Қысқы каникулда сонау құм қойнауында қыстап отырған әке-шешеме жеттім-ау. Оныншы сыныпта оқып, үлкен жігіт болып қалсаң да ата-анаңды сағынасың, осы демалысты ынтыға, асыға күтесің. Интернаттың күнделікті ертелі-кеш қайта-қайта бере беретін қара көжесінен де шығып кетесің. Қойшыларға колхоз соғымға түйе сойып беріпті. Кеште үйдің ортасындағы темір пештің үстінде соғымның сүрі бұрқ-бұрқ қайнайды. Пеш алдында көңнің шоғына шешем көмбе нан пісіреді. – Қайсаржан, тұра ғой, қарағым! – деп сомадай болып кеткен менің арқамнан сипалап, мейірлене сүйіп-сүйіп алады. Ананың ыстық алақаны, мейір-ықыласы, сағынышы қандай десеңізші! Керіліп-созылып әрең тұрамын. – Келе ғой, жаным! Шәй дайындап қойдым! – деп шешем бәйек болып кетеді. Әке-шешемнің ортасында еркелеп, ішкі дүнием түгел нұрланып, ғажап күй кешемін. Рахат әлем! Шешем маған арнап сақтаған құрт, сары май, кәмпит-сәмпиттерін шығарып, тыққыштап жегізеді. Тыңқия тойып алған соң, зерігіп далаға шығасың. Көршіміз – Әшімхан – шешемнің жақын інісі. Әкем мен Әшімхан түн қараңғылығы түрілмей ертеңгісін қорадан қойларды өргізіп әкетеді де, кешкі апақ-сапақ ымыртта үсті-бастары сауыс-сауыс мұз болып бір-ақ оралады. Көршіміздің әйелі аурушаң. Көбінесе төсектен тұра алмай, басын орамалмен буып, ыңқылдап жатып қалады. Ауру адам – ашушаң. Олардың мен құралпылас Тұсан атты шомбал денелі, төртбақ баласы ертелі-кеш зыр жүгіріп жүреді. Шешесі аурушаң болғандықтан, төртіншіден кейінгі жоғары сыныпты жалғастыра алмай оқуды тастап кеткен. Қашан көрсем де тыным таппайды, қойлы ауылдың тірлігінен босамайды да. Әкесімен бірге құлқын сәріде тұрып, қойды санап өріске шығарысады. Арық-тұрақ, ақсақ-тоқсақ қорада қалған малдарға жемшөп береді. Түске салым айдап апарып Қызылсайдағы өзеншенің мұзын ойып, суарады. Үйдегі шешесі мен шүпірлеген іні-қарындастарын киіндіріп, тамақтандырып болған соң, от жағып, су тасиды. Балалардың кір-қоңын жуады, тамақ істейді. Әйтеуір тыным таппай мұрнынан су кетіп, дедектеп кеп жүргені. Шөккен ақ түйелердей қар басқан қолат-қолат құм қойнауында осы екі үйден басқа жан баласы көрінбейді. Бір-екі күннен кейін зерігейін дедім, киініп далаға шығып, Тұсанның жанына барамын. Ол ернеуі түгел көк мұз құдықтан су алып жатып: – Биыл қаншасыншы оқисың? – деді. – Оныншы. – Мен де оныншы оқитын едім.. – Ол күмілжіп шелектегі ліпілдеп толған қара суға тұнжырай қадала қарап қалды. – Биыл мектепті бітіреді екенсің ғой. Одан кейін не істейсің? – Институтқа түсемін. – Ал мен ұшқыш болғым келетін. Оған денсаулығым жарайды. Күнде гір көтеремін. Көзім де өткір. Дүрбісіз сонау жақтағыларды айнытпай танимын. Шашымды да өсіріп қояр едім. Әкем биттеп кетеді деп сыпырып тастайды, – деп, ол тап-тақыр басын қолымен сипап қойды. – Ау, жер жалмағыр Тұсан! Қайда ғана құрып кеттің?.. Жер жұтты ма сені? – деген үй жақтан шешесінің айқайы естіледі. – Жарайды, мен кеттім! Шешем науқас қой? – деп кібіжіктеп асыға-үсіге екі шелек ліпілдеген суды маймаң қаға дедектеп көтеріп ала жөнелді. Алғаш байқағаным алақандай екі көзі мұңлы, тұңғиық, тұнжыраңқы. Бала болып алысып-жұлысып ойнамайды да. Қарқылдап, жарқылдап күлмейді де. Қабағын түкситіп алып, ертелі-кеш күйбең шаруамен зырылдап жүргені. Мен де шешеме ілесіп, қорада қалған уақ жанға қарайтын болдым, кешке өрістен қайтқан малдарға жем шашамыз. Шешем осыншама шаруаға қалай үлгеріп жүргенін білмеймін. Қарым талып кешке сүріне жығыламын. Төртінші күні Тұсан екеуміз әбден бастырылып қалған маядағы шөпті айырмен жұлқылап, ашып жатқанбыз. Көк шөп мұрынды ашытады, әп-сәтте бусанып шыға келесің. Тұсан айырды кірш қадап, ырғап-ырғап бір буда шөпті жұлып алады, қара күші көрініп-ақ тұр. Ентігіп, айырға сүйеніп тұр едім: – Сен дойбы ойнай аласың ба? – дегені. – Мен интернатта дойбыдан чемпион болғанмын, – дедім мақтана. Ол маяның қуысына қолын тығып жіберіп, бір қапты суырып алды. Оның ішінен екі зілтемір дөңгелегі, сосын тақтай шықты. – Кел, онда ойнайық, – деп жаңағы жайпақ тақтайды жайып еді, торкөзденген дойбы ойнайтын тақта жасап қойыпты. Ағаштан жонып, ақ, қара тастарын бөлек газетке ораған екен, оны әкеп тіге бастады. Шөпке жантая кетіп дойбы ойнай бастадық. Мынау алыстағы құм арасындағы төрт сынып қана білімі бар Тұсанды менсіне қоймадым. Қалай болса солай жүрем деп, екі мәрте үш тасымнан бірден айырылып, оңбай ұтылдым. Интернатта ешкімге дес бермей оқу озаты, интернат советінің председателі, дойбыдан чемпион болып жүрген мен қалайша тырапай асып қалғаныма қатты намыстанып, қайта тастарды тіге бастадым. Қатарынан тағы да оңбай үш мәрте ұтылдым. Ол ұтқан сайын дидары ашылып, азу тістерін ақсