«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көршіңізбен қалайсыз?

Көршіңізбен қалайсыз?
ашық дереккөз
Көршіңізбен қалайсыз?

«Көрші ақысы – Тәңір хақысы», «Қоңсыңды ұры тұтпа», «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп, көршінің, ауылдастың қадіріне жетуді өмірінің алтын арқауы етіп өткен қазекеңнің бүгінгі ұрпағы ұсақталып кетті ме, қалай?.. Бала кезімізде көршілеріміздің бір-бірімен аяқ-табағымен де араласып, есігінің ілгегін де ілмейтін ашық-жарқын қалпы ұмытыла қойған жоқ. Қариялар ауылдың алтын қазығы еді. Солар наурыз мерекесін бірлесе өткізуге, жаңбыр жаумаған жылдары мал сойып, тасаттық беруге, басына күн туған отбасыларына жылу жинауға, асар жасауға жұмылдырып, ағайынды ауызбіршілікке шақырып жүретін. Сіз не десеңіз, о деңіз, халқымыз қашаннан құрметтеп, қадір тұтқан, ұлт мәдениеті мен ұрпақ тәрбиесінің үлгілері ұялаған көршілік қарым-қатынасқа жарықшақ түсіп тұр бүгінде. Әсіресе, қалалы жердегі көп қабатты үйлер тұрғындарының бір-біріне сәлемдері салқын. Көбісі бірін-бірі көрсе де көрмегендей қалып танытады. Өмірлеріне, қоғамға, ағайынға өкпелі ме, қалай? Темір есіктерден адам түгілі, жел өтпестей. Алайда, әсіресақтық пен өзімшілдік, оңаша оқшаулану мен жүрекке барар жолдағы «қорғаныс бекінісін» қатайту түбі адами қарым-қатынастағы киелі ізгі дәстүрлерді түбімен жұтып жіберетінін әсте естен шығармаған абзал. Басқаны қойшы, «бөркі бірлердің» көршілермен ләм-мим деп тіл қатыспайтыны, жұмысынан оралған бойда зып беріп пәтеріне кіріп кетіп, шықпай жатып алатыны қызық. Өзім тұратын қаланың шағын ауданындағы бес қабатты үйдегі есікпе-есік, қапталдас тұратын көршілерімнің көбінің бірер жылдан бері жүзін де, түрін де көрген емеспін. Көршідегі үйде айқай-шу, жанжал болып жатса – үндемейміз, әлдебіреу қатты ауырып, қиналып, тіпті бақытсыздыққа тап болып қалса да арашаға ұмтылмаймыз, тап бір өзімізді ондай-ондайға қатысымыз жоқтай сезінеміз. Бір-бірімізге өгейміз. Осылай өмір өтуде. Ал шын мәнінде де көп пәтерлі үйлерде істейтін іс, қордаланған мәселе аз ба? Үйдің айнала-төңірегі қоқысқа толы. Кіреберіс есігіміз аңғал-саңғал. Жоғарылы-төменгі баспалдақтар бойы жөндеп, сырлауды қажет етіп-ақ тұр. Ауламызда балалардың дені дұрыс ойын алаңы да жоқ. Тұрғын үйлер аралығы мен көше жолдары шұрқтесік болып ойылып, ол жатыр. Тұрғындар бұл аумаққа бекітілген полиция уәкілінің кім екенін де білмейді. Осы аумақтағы бір қарағаштың қас бетінде полицияның емес, осы аумақтан депутаттыққа сайланып, сайлау аяқталғаннан соң қарасын да көрсетпей кеткен орыс азаматының суреті ілінулі тұр. «Іс бітті, қу кеттінің» кері, баяғы. Міне, ел сенген қоғам өкілдерінің әрекеті осындай болған соң, мұндағы тәртіп қалай оңалмақ, жолдар қалай жөнделмек? Елді жоғарыдағыдай ортақ іске жұдырықтай жұмылдырып жүрген белсенді қарияларды да көрмейсің. Әркім өзімен-өзі. Бағзы бір кездері бірнеше үй ауласына ортақ сахна орнатылып, ойын алаңы ұйымдастырылып, қоғамдық лекторлар бірауық түрлі тақырыптарда дәріс ұйымдастырып, көркемөнерпаздар концерт қойып, тұрғындар өзді-өзі бір туған бауырдай араласып, ақар-шақар болып жатпаушы ма еді. Өткеннің ескірген, алайда жақсы сақталған осындай дәстүрлерін жаңғырту керек-ау. Бүгінгі күні қалада 1235 көп пәтерлі тұрғын үй бар болса, оның 986-сы кондоминиум нысаны ретінде тіркелген екен. Олардың 521-і, яғни 76,2 пайызы жөндеуді қажет етеді. Біз де, міне осындай үйлердің бірінде тұрамыз... Үйлердің ескілігі, айнала-төңірегінің абаттандырылмауы, жарықтандырылмауы – қалада тұрса да, қалалықтарға тиесілі игіліктердің көбінен көрінеу тысқары қалып қоятыны, бәлкім, тұрғындардың көңіл-күйіне де жағымсыз ықпал ететін болар... Әйтеуір, ешкімнің де көзіне түспеуге тырысып, бетпе-бет әңгімелесуден қашқақтайтын көршілерімнің көңілі пәс, әлдебіреуге өкпелі, жүзі солғындау көрінеді де тұрады. Қысқасы, қалада көршілестерді ортақтастырарлық ештеңе де қалмаған секілді. Бәтір-ау, ортақ ештеңеміз жоғы қалай? Біздің болашақта әлемнің азуын айға білеген, ең дамыған 30 елінің қатарынан көрінуге, елімізді Мәңгілік Елге айналдыруға қам жасап жатқанымыз қайда қалады, сонда? Бүгінде ең басты байлығымыз – ұлтаралық татулық, бірлік һәм ынтымақ деп жүрміз емеспіз бе? Отан – отбасынан, ал ынтымақ-бірлігіңіз – ауызбіршіліктен, тату көршіліктен басталмай ма! «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны», «Жақыныңды жаттай сыйла» делінеді халық даналығында. Елбасының көршілес жатқан Ресеймен де, Қытаймен де аралас-құраластыққа барып, мұхиттың арғы жағындағы – Америкадағы Вашингтон қаласының төрінен манифесін жолдап, күллі адамзат баласын бейбітшілікке үндеп, бір туған бауырдай еткісі келіп шырылдап жүргені кімнің қамы? Әрине, ең әуелі қазақтың қамы. Бейбітсүйгіш, еңбекқор, қонақжай, кеңпейіл, болашағы кемел ел екенімізді ғаламға танытудың қамы. Біздің де іргесі сөгілмес, тұтастығы мызғымас, ауызбіршілігі азаймас халықтың өкілі, жаһанға аты жайылған Ұлы Дала елінің перзенттері екенімізді бір сәтке де ұмытуға хақымыз жоқ. Елбасы жолы – біздің де жолымыз. Әлеуетіміз артып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз да жылдан-жылға жақсара түсуде. Отбасындағы, ауылымыздағы, кентіміздегі уақытша қиындықтарды бірлесе еңсеруге, Ұлт жоспарында алдымызға қойылған міндеттерді одан әріде жұмыла жүзеге асыра беруге тиіспіз. Ал мұндай жағдайда көршілердің бір-біріне қырбай болуы, ауызбіршілігі жоқтығы, бір-бірінің есігін ашпауы, ұдайы томаға-тұйық, тоң-торыс қалыпта ғұмыр кешуі жақсылықтың белгісі емес. Халқымыздың байырғы салт-дәстүрінен, ұлттық тамырынан алыстап, асыл қасиеттеріміздің бүгінде көзден бұлбұл ұшып бара жатқанын мойындамасқа лажың қалмайды… Ал сіз қалай ойлайсыз, әлеумет?!

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар