Аспан асты елінде қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында жамбылдық екі балуан жеңімпаз атанды
Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр, Іле Қазақ автономиялық облысы, Манғолкүре ауданында қазақ күресінен ересектер арасында VI әлем чемпионаты өтті. Оған қатысқан қазақ балуандарының барлығы да жүлделі орыннан көрініп, ел мерейін тасытты. Манғолкүре ауданында өткен әлем чемпионатына 28 елден 205 балуан қатысты. Елімізден барған алты балуанның бесеуі бірдей жеңімпаз атанса, біреуі қола жүлдені қанағат тұтты. Айта кету керек, аталмыш белдесу бәсекесінде жамбылдық қос балуан Дәулет Пахрединов пен Айбол Айтбек чемпион атанып, облыс даңқын асқақтатып қайтты. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында ел мәртебесін арттырған аталған чемпионаттағы жеңістер легін 60 келіге дейінгі салмақтағы алматылық Ғұсман Қырғызбаев бастаса, 70 келіге дейінгі салмақта Ғұсманның егізі Ғұмар да жеңімпаз атанды. Ал 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Дәулет Пахрединовтің жауырыны жерге тимей, қарсыластарынан айқын басым түсті. Ол өз салмағының финалында эстониялық қарсыласын ұпай санымен жеңіп, алтын медальды мойнына тақты. Сондай-ақ, 90 келіге дейінгі салмақта тағы бір жерлесіміз Айбол Айтбекке де шақ келер қарсылас болмады. Финалда өзбекстандық Шухриджан Арслановтан айласын асырған Айбол ел құрамасына төртінші, облысымыз үшін аталмыш жарыстағы екінші алтын медальды жеңіп алды. Бұдан соң, 90 келіден жоғары салмақта Айбек Нұғымаров Қазақстанға бесінші алтынды сыйласа, Мұхит Тұрсынов қола медаль иегері атанды. Осылайша, қазақ күресінен өткен жаһандық жарыста ел абыройы асқақтап, облысымыздың беделі биіктей түсті. Қос алтынға қол жеткізген жамбылдық балуандардың жеңісі өңір күресінің деңгейі жоғары екенін тағы бір айғақтады. Аспан асты елінен қанжығасы майланып қайтқан қос спортшыны жамбылдықтар «Алматы – Тараз» кіреберісіндегі қақпадан зор қошеметпен қарсы алып, ыстық ықыластарын арнады.
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




