Жамбылдың атын жаһанға танытқан

Жамбылдың атын жаһанға танытқан
ашық дереккөз
Жамбылдың атын жаһанға танытқан

Рио Паралимпиадасының чемпионы, әлем рекордын жаңартқан Зүлфия Ғабидуллинаны жерлестері зор қошеметпен қарсы алды

Рио-де-Жанейрода өткен ХV жазғы Паралимпиада ойындарында еліміздің туын көкте желбіреткен жеңімпаз Зүлфия Ғабидуллина туған жерге келді. Паралимпиада жеңімпазын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған жерлестері, ел ағалары және жамбылдық жанкүйерлер «Әулиеата» әуежайынан үлкен қошеметпен күтіп алды. Өңір басшысы Кәрім Нәсбекұлы Олимпиада төрінде туған елі мен жерінің намысын қорғап, ел мерейін асқақтатқан спортшыны құттықтап, оның ел мақтанышына айналғанын айтты. – Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Паралимпиада ойындарына 176 мемлекеттен 4350 дене мүмкіндігі шектеулі спортшы қатысып, 22 спорт түрінен 528 медаль жиынтығы ойнатылды. Оның ішінде Қазақстаннан 11 паралимпиадашы спорттың бес түрінен бақ сынады. Сол байрақты бәсекеде біздің жерлесіміз, алдына жан салмаған Зүлфия Ғабидуллина еркін стильмен жүзуден 100 метр қашықтықта әлем рекордын жаңартып, Тәуелсіз Қазақстан үшін Паралимпиаданың тұңғыш алтын медалін жеңіп алғанда, қуанышымызда шек болмады. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы Жамбыл жерінің ең үлкен жеңістерінің бірі, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев.

img_1198 img_1505Бұдан соң өңір басшысы сайыпқыран спортшыны марапаттап, оған «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаттығуға баруға ыңғайлы болу үшін «Тараз-Арена» маңынан үй салып беретінін айтты. Ал бапкері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевқа 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Сонымен қатар, Паралимпиада жеңімпазына «Қазақстан Халық банкі» облыстық филиалының директоры Нұрлыбек Сейдахмет 3 миллион теңгенің сертификатын тарту етті.

– Туған жерге аман-есен оралып, сіздермен қауышқаныма өте қуаныштымын. Жерлестерімнің ыстық ықыласын сезініп, ерекше толқып тұрмын. Бізге қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Біз әлем рекордын жаңарту үшін тыңғылықты дайындалдық. Жүзіп мәреге жеткеннен кейін таблодағы санды көріп, қатты қуандым. Мұндай жетістікке жету үшін 25 жыл тер төктім. Жарыс сайын біртіндеп нәтижелерімді жақсартып отырдым. Бапкерімнің тактикасының арқасында жеңіске жеттім. Енді 2020 жылы Токиода өтетін Паралимпиада ойындарына дайындалатын боламыз. Ол жақта да өз рекордымды жаңартып, алтын жүлдеге ие болғым келеді, – деді чемпион Зүлфия Ғабидуллина. Бұдан соң Зүлфияның бапкері Саттар Бейсенбаев журналистердің қойған сұрағына жауап берді. «Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атану үшін көп еңбектендік. 2012 жылы Лондонда өткен Паралимпиада ойындарында 12-орын алдық. Содан кейін алдымызға Рио-де-Жанейрода Қазақстанға алтын әпереміз деген мақсат қойдық. Төрт жылға жоспар құрып, сол бойынша жұмыс істедік. Нәтижесінде, биылғы Паралимпиадаға дейін 12 әлем рекордын жаңарттық. Оның арасында Зүлфия Еуропа, Азия чемпионы атанды. Енді, міне, Рио төрінде елімізді әлемге танытты. Зүлфияның 51 жасында әлем рекордын жаңартып, алтыннан алқа таққанына шет мемлекеттердің бапкерлері мен спортшылары қатты таңғалды. Енді бір-екі ай демалып, оқу-жаттығу жұмыстарына қайта кірісеміз. Келесі жылға күнтізбелік жоспарды жылдың соңында бекітеміз. Ең бастысы 2017 жылы Мексикада әлем чемпионаты өтеді. Соған тыңғылықты дайындаламыз», – деді ол. Паралимпиада чемпионын зор ілтипатпен қарсы алған жамбылдық жанкүйерлер Зүлфиямен естелікке суретке түсіп, қолтаңба алып қайтты.

Шынар АСАНҚЫЗЫ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Алмаз Орманов.

Ұқсас жаңалықтар