Өткен аптада ғаламторда Құран оқығаннан кейін су ағатын бұлақ туралы бейнежазба жарияланған еді. Әлеуметтік желілердегі ең көп «қаралған» жаңалықтардың бірі осы десек, артық айтқандық емес. «Бұл қандай бұлақ, оның таңғажайып сыры неде?» деген сауалдардың жауабын іздеуге де осы бейнежазба түрткі болды. Дереккөздерінде бұл «Жылаған ата» бұлағы екені көрсетілген. Келіншектаудан әрі ассаң Жылаған атаның шатқалы жақын. Алайда, Қаратаудың теріскейіндегі жол тым қатерлі әрі қауіпті болғандықтан, көпшілік бұл үңгірге әрең жетеді. Көргендердің айтуынша, «Жылаған ата» бұлағынан су үнемі ақпайтын көрінеді. Ол сол жерге барған адамдардың пейіліне қарай, басына барып Құран оқығанда ғана ағады екен. Кезінде геологтар осы үңгірдің құдіреті туралы естіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген деседі.Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін екі ай зерттепті. Бірақ, алпыс күнде бірде-бір рет үңгірден су шықпапты. Сонда зерттеушілер «Бұл шынында да Құдіреттің күші екен» деп таңғалған екен. Бұлақ туралы ел аузында айтылып жүрген аңыз көп. Соның бірі «Бабалар сөзі» көптомдығына енген. Онда Жылаған ата туралы аңыз былай баяндалады: «Бір кісі бай болғанымен перзенті болмапты. Әулие-әнбиелердің басына түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» – деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, қаңғып жүре береді. Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы да: «Балам, тоқташы!» – деп жалынып соңынан жүгіре береді. Бала «Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп, асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірдің ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой», – деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім – осы жер, осы үңгір», – дейді. «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім – сол», – дейді бала. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң, әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетіпті. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен». Сол уақыттан бері сол үңгір Жылаған ата үңгірі деп аталып кетіпті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді