«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таутұлға

Таутұлға
ашық дереккөз
Таутұлға

Қазіргі таңда Қазақстандағы тұлғатаным мәселесі кең өріс алып келеді. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, тұшымды жұмыстар атқарылуда. Талантты тұлғаларды зерттеп-зерделеу – үлкен міндет, сезіну – үлкен бақыт. Әсіресе, әдебиет айдынында талай тарихи зобалаңдардың куәсі болып, кез-келген туындысын ішкі жан-тәнімен сезіне жазып, болашақ ұрпаққа мұра етіп отырған, онымен қоса, халқының қоғамдық өміріне де етене араласқан тарландарды зерделеу әр заман перзенттерінің еншісінде.

05-erbolat_saurykovЕрболат Саурықов, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Осы мақсат-та ашылған «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 2009 жылдың 22 сәуірінен бастап өзінің жұмысын жүйелі түрде жүргізуде. Университетіміздің ұйытқы болуымен ашылған орталықта атқарылып жатқан игі істер аз емес. Алғаш құрылған жылы-ақ орталыққа Шерхан Мұртазаның біршама мұрағаттық дүниелері әкелінді. Халық жазушысының қолжазбалары сканерден өткізіліп, электронды нұсқалары сақталса, жазушымен байланыс орната отырып, шығармашылық зертханасына қатысты мұрағаттық материалдар да жинақталуда. Олар тақырыптық жүйеге келтіріліп, сұрыпталу үстінде. Сонымен қатар, қазіргі таңда жазушының жеке фотогалереясы әзірленуде. Орталыққа жазушының әр жылдардағы түрлі баспалардан жарық көрген шығармалар жинақтары да жинақталып, сөрелерге қойылуда. Ғылыми-зерттеу орталығының мақсаты – қасиетті өңіріміздің түлегі, біртуар мақтанышымыз, Халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Ш.Мұртазаның шығармашылығын насихаттау, ғылыми зерттеуді ұйымдастыру және жоспарлы зерттеу жұмыстарын жүргізу, жазушының шығармашылығын зерттеуші ғалымдармен байланыс орнату және олармен шығармашылық бірлікте жұмыс атқару болып табылады. Ғылыми-зерттеу орталығының басты міндеттерінің бірі – тұлғаның шығармашылық зертханасына қатысты маңызды мәліметтерді жинастыру, сондай-ақ мүмкіндігіне қарай қаламгердің өзімен әңгіме-сұхбаттар өткізіп, танымал туындыларының жазылу жайына, жазушылық еңбегіне, шеберлік-ізденіс жолдарына байланысты өзге де тың мәліметтер алу және оны уақтылы қағазға түсіріп, мұрағаттық құнды дерек көзіне айналдыру. Айта кетейік, орталық жұмысы Халық жазушысы Ш.Мұртаза шығармашылығын зерттеумен ғана шектелмейді, бүгінгі әдеби процесс, сонымен қатар облыс көлеміндегі әдеби-тарихи тұлғаларды, белгілі бір тарихи жағдайды бейнелейтін халықтық туындыларды сараптап, жалпы әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселелерімен де айналысады. 2010 жылдан бері «Қазақтың Шерағасы» атты көптомдық шығармалар жинағын әзірлеп, жарыққа шығаруды жалғастырып келеміз. Орталықта жинақталып отырған Шерағаның мұрағаттық материалдары негізінде осы күнге дейін жеті кітабы жарыққа шықты. Олардың әрқайсысына ішіндегі мазмұнына қарай айдар тағылып, ат берілді. Атап айтар болсақ, «Қазақтың Шерағасы» атты жинақтың бірінші кітабы 2010 жылы «Тұран» баспасынан 1000 данамен, 12,5 шартты баспа табақпен жарыққа шықты. Жинақта %d0%b1%d0%b5%d1%81-%d1%82%d0%be%d0%bc%d0%b4%d1%8b%d2%9b-%d0%b6%d0%b0%d0%b9%d0%bb%d1%8b-%d1%82%d0%be%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bc%d0%b4%d0%b0%d1%80 img_1379Ш.Мұртазаның шығармашылығы туралы кезінде жазылған мақалалар, зерттеу еңбектері іріктелініп алынды. Қандай да бір зерттеу жұмысы, алдымен, зерттеу объектісі туралы кім не айтты, жалпы объектінің зерттелу деңгейі қандай деген мәселеден басталса керек. Біз де осы мақсатта арғы-бергі материалдарды жинақтап, таңдаулыларын іріктеп дайындадық. Бұл кітапты студенттер мен магистрлерге арналған арнаулы курстарда оқу құралы ретінде пайдалануға болады. Сондай-ақ, «Тәуелсіздіктің жолы қатты, дәмі тәтті» атты екінші кітапта Ш.Мұртазаның тәуелсіз еліміздің рухани мүддесіне, талаптарына сай жазылған жүйрік ойлары мен қуатты пікірлері, тәуелсіздік толғамдары, сұхбаттары берілген. Бес томдық шығармалар жинағының «Шалғайдан сәлем жолдаймын» атты үшінші томын хаттар мен әртүрлі мазмұндағы қызмет хаттары құрайды. Жинақта алыс және жақын шетел жазушыларының, қоғам қайраткерлерінің, халық жанашырларының, ағайын-туыстары, ізбасарларының хаттары, қызмет хаттары берілген. Бұл материалдардың барлығы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының мұрағатынан жинақталып, өңделіп, бастырылып, жарыққа шығып отыр. Бұл хаттарға да болашақта зерттеу кезегі келер деген үмітпен жариялауды жөн көрдік. Әсіресе, оның ең қызықтылары: Л.Ханбеков, Т.Минуллин, М.Карим тағы да басқа шетелдің белгілі әдебиеттанушыларымен жазысқан хаттары. Жинақты қазақ тілі мен әдебиеті, филология, журналистика мамандығының студенттері және қарапайым оқырман қауым да қызыға оқиды деп ойлаймыз. «Ш.Мұртазаның публицистикасы» атты төртінші және бесінші жинаққа енген дүниелер тақырыптарының әржақтылығымен, сипат-бояуларының даралығымен ерекшеленіп, жалпы Ш.Мұртаза публицистикасының 1960-70, 1980-90 жылдардағы толымды пішінін, қасиеттерін түзеді. Жинақ мақсаты да, елеулі табыстарының бірі де осы деп бағалаймыз. Әрбір мақала жарық көрген жыл ретіне қарай орналастырылды. Мұның өзі жинақтың жалпы тұтастығын, композициясын көрсетеді. «Оның журналистік тұлғасы суреткерлік болмысына; ал ақынжанды суреткерлік тұлғасы журналистік болмысына сәулесін шашып, өзара бірін-бірі шырайландыра, ерекшелендіре түскен егіз қасиеттері... соншалықты терең із қалдырған, жеке бір мектеп болғандығымен даусыз мойындалған, көптің көкейінен шыққан. Демек, Ш.Мұртазаның 1963-1992 жылдардағы редакторлық мектебі сүбелі-сүбелі арнаулы зерттеулерді күтіп тұрған тың тақырыптар...» деп С.Жұмабек айтпақшы, Шерағаның осы кезеңдерде жазған публицистикалық дүниелерін зерттеуге ынта-ықылас танытып жүрген жандарға септігі тиеді деген ниетпен кітапты жинақтап, жарыққа шығаруды мақсат тұттық. Төртінші томда Шерағаның 1960-70, бесінші томда 1980-90 жылдардағы дүниелері жинақталса, одан әрі 2000 жылдан бүгінге дейінгі дүниелерін жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. «Бұл кітап – құрақ көрпеше сияқты. Менің анам Айша шебер тігінші еді. Баяғыда бай бабадан қалған «Зингер» машинасымен бүкіл ауылдың киім-кешегін осы Айша тігетін. Сонда әртүрлі маталардан қалған қиықтарды құрастырып, мақталап, түрлі түсті, әп-әдемі көрпешелер жасайтын. Мына кітап, «әп-әдемі» болмаса да, сондай қиындылардан құралған. Әр кезде жазылған публицистикалық мақалалар, очерктер... Бірақ бәрі де әр жылдан елес беретін, заман лебін сездіретін, бәлкім, әлі де әжетке жарайтын жазбалар. Өзіңнің көзіңнің тірісінде жинастырып, басын біріктіріп қоймасаң, кейін кім оны мұрағаттан іздеп жүрер дейсің. Не десе де, еңбек қой. Кейінгілер «осындай да заман өткен екен ғой» деп кітаптың бетін парақтаса болғаны», – деген екен Ш.Мұртаза «Ақындар мен әкімдер» атты 2002 жылы «Елорда» баспасынан шыққан кітабының алғы сөзінде. 2012 жылы ел көлемінде аталып өткен Шерағаның 80 жылдық мерейтойына осы бес кітап баспаланып, жарыққа шығып, тұсауы кесілген еді. Орталықтың жинақтап, жарыққа шығарған дүниесінің тұсауын Халық жазушысы Шераға мен белгілі әдебиеттанушы, ғалым М.Мырзахметов кескен болатын. Той барысында Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті «Шерхантану» ғылыми-зерттеу университеті облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен бірге «Ш.Мұртаза және тәуелсіз елдің руханияты» атты республикалық конференция ұйымдастырған еді. Сол конференцияда республикамыздың танымал тұлғаларының тұшымды мақалалары оқылған болатын. Мерейтойдан соң орталық қызметкерлері Елбасының құттықтау адресатынан бастап барлық ізгі тілектерді, Шерағаң жайлы мақалаларды жинақтап, «Ш.Мұртаза – 80 жаста» деген алтыншы кітапты жарыққа шығарған жайы бар. Онда арнайы құттықтаулар, замандастар лебізі мен інілер ілтипаты, ғылыми мақалалар тоғысқан. Тәуелсіздік кезіндегі қайта құру мен жариялылық әкелген соны лептің тұрлаулы нышанын біз Ш.Мұртазаның драматургиясынан да көре аламыз. Оның алғашқы қалам тартқан «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», Қ.Ысқақовпен бірлесіп жазған «Қызыл жебе» («Революция сарбазы») пьесалары Жастар театрында қойылып, зор табысқа ие болғандығы ешкімді де бейтарап қалдырған жоқ. Бұл екі туындысы арқылы прозашы Ш.Мұртаза театр мен драматургия атты жұмбақ та сиқыр әлемінің енді ертеден өз адамындай болып кетті. Ш.Мұртаза драматургиясы көркемдіктің өзі биік дәрежеде екендігін дәлелдеді. Оның драматургиясындағы замана дүрсілі шыншыл да нақты күйінде еді. Еліміздің Тәуелсіздік алған алғашқы он жылы ішінде жазушы қаламынан өмірге «Есек саудасы», «Домалақ ана», «Бауыржан батыр» («Ноқтаға басы сыймаған») атты драмалар туды. Осы орайда, Ш.Мұртазаның тәуелсіздіктің он жылы ішінде тіршілігіміздің көптеген қырларын қамтитын елеулі табыстарының бірі және бірегейі десек болады, драмалық шығармаларын қалың көрерменге ұсынып, кезекті жинақ ретінде жарыққа шығардық. «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жазушының мұрағаттық материалдары негізінде сұрыптау, саралау жұмыстарын жүргізіп, «Қазақтың Шерағасы» жинағының 8-томын әзірлеп, баспалауға даярлады. Бұған қоса, жазушының қолжазба түріндегі «Бір кем дүние» кітабының екінші кітабына енетін тәмсілдері теріліп, баспаға әзірленді. Бес жыл бұрын қараша айында ғылыми-зерттеу орталығында «Шераға» атындағы әдеби бірлестік Шерхан Мұртазаның өзінің қатысуымен салтанатты түрде ашылып, жұмысын бастады. Оған қаланың жиырмаға жуық мектептерінен, колледждері мен университеттерінен оқушылар мен студенттер мүшелікке кірді. Осыған дейін орталықтың ұйымдастыруымен облыстық «Шындықтың жебесі – Шераға» айтысы, республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты оқушылар мен студенттер айтысы, «Қазақтың қайтпас Шерханы» атты үздік шығармалар байқауы, «Білікті ұстаз – заман талабы» атты облыстық жабық мұғалімдер байқауы, «Руханияттың көшбасшысы - Шераға» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы және 2014 жылы қыркүйек айының 25-жұлдызында Тараз қаласы ішкі саясат бөлімі қолдауымен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы және «АСЫЛ АРМАН» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен І қалалық Шерхан оқулары өтті. Байқау барысында жазушының шығармашылық әлемі мен өмір жолына арналған «Ш.Мұртаза шығармашылығы және ұлттық руханият» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалынды. Сондай-ақ, университет кітапханасы жазушы Ш.Мұртазаның тұғырнамалық еңбектері бойынша университетте дайындалатын «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтарының студенттеріне «Ш.Мұртаза шығармаларының әдеби-көркемдік қуаты» тақырыбында дайджест өткізді. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының озат студенттеріне арнайы Шерхан Мұртаза атындағы стипендиясы тағайындалды. Қорыта келгенде, «Шерхантану» орталығының тарапынан қандай іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылса да негізгі мақсатымыз Халық жазушысының шығармашылығын насихаттау, өскелең ұрпаққа Шерағаның болмысын танытып, қасиеттерін сіңіру болып табылады.

Ұқсас жаңалықтар