«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұлдызнама қайдан шыққан?

Жұлдызнама қайдан шыққан?
ашық дереккөз
Жұлдызнама қайдан шыққан?

немесе ата-баба мұрасын қастерлеп жүрміз бе?

izttgho63mu

Бүгінгі таңда бүкіл әлемде жаһандану үрдісі жүруде. Жаһандану дегеніміз, түптеп келгенде, күшті мемлекеттер әлсіз халықтарды өз ыңғайына бағындыру десек, ең алдымен ол ұлттық ерекшеліктерді жоюдан басталатыны сөзсіз. Жаһанданудың теориясын жасаған адамдардың бірі А.Даллес: «Халықты өзінің игі дәстүрлерінен, түп-тамырынан ажырату үшін, күн ұзаққа эротика, соғыс, төбелес, ыржақай музыка секілді арзанқол дүниелермен алдандыру керек», – деген екен... Біз Жаңа жылды жылына екі рет тойлаймыз. 1 қаңтарды күту – кеңестік кезеңнен қалған үрдіс болса, 22 наурыз – Жыл басы. Осы наурыз сөзін парсыша «жаңа күн» деген сөз деп даурығып жүрміз. Шындығында, наурыз деген қазақтың төл сөзі деп ойлаймын. 90-жылдары (аты есімде қалмапты) бір ғалым тарқатып, былай деп жазды: «Наурыс – екі сөзден тұрады, нау және ырыс. Нау деген – үлкен, зор, ал ырыс – молшылық, береке деген сөздердің баламасы». Расында «нау» сөзінен науша, наушабай, науа, науан cекілді тағы басқа да балама сөздер шығады. Ал «з» дыбысының «с» дыбысына ауысуынан наурыс дегеннің орнына наурыз болуы – емлелік заңдылық. Көктем – күн мен түннің теңелуі, үлкен ырыстың, берекенің, молшылықтың басы болуы заңды емес пе? Алайда, атақты Рим жаулаушысы Юлий Цезарь жаңа жылдық тәулік санауды жаңа ай туған күннен бастауды ұйғарады. Өйткені, дәл сол біздің эрамыздан бұрынғы 45 жылы жаңа туған айдың қылдырықтай орағы күнбатыс көкжиектен януар айының дәл 1-тәулігінде көрініп тұрған еді. Міне, осылай 1 январь жыл басы болып шыға келді. Өйткені, сол заманда жаһандану шығыстан басталған. Соған қарсы Рим императоры жыл басын өзгертіп жібереді. Дегенмен, олардың шығыстық күнтізбені өзгертуге шамалары жетпеген сияқты. Қанша оқымыстыларды жинап күш салса да, бәрібір жыл басын наурыз айынан бастаған. Олар көп Құдайға табынғандықтан әр айға өз Құдайларының атын берген. Бұл реформаны 234-император Григориев жасап, 1582 жылы Еуропа күнтізбесін ендіруі себеп болған. Сонымен наурыз айынан бастап июль айына дейінгі 4 ай Құдай аттарымен, квинтилис (латынша – бес) ал кейін Юлий Цезарь құрметіне июль деп, ал алтыншы ай-секстилис (алтыншы), бұны да кейін император Октавипс Августың атымен август айы деп атап, жетінші айды сентябрь (жеті) – Септембер, Октобер (сегізінші) – октябрь, Новембер (тоғызыншы) – ноябрь, Децембер (оныншы) – декабрь, одан кейін январь – януарис (аспан Құдайы) февраль – жерасты құдайы құрметіне фебрус – бұл он екінші ай жылдың соңғы айы. Ал март айы бұл ретте де жылдың басы болып шығып тұр. Жылды римдіктер де он екі айға бөлгені белгілі. Қазақтар, жалпы түркі әлемі осы он екі айды төртке бөлгені ақиқат. Әрқайсысын үш айдан, бірін көктеу – көктем, жаз – жайлау, күздеуді – күз, қыстауды – қыс дейтіні белгілі. Ендеше, неге біз 1 қаңтарда Жаңа жыл деп алашапқын болып жүрміз? Миллиондап шығын шығарып, шырша орнатамыз, оған дайындық желтоқсан басталмай жатып жүріп жатады. Кейде 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнін осы «дүрбелеңмен» шатастырып, байқамай да қалатын болдық. Бәрімізге мәлім, бізде ауыз әдебиет қоры мол. Бірақ жазба әдебиеттен де құр алақан емеспіз. Мысалы, Ө.