«Алматы-Аренаға» асығыңыз, ағайын!

«Алматы-Аренаға»  асығыңыз, ағайын!
ашық дереккөз
«Алматы-Аренаға» асығыңыз, ағайын!

Қанат Ислам ашық жаттығу өткізді

29 қазан күні «Алматы-Арена» спорт кешенінде үлкен бокс кеші өтетіні мәлім. Бірінші орта салмақта атой салып жүрген кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (лақап аты – Қазақ) осы күні өзіне тиесілі WBA fedelatin белбеуін қорғап қана қоймай, ганалық Патрик Аллотейге қарсы шайқаста WBO intercontinental белбеуін сарапқа салатыны мәлім. Boxrec рейтингінде 139-орында тұрған Аллотейге қарсы өтетін Қанаттың бокс кешіне қызығушылар көп. Қазірдің өзінде «Алматы-Аренадағы» vip орындардың билеттері сатылып кеткен. Ол аз десеңіз, ең арзан билеттердің өзі аз ғана мөлшерде қалыпты. Бапкері Нельсон Лопес екеуі Алатау баурайында жекпе-жекке дайындалып жатқан Қанат Ислам алматылық жұртшылық алдында ашық жаттығу өткізіп, шеберлігін паш етті. Қанаттың қарсыласы «Қазақты» оңай жеңемін деп бәлсініп жүргені мәлім. Қазақстандық боксшының алдағы жекпе-жегі туралы меценат Бауыржан Оспанов: «Қанатқа қарсыласты рейтингте көтерілу мақсатымен таңдадық. Оның нокауттар көрсеткіші жоғары. Өзі де біздің боксшыны оңай жеңемін деп сөзден тау тұрғызып жүр. Оңай қарсылас емес. Сондықтан, дайындық жоғары деңгейде өтуде», – десе, Қанат Исламның бапкері Нельсон Лопес: «Менің арманым – Қанаттан әлем чемпионын шығару», – дейді. Нельсон да, Қанат та арманына жетсін дейміз. Сондай-ақ, бұл күні рингте Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Жәнібек Әлімханұлы бастаған өрендер өнер көрсетеді. Ендеше, «Алматы-Аренаға» асығыңыз, ағайын!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар