Жерлестеріміз сырт алаңда тағы есе жіберді
Жергілікті «Тараз» футбол клубы биыл жанкүйерлерін еш қуанта алмай келеді. Юрий Максимов шәкірттері премьер лиганың бірінші кезеңін әупірімдеп жүріп 19 ұпай жинап, 11 орында аяқтап, Оралдың «Ақжайығынан» ғана ілгерілей алған еді. Соның алдында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың «Тараз» клубында арнайы жиын өткізіп, футболшыларды жігерлендіргені жанкүйерлердің есінде болар. Максимов сол жиында облыс басшысынан тағы бір мүмкіндік беруін сұранған. Осы кездесуден кейін жерлестеріміз қатарынан екі-үш ойында жеңіске жеткен еді. Алайда, Юрий бапкер берілген мүмкіндікті толық пайдалана алмай, команда қайта ескі әдетіне басып мардымды ойын өрнегін көрсете алмай келеді. Жерлестерімізден премьер -лиганың екінші кезеңінде ерекше үміт күткенбіз. Аутсайдерлер арасындағы алғашқы ойынын сырт алаңда өткізген «Тараз» 0:1 есебімен кеншілерге жол беріп, Қарағандыдан ұпайсыз оралған. Әйтсе де, өз алаңында атыраулық «Атырауды» минималды есеппен ұтқанына бір қуанғанбыз. Жерлестеріміз артынша Оралға барып, «Ақжайыққа» 0:2 есебімен ұтылып, өкінішке қалдырған. Бір қызығы, Құрбан айттың алғашқы күні 12 қыркүйекте өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» 3:2 есебімен ұтып, бір марқайтып еді. Бұл ойындағы үш голды да Малик Мане торда тулатқан болатын. Алайда, өткен аптаның соңында сырт алаңда Қостанайдың «Тобылына» 3:1 есебімен есе жіберген тараздықтар өздеріне үйреншікті 12-орынға «топ» етіп түсе қалды. Енді шегінерге жол жоқ. «Таразда» қазір бар болғаны 25 ұпай. Жерлестерімізден бір саты жоғары тұрған «Ақжайықта» 27 ұпай бар. Бірінші кезең аяқталар тұста жерлестеріміздің сапын Александр Яковлев, Александр Пищур, Дәуренбек Тәжімбетов, Давронжан Ергашев секілді жаңа ойыншылар толықтырып тұрған. Алайда бұл жігіттердің де «Тараз» ойынына серпін берген сәтін көре алмадық. Команданың жас ойыншылары Шерхан Бауыржан, Бауыржан Байтана, Қайрат Сүлейлер неге сілкінбейді? Намысқа тырысып, жан салып ойнамаса, жарқын жеңіске қол жеткізу оңай еместігін сезінбейді ме? Енді жерлестеріміз 25 қыркүйек күні сырт алаңда «Атыраумен» ойын өткізіп, 1 қазан күні өз алаңында «Ақжайықты» қабылдайды. Бұл екі ойында да бізге жеңіс ауадай қажет. Енді чемпионаттың аяқталуына бар болғаны бес ойын ғана қалды. Осы кездесулерде тек жемісті ойын өрнектерін көрсетпесе, «Тараз» футболшыларының дәл қазіргі жағдайына жанкүйерлер алаңдаулы. Клубтың президенті Махамбет Дүйсембаев мырзаның не ойлағаны бар екен? Команданың кестедегі жағдайына қарап, еріксіз осылай деп отырмыз. Алдағы күндерден де үміт үзгіміз келмейді.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді