінің басшысы Руслан Мұхтар: – Мемлекеттік корпорация жол қозғалысының теориясы бойынша алдын ала тестілеу жобасын іске қосты. Енді әрбір үміткер емтихан тапсырар алдында жол қозғалысы ережелері бойынша өзінің білімін сынай алады. Мұндай қызмет мамандандырылған ХҚКО-да ақылы негізде көрсетіледі. Астана және Алматы тұрғындары үшін 700 теңгені, облыс орталықтарында 500 теңгені құрайды, – дейді. Жүргізуші куәлігін аларда үміткер 40 сұрақтан тұратын теориялық және автодромда 12 жаттығудан тұратын практикалық емтихан тапсырады екен. Әрбір адамның 3 рет емтихан тапсыруға мүмкіндігі бар. Үш сәтсіз талпыныс болған жағдайда үміткерге келесі емтихан тапсыруға соңғы емтихан өткен күннен бастап алты айдан кейін рұқсат берілмек. Бізді таңғалдырғаны жұрттың халыққа қызмет көрсету орталығынан «қашып», жемқорлардың қармағына өздері барып түсуі болып тұр. Әлде, қоғамдағы «Бармақ басты, көз қысты» әрекетті жою мақсатында енгізген жаңа жүйенің тиімсіз болғаны ма?

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар