Головкин Келл Брукті техникалық нокаутпен жеңді
Кәсіпқой бокста ел намысын абыройлы қорғап, Қазақстанды әлемге танытып жүрген, бүгінде аты аңызға айналып үлгерген Геннадий Головкин өз жанкүйерлеріне, қазақ еліне тағы бір керемет жеңісін тарту етті. 11 қыркүйекке қараған түні Геннадий Головкин Лондонда өткізген 36 жекпе-жегінде қарсыласы ұлыбританиялық Келл Брукты бесінші раундта техникалық нокаутпен ұтты. Ұлыбритания жерінде алғаш рет жекпе-жегін өткізген жерлесіміздің жеңісіне Лондондағы 23 мың орындық О2 аренасына жиналған қалың көрермен куә болды. Шаршы алаңға қазақы шапан жамылып, көк Туды желбіретіп, Әнұранымызды әуелете шырқатып шықққан Гена ә дегеннен өзінің басымдығын байқатты. Ол бірінші раунд бастала салысымен-ақ жойқын соққысымен қарсыласына сес көрсетіп, жекпе-жектің жеңісі кімге тиесілі екенін ескертіп қойғандай болды. Геннадидің сілтеген алғашқы соққыларының бірі Бруктың жағына дөп тиіп, теңселіп барып, әрең ес жиған еді. Алайда, Гена екінші, үшінші раундтарда қарсыласына біраз мүмкіндік беріп, соққы қабылдауға дайын екенін байқатты. Жанкүйер бұны Генаның жекпе-жек уақытын созу үшін жасайтын кезекті шоуының бірі деп ұқты. Алайда, Брук қорыққан бірінші жұдырықтайдының керімен қос қолын кезек-кезек сілтегенімен дәл, мардымды соққылар жасай алмады. Мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмаған оның бойынан, көзінен әлдебір қорқыныш сезіліп тұрғандай болды, бізге. Кім білсін, алғашқы раундтағы есін әрең жидырған Генаның мығым соққысының әсері үрейге ұласып, санасын билеп алған да шығар дестік. Үшінші раундта Брук нокдаунға түскен, бірақ, британдық спортшы шалынып қалдым деп ымдап, ақталып бақты. Дегенмен, бұл раундта британдық көзінен қатты соққы алды. Бесінші раундта төпелей соққылар жаудырған боксшымыз қарсыласын есеңгіретіп тастаған. Головкиннің кезекті ауыр соққысы британдықты техникалық нокаутқа жіберді. Бруктің жаттықтырушысы жекпе-жекті амалсыз тоқтатуына тура келді. Ол қолындағы ақ сүлгісін төрешіге көрсете ары-бері бұлғап, ақыры шаршы алаңға лақтырып жіберді. Осылайша, WBA (Super), IBO, IBF және WBC нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (35-0, 32 КО) орта салмақтағы IBF тұжырымының чемпионы британдық Келл Брукті (36-0, 25 КО) ойсырата жеңіп, жанкүйерлерін шаттыққа кенелтті. Осыған дейін 36 рет жеңіске жеткен Брук 37-кездесуінде отандасымыздың 36-жеңісіне, өз елінің төрінде амалсыздан жол берді. Орта салмақ аясында өткен жекпе-жекте Головкин өзінің IBO, IBF және WBC атақтарын қорғап қалды. Айта кету керек, жерлесіміз секілді британдық боксшы да шаршы алаңда жеңіліп көрмеген. Ол осыған дейін бірінші орта салмақта жұдырықтасып келген, IBF чемпиондық атағына ие. 36 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның 25-інде қарсыласын нокаутпен ұтқан. Ал Головкин жалпы саны 35 кездесу өткізіп, оның барлығында жеңіске жетсе, 32 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Сонау тұманды Альбион елінде, Лондон төрінде күллі қазақтың абыройын асқақтатқан данқты отандасымыздың бұл жеңісі қазақ спортындағы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы айтулы жетістіктердің бірі де бірегейі болып қалатыны сөзсіз.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді