Бейбіт күннің батырлары

Бейбіт күннің батырлары
ашық дереккөз
Бейбіт күннің батырлары

Қазанның алғашқы аптасы – қазақ халқы үшін айтулы күн. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1991 жылы қазанның 2 жұлдызында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Күллі адамзат баласының Айға ұшуы қазақ жерінен, Байқоңырдан басталғанымен, араға 30 жыл салып қазақ ұлының көкке көтерілуі ел рухын асқақтатқанын несіне жасырайық. Тәуелсіздіктің таңы атар алдында осындай айтулы оқиғаның болуы кездейсоқтық па? Мұның артында біз біле бермейтін қаншама келіссөздер, тыңғылықты дайындық жұмыстары жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында Тәуелсіздік тарихы Қазақстанның ғарышкерлік тарихынан басталатынын жазған. Тұңғыш ғарыш­керіміздің көкке ұшуына тікелей себепкер болған – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Содан Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» кемесімен зеңгір көкке ұшты. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу үдерісі, сол зиянды аэро-золдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Ол ғарышта 7 күн 22 сағат 12 минут болды. Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаевқа ғарышқа үш рет ұшу бақыты бұйырған. Ол 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен ғарышта 126 күн қалықтады. Ал екінші рет «Союз ТМ-27» кемесімен ұшқанда ғарышта 208 күн болып, ерекше ерлік көрсетті. Қазақ ғарышкері корабль бортынан ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында қалықтады. Осындай көрсеткішімен Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген Т.Мұсабаев 2001 жылы тағы бір мәрте ғарышқа ұшты. Бұл жолы «Союз ТМ-32» кемесімен 8 күн самғады. Оның жалпы ғарышта болған уақыты – 341 күн 9 сағат 48 минут. Қос ғарышкеріміздің жұлдызды жолын өткен жылы 2 қыркүйекте Айдын Айымбетов жалғастырғанына ел куә болды. «Союз ТМА-18М» кемесі 4 қыркүйекте Халықаралық ғарыш стансасымен түйісті. Ол «Қазғарыштың» ғылыми бағдарламасы бойынша Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жасады. Микрогравитация барысында микробөл-шектердің физикалық ерекшеліктеріне зерттеулер жүргізді. Ғарыштағы сапарын сәтті қорытындылаған Айдын Айымбетов он күннен соң жерге оралды. Қазір елімізде «KazSat-2» және «KazSat-3» ғарыш аппараттарының топтамасы құрылып, еліміз «KazSat» спутниктік байланыс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесінің толыққанды иесі атанды.

Ұқсас жаңалықтар