Тілеуқабылұлы бабамыздың Жәнібек ханның тікелей тапсырмасымен 1475 жазған «Шипагерлік баян» деген кітабында да жыл басы Наурыз деп көрсетілген. Сонымен бірге апта аттары да қазақша болған екен. Ол былай тарқатылады: Бақтал – сенбі, баттал – жексенбі, сақтал – дүйсенбі, жақтал – сейсенбі, аттал –сәрсенбі, ғаттал – бейсенбі, мереке – жұма. Әрине қазіргі апта аттары бізге парсыдан кіргені рас. Бір қызығы мұнда да апта аттары: 1-күн сенбі – ал шамму, 2-күн жексенбі – екі шамму, 3-күн – дүйсенбі – душамму деп кете береді... Назар аударсаңыз, олар да аптаны сенбіден бастаған. Сонда алаш азаматтарының жұма күнін демалыс деп жариялауы тегін емес екен. Жыл аттарын «Шипагерлік баян» (166-бет) былай тарқатады: жыл басы – тышқан, сиыр, барыс, қоян, жылан, жылқы, ұлу, қой, мешін (балық болуы мүмкін), ит, тауық, доңыз деп келтіріп, жыл аттары бір адал, бір арам хайуанат, мақұлықтардан теңгерім табады деп дәл көрсеткен. Біздің қолданыстағы жыл аттарымен салыстырғанда жылқы жылынан кейін ұлу, мешіннен кейін ит жылы, одан кейін тауық жылдары болу керек сияқты. Ендігі 2017 жыл ит жылы болудың орнына тауық жылы болайын деп тұр. Бір адал, бір арамнан деген сәйкестік бұзылған. Осы сәйкестік өзіндік қалыпқа түссе, құба-құп болар еді. Сондай-ақ, ата-бабаларымыз аспан әлемін өте жақсы түсініп білгендігі. Ж.Баласағұнның «Құтты білік» 1069-1070 жылдары жазылған еңбегінде планета деген жұлдыздарға толық сипаттама береді. Өте дәлме-дәл суреттейді. Ал қазіргі жұлдызнама қайдан келген? Көбіміз Еуропа не Ресей ойлап тапқан шығар деп ойлаймыз, тіпті, мән беріп те жатпаймыз. Жоқ мұны да ата-бабамыз жазып, хаттап беріп кеткен екен. Айталық, Ж. Баласағұн бабамыз былай деп өлең өрнектеген: Жаз жұлдызы – қозы, сонсоң Үт келер, Әрәндір, Қушық жақын, жуық жіктелер. Арыстанмен, бұғдай басы қос болар, Сонсоң үлгі, Чадан Иа дос болар, Келер сонсоң Оғлақ, Көнек, һәм балық, Үші – Көктем, үші – күздің жұлдызы, Үші – қыстың, үші – жаздың жұлдызы. Қандай дәлдік десеңізші. Ал енді ескі түркі сөздерін қазақшалағанда былай болыпты. Қозы (Овен), мұны біз тоқты деп жүрміз, Үд (телец) – торпақ, Әрәндір (близнецы) – егіздер (дұрысы қосақ), Қучық (рак) – шаян, Арыстан (лев), Бұғдай басы (дева) – бидай басы (дұрысы әл-Фараби – Сүнбіл, ал қазақтар баяғыдан, қазір де Үркер деп атаймыз, біз оны дева – бикеш дей саламыз), Үлгу – Өлкі – Таразы (весы), Чадан (Скорпион) – сарышаян немесе өзімізше бүйі дейміз. Оның шын аты Үшарқан екен. Иә, сұрмерген орысша стрелец, қараша айында туады. Фараби бабамыз Қауыс, қазіргі тілде Садақ деп ашық көрсеткен. Оғлақ (козерог) ешкінің лағы – тау ешкі дейміз. Дұрысы бұл жұлдызды қазақ Қамбар деген, жылқыға негізделген атау екен. Көнек (водолей) – суқұйғыш деп жүрміз, бұл жұлдыз шоғыры шелекке ұқсайды екен. Көнек деген сөзден даланың иісі аңқып тұрған жоқ па? Балық, әрине балық (рыба). Міне, қазіргі қолданыста жүрген жұлдызнама Ж.Баласағұн айна-қатесіз қатпал кеткен. Ел аузында жатталып қалған нұсқасы да осы. Біз мұны неге ұмытуымыз керек? Бұл мәліметтер әлемдік өркениетке түркі әлемінің қосқан зор үлестері екенін мойындатуға тиіспіз. Осы ретте, бұл мәліметтерді өзіміздің ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен журналистер халыққа түсіндіріп, ата-баба мұрасын жеткілікті насихаттап бермесе, қарапайым халық қайдан біледі? Басқа да қордаланған мәселелерді, барымызды жарияласақ қана жас ұрпақтың рухын көтеріп, қазақ халқының мәртебесін биіктетеміз. Жоғарыда айтылған мәліметтер – менің ойдан шығарған қиялым емес, бізге жеткен жазба әдебиеттен алынған 1000 жыл бұрынғы нақты деректер.

Саруарбек Төшенов, зейнеткер.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар