Қуан, қуан, ұлы жүрек, Желбіреп тұр Туым жібек

Қуан, қуан, ұлы жүрек, Желбіреп тұр Туым жібек
ашық дереккөз
Қуан, қуан, ұлы жүрек, Желбіреп тұр Туым жібек
Қуан, жүрек Қуан, қуан, құлын жүрек, Күннің нұры тұр елжіреп. Күнің барда, үйің барда, Риза бол бұйырғанға. Қуан, қуан, адал жүрек, Құлазысаң, қалам жүдеп. Қуанышың, күлкің барда, Құралады мүмкін мал да. Қуан, қуан, құба көңіл, Бір орында тұр ма өмір? Өмір барда, ғұмыр барда, Талпын биік тұғырларға. Қуан, қуан, құйын көңіл, Құлпырып тұр биыл да өңір. Суың барда, наның барда, Туған елге әніңді арна. Қуан, қуан, жалқы жүрек, Жақсылықтың ауқымы көп. Ауаң барда, дауаң барда Сәлем жолда адамдарға. Қуан, қуан, ұлы жүрек, Желбіреп тұр Туым жібек. Туым барда, Елім барда, Бақытым бар менің де алда! Үзілген түймені қадау «Бұрынғыдай сағынбайсың сүйгенді, Бұрынғыдай асықпайсың үйге енді»... Әр нәрсені ойлап кеттім лезде, Қадап тұрып үзілген бір түймеңді. Жүрегіңе салғаным ба, бәлкім, дық, жастықты емес, жағдайды ойлап әр күндік. Жейдең аппақ, өзің де аппақ, тап-таза, тазалықта болады-ау сәл салқындық. Әр нәрсені ойлап тұрдым ішімнен, сен де мені сияқтысың түсінген. Жып-жылы боп қолың тиді бетіме, еңкейіп ем жіпті үзуге тісіммен. Баяғыдай кетті-ау бетім жанып тым, жанып тұрып келмек емес зарыққым. Қолың тиіп кеткен кезде бетімді тартып алмай, тұрыңқырап қалыппын. Аяп кетіп, сипадың сен бетімнен, аумайтұғын сияқтымын жетімнен, Жеңіңдегі құйттай түйме арқылы жеткізгенде сағыныштың шетін мен. Жаның еріп, төгіп тұрды көзің – күн, айтайын деп, айта алмадым өзім дым. Махаббатың өлмеуі үшін өмірде қас қағым сәт жететінін сезіндім! Нысап Минут сайын сезінем бақыт дәмін, Қуанышқа толады уақыттарым Айналамның бәрінен бақыт көрем, Арайланып тұрғанда атып таңым. Күні-түні шүкір деп шаттанамын. Сәбидеймін, көңілім аппақ әлі! Көзім – шырақ, санам – сау, ғалам ғажап, Бұдан артық бола ма бақ бағалы? Елім – азат, мен – азат, ұлым – азат, Азаттықтың жетпейді құнына зат. Қанағатта ғаламат қуаныш бар, Нысапсыздық Алланың құлына – жат! Көршілер Басталар таң сәріден дарқан нәсіп, Өмірді сүйгендерге өлкем ғашық. Тау жаққа, саяжайға ертелетіп, Көктемде шығасыздар көркем басып. Күз келіп, шөптің басын шайқаса ызғар, Мұңаймай, өмір Жырын айтасыздар. Тау жақтан, саяжайдан кешке қарай Гүл теріп, жеміс жинап қайтасыздар. Сіздерді қорқыта алмас қыстың қары, Түк емес қысқы желдің ысқырғаны. Ақ қарда қол ұстасып жүрсеңіздер Жылытар махаббаттың ұшқындары. Тозбаған махаббаттың бағасы ұлы. Маздаған махаббаттың бағасы ұлы Саф таза Сәлім аға алтын болса, Ләйла апам гауһартастың ең асылы. Қаласа, ақын тілі, әрине, өткір, Қараймыз дүниеге сәби боп кіл. Жүргені, тұрғаны да тұнған үлгі Жақсымен көрші болу ғанибет бір! Ыза Ұғымтал адам таппай тыңдайтын көп, Біз тағы уайымды ұлғайтуда ек... Бөлемін жігіттерді екі топқа – Уәдеде тұратын, тұрмайтын деп. Біреудің алдай салу – әл, айласы. Есте жоқ еліне адал қарайласу. Уәдеде тұру, тұрмау – Әр адамның Кісілік келбетінің шарайнасы. Жалғаумен ар аптаны әр аптаға, Жүрсе де жұмыс жасап талаптана, Кей жігіт ісің түссе, қимылдайды Күштінің райына қарап қана. Ерлердің бір-бірімен аразы бар. Өмірге, бәлкім, олар наразылар. Жігіттер! Абыройдың ақ өлшемі Адалдық дейтұғын бір таразы бар! Әдетім әділетке үгіттейтін. Қағидам-қараулықпен бірікпейтін. Айнымас, ауытқымас нық байламның Кепілі емес пе еді жігіт дейтін? Баладай бөлеп қойған құндақтағы, Өзіндік пікірі жоқ сырғақ тағы, Лыпылдап рай баққан кей мырзалар Жігіт емес, жігіттің жұрнақтары! Түркістан. Тұран Түркістан. Тұран. Бір кезде тұлғалы мекен. Тұнығындай қайнардың мұңданып өтем. Туған жерге деген бұл махаббатпен Мың жыл бұрын біз неге тумадық екен?! Топырлап шығып, төгілді сөз қанша мұнда? Тұтанса сезім, шашырар көзден шоғың да. Бөтен боп кете жаздаған ақбөкен ұрпақ Табиғаттың кездесті тозған шағында. Намысы қайсар, қандастар, тілдері майда, Айта алар кім бар армансыз жүргенін ойда? Ұлы ғазалдар жазатын ұлы шайырлар жоқ. Дадамыз – Қорқыт. Даланың күйлері қайда? Көңіліміз таза бұйымдай аз-ақ ұсталған, Өлтірмейтін адамды – ғажап ішкі арман. Тағдырдың желі әкеткен өздеріңді іздеп, Мың жылдан кейін келдік біз Қазақстаннан. Ата жұрт Жаралғандай мені күту үшін Сен – Жанарыма аңсау отын түсірсең, Ақ бұлттармен араласып, ақ құстай Саған қарай сағынышпен ұшушы ем. Көлдерменен көктем – думан, дала – сән. Белдер менен белестерден әрі асам. Қуаныштан жас толатын көзіме Қыр басынан қиыла бір қарасам! Жер бетінде қалған ыстық, дара әлем, Жел боп жетіп, болар ма едім жараңа ем. Қасіретіңнен қара көзге жас толды, Қыр басынан қайта оралып қарап ем. Аққу-қаздар жүзбейді енді өзенде, Таза судың табылмайды өзі емге... Аяғына құт ілескен оғландар Туар ма екен мына нәрсіз кезеңде? Туар болса, санасына жүк тие. Солар болар бұл қонысқа мықты ие. Ешкімнің де меншігіне көнбейтін, Уа, қайдасың, қасиетті Құт, Кие?!

Күләш АХМЕТОВА,

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Ұқсас жаңалықтар