«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Болашақтың қамы – бүгіннен

Болашақтың қамы – бүгіннен
ашық дереккөз
Болашақтың қамы – бүгіннен

654987978654Әрідегі жайды қозғасақ, қаламымыз ұшына мұң мен шер үйірілері бар.

Тәуелсіздігімізді ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсай күтті ғой! Қазақ тарихында азаттық жолында 300-ден астам көтеріліс болғаны естен шығар ма! Өз жеріне өзі ие бола алмай «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» да бастан кешті. Сонда да елінен, елін сүюден бас тартпады. «Елім-ай» деп «ах» ұрып, зар төгіп, запыран құсты. Отаршылардың қитұрқы саясатының небір құқайын көрді. Қолдан жасалған ашаршылық зұлматын да, «халық жауы» деп, жала жауып, қуғындаудың, ату, асу жазаларының барлығын бастан кешті, бар қиындықты нардай қайыспай көтерді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың зары көктегі Тәңірге жетті! Осыншама кең-байтақ жердің жатқа, жауға бір сүйемін де бермей арыстанша айқасып, алмастай серпілген қайран ерлердің басы қайда қалмады! Мұндай жан алып, жан берудің барлығының да астарында халқымыздың ішкі қуатының бұлқынысы, тәуелсіздігіне қол жеткізу жолындағы үздіксіз күресі мен нұрлы болашаққа деген ғажап ұмтылысы, асқақ арманы жатты. Ол жинақтала келе Ұлы мақсатқа айналды. Қанға сіңіп, ұрпақтан-ұрпаққа көшті. Осы мақсатына жету үшін қазақ қаншама рет намысын қайрады, жігерін жаныды, оғын ұштады, азаттықтың мұңын мұңдады, жоғын жоқтады десеңізші! Ақыры осы ұлы мақсатына жетпей қоймайтындай ғажайып қайрат-күш бұрқ-сарқ қайнап, тасып төгілді сонау-у Желтоқсан оқиғасы тұсында. Тәуелсіздіктің дәмі таңдайға татыды. Тәтті екен...Тәуелсіздік – тәтті сөз ғой! Тәуелсіздік бүгінгі күнге, жиырма бес жылдық белесіне ғасырға жүк боларлық толағай табыстарымен жетті. Бәрі де жанқиярлық еңбекпен келді. Егемендігін жариялаған жас мемлекеттің жаңаша қалыптасып, қарыштай дамуы жолында қаншама тер төгілгенін аға ұрпақ өкілдері – біздер жақсы білеміз. «Қазақстан» атты жас сәбидің тәй-тәй қадам басып, буынын бекітіп, бүгінгідей әлемнің алпауыт мемлекеттерімен иық теңестірген әлеуетті мемлекетке – Ұлы Дала еліне айналуы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өсу мен өркендеудің жасампаз һәм даңғыл жолын тап басып таңдай білуінің арқасында мүмкін болғанын екенің бірі айтады. Иә, рас сөз! Жүз отыздан астам ұлт өкілдерін бір мүдде, ортақ шаңырақ аясына біріктірудің ғажайып қоғамдық институты – Ассамблея бұрынғы ТМД кеңістігіндегі бірде-бір елде жоқ! Осы және әрбір жылдың, алдағы болашақтың нақты жоспарларын белгілеп, қарышты қадаммен ілгерілеу моделі талай елдің саясаттанушы оқымыстыларының өзін тәнті етіп, таңдай қақтырғаны бекер ме? Қазақстан моделі әлемгі үлгі бүгінде. Саралап көрейікші, мұның бәрі неден басталып еді? Сарыарқа төрінен ел байтағы – Астананың шаңырағын тіктеуінен бе? Ол да бар. Тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру саясаты тұсында азып-тозған елдің еңсесін тіктеу, рухын көтеру оңай болған жоқ. «Алдымен экономика, сосын саясат» деген қағидаттың алға басты ұстаным етіліп қойылғаны осы тұс. Ең әуелі ері мойнына кеткен ел экономикасын түзеу керек болды. Оны жасайтын кім? Әрине, жеке азаматтар, елдің өзі. Осыған байланысты халықтың жігерін жанып, намысын қайрап, рухын асқақтату мәселесі бірінші кезекке шықты. Елбасының тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі әр жылға «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», «Тарих жылы», «Денсаулық жылы», «Ауыл жылдары» деп ат қойып, айдар тағып, елді өз тарихын тануға, ұлықтауға үндеуден, ынтымақ пен бірлікке, ауызбіршілікке шақырудан бастау алған-ды. Осынау құлан жортса тұяғы, қыран ұшса қияғы күйген ұлан-байтақ даламызды «ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен» қорғап, сақтап, өсер ұрпағына мирасқа қалдырған, азаттық жолында арыстанша айқасып, алмастай серпілген батыр-баһадүрлеріміздің ерлігін жадымызда жаңғыртып, есімдерін әспеттеп, ауыл, көшелерге беру, ескерткіштерін орнату тағылымды іс болғанына бүгін көзіміз жетіп, көңіліміз сеніп отыр. Бүгінгі ұрпақ ата-бабалары кім болғанын, төл тарихын танып білді. Осыдан кейін айрықша рухтанып, бабалар даңқы жолымен жүріп, жарқын болашаққа батыл қадам басты. Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын нақты іс жүзіне асыруға ересен құштарлықпен құлшына кірісті. Жер-жерде жастар бастамасы дүркірей туындап, жастар дауысы айқын да асқақ естіле бастады. Елімізді қалай Мәңгілік елге айналдыруға болады? Ол енді Мемлекет басшысының бастамасымен дүниеге келген бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан айқын көрініс тауып, әлеуетті де мығым ел болудың тетіктері егжей-тегжейлі қарастырылды. Бұл құжат тиісті Заңдармен бекемделді. Ендігі қалғаны осынау бас құжатта айқындалып көрсетілген міндеттердің үдесінен шығу. Біз мұны жас ұрпаққа жіліктеп түсіндіріп, талмай насихаттай беруге тиіспіз. Тәуелсіздіктің әр сәті қымбат, әр күні шуақты, қуаныш-шаттыққа толы. Бұған мен күнбе-күн куә болып жүрмін. Айнала-төңірегіңе байыптап көз салсаң, білім беру мекемелерінің көкпен таласқан зәулім ғимараттарын көресің. Олардағы алаңсыз оқып, білім алып жатқан балалар қандай бақытты! Мысалы, қаламыздың «Бәйтерек» шағын ауданындағы заманауи үлгіде салынған әлеуметтік нысандар көрген көзді сүйіндіреді, көңіліңді тасытады. «Мәңгілік Ел» стелласы да, Жәнібек пен Керей хандардың ескерткіші де, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі де, «Тараз-Арена» спорт кешені де, Назарбаев зияткерлік мектебі мен Тараз химиялық колледжінің, облыстық және қалалық балалар ауруханаларының ғимараттары да, міне, осы аумақта орналасқан. Бәрі де болашақ ұрпақтарымыздың игілігіне қызмет етуде. Осыған қарап, Тараз болашақтың қаласына айналып келеді деген ой ұялайды. Бұл да болса, Тәуелсіздігіміздің арқасы ғой. Тоқетері, еліміз өзінің егемендігіне қол жеткізгелі бергі 25-інші белесіне орасан зор жетістіктермен жеткелі отыр. Қазақстанда осынау ғарыштық өлшеммен алғанда, қас-қағымындай ғана уақыттың ішінде ғасырға жүк боларлық ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Әлемдегі ең дамушы отыз мемлекеттің қатарына кіруге талмай ұмтылумен келеміз. Осы қарқыннан, реформалар мен өсім, даму жолымыздан әсте айнымауымыз ендігі жерде тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеп, туын көкте желбіретер, келешектің тұтқасын ұстар жастарымыздың жасампаздығына, жаңашылдығына, білім-өресіне, еңбегіне тікелей байланысты. Елімізде, міне осындай жастар өсіп-жетілгені айдан анық. Біз жастарға сенеміз. Оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелей де береміз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болғай! Ұлы Дала елінің даңқы арта берсін!

Амангүл ЖАНҒАЗИЕВА,  Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, жоғары санатты мұғалім. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар