«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұлпарда да тұлпар бар

Тұлпарда да тұлпар бар
ашық дереккөз
Тұлпарда да тұлпар бар

Бауыржан Момышұлы атындағы атшабарда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Тараз қаласы күніне арналып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Әуелі аударыспақ, теңге ілу жарыстары Тараз қаласы әкімдігі ұйымдастырған ат және құнан бәйгемен қыза түсті. Атшабарға көтеріңкі көңіл-күймен келген көпшілік бәйгені де қаны қызып, қиқулап отырып тамашалады. Мәре сызығын бірінші қиған тұлпардың жүлдесіне темір тұлпар тігілгені де жарыстың бәсін арттырды. Бәйге болған соң, бақ пен бап қатар жүретіні бар. Мәселен, аламан бәйге 28 шақырымды (10 айналым) құраса, тоғыз шақырым бойы алдына қара салмай жеке-дара келе жатқан жамбылдық «Қаршыға» атты тұлпар соңғы айналымда алдына бірнеше жүйрікті жіберіп алды. Сонымен, Алматы облысы, Жамбыл ауданынан келген Дәмір Дәулетбаевтың «Таңшолпан» атты тұлпары 33 аттың арасынан мәре сызығын бірінші қиып, иесі «Нива» автокөлігін иеленді. Екінші жүлдені мойынқұмдық Нұрсұлтан Оңдасыновтың тұлпары (жүлде – 500 мың теңге) қанжығасына байлады. «Құлан» атты тұлпары үшінші орыннан көрінген құландық Төрегелді Төреханов 300 мың теңге ақшалай жүлдеге қол жеткізді. Біз жоғарыда атап өткен «Қаршығаға» төртінші орын ғана бұйырды. 12 шақырым қашықтықты құраған құнан бәйгеде қордайлық Талғат Дәуішовтің «Жүрек торысы» топ жарды. Осылайша, тұлпар иесі «Лада» көлігіне ие болды. Дәл осы «Жүрек торы» Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бәйгеде жеңімпаз болып, жүлдегер атанғаны елдің есінен шыға қойған жоқ. Қордайлық Айдар Нұрмахановтың аты – (500 мың теңге жүлде) екінші, алматылық (300 мың теңге) Әулет Майлыбаевтың тұлпары мәре сызығын үшінші болып қиды. Атшабарға жиналған көпшілікке облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетіп, әннен шашу шашты.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар