«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Татулық пен келісім үлгісі

Татулық пен келісім үлгісі
ашық дереккөз
Татулық пен келісім үлгісі

өңірлік семинарда айқын көрініс тапты

Көпұлтты халқымыздың татулығы – еліміздің басты байлығы. Облыс орталығында өткен қазақстандық татулық пен келісім үлгісін ілгерілетуді мақсат тұтқан өңірлік семинар соны тағы айғақтай түсті. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің бастамасымен өткен шара үш күнге созылды. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша тыңдаушылардың кәсіби білімі мен біліктілік деңгейін арттыруды көздеген шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысты. – 5 институционалдық реформаның негізгі мақсаты да, мәні де – бір, ол болашағы біртұтас ел қалыптастыру. Еліміздің тәуелсіздігін күшейту және оны мәңгілік ету. Тек біртұтас ел ғана дамудың ең биік шыңына қол жеткізе алады! Бірлік бар жерде – тірлік барын ұққан халықпыз. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық, бейбітшілік пен келісім қашанда берекелі әрі нәтижелі істерге бастайды. Оны еліміздің ілгері дамуындағы тәжірибесінен де анық аңғара аламыз. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен достығының арқасында мемлекетіміз өркендеп, әлемде үлкен беделге ие болды, – деді Бекболат Серікбекұлы. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Әбдуәлиев Қазақстан халқы Ассамблеясы – әлемде баламасы жоқ институт екенін, ол Елбасы тапсырмасымен құрылғанын қозғады. – Мемлекет басшысы мемлекеттік құрылыстың жаңа сатысында Ассамблеяның негізгі мақсаты тек этносаралық емес, бірінші кезекте қоғамдық келісімді де қамтамасыз ету керектігін айтты. Осыған орай Ассамблея қызметіне белгілі өзгерістер енгізілді. Елбасымыз айтқандай, қоғамдық кеңестер кез-келген өзекті мәселені талқылайтын диалог алаңына айналуы тиіс. Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістігі бүкіл әлемге мәлім. Ал оған татулық пен ынтымақтастықты, елдегі ішкі тұрақтылықты сақтаудың арқасында қол жеткіздік. Біз этностар арасындағы келісімді, өзара татулық пен достықты әлі де нығайта түсуіміз қажет. Қазақстан халқы Асамблеясының ХХ сессиясында Мемлекет басшысы Ассамблея туы астында құрылған жергілікті жерлердегі «Қоғамдық келісім» кеңестерінің рөлін күшейту туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты осы, – деді Асқар Әбдуалиев. Үш күнге созылған семинарда мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, медиация, көші-қон үдерістерін реттеу, діни экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл және олардың алдын алу және тағы да басқа тақырыптар кеңінен талқыланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері мен қоғам қайраткерлері дәріс оқыды. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанайдың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары: азаматтық бірегейлікті қалыптастыру» тақырыбында жасаған баяндамасы тыңдаушыларға үлкен әсер қалдырды. Семинарда еліміздің оңтүстік өңіріндегі жастардың солтүстікке барып, тегін білім алуына мүмкіндік беретін мемлекеттік «Серпін-2050» жобасы жайлы да сөз қозғалды. «Серпін-2050» жобасының үйлестіру кеңесінің жетекшісі Мұрат Әбеновтың айтуынша, солтүстікке қоныстандыру арқылы оңтүстік өңірлерде шоғырланған бірқатар этностардың қазақстандық қоғамға тиімді интеграциялануына жағдай жасалады. Өңірдегі еңбек бөлінісі әртараптанады. Шаруашылықтың, еңбектің әртараптануы есебінен дәстүрлі кәсіптерімен ғана шектеліп келген әртүрлі этностардың жаңа мамандықтарды иеленіп, түрлі салаларға бейімделуіне де жол ашылады. Сонымен қатар, бұл жоба арқылы ішкі бірлікті арттырып, этномәдени тұрғыда жақындаса түсуімізге негіз болары анық. Тыңдаушылар халықты әлеуметтік қолдау және көші-қон салаларындағы мемлекеттік бағдарламалармен де танысты. Өңірдің этносаралық жағдайына мониторинг жүргізу әдіснамасы мен техникасы түсіндірілді. Өңірлік семинар жұмысының қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Наурызбек Сарша, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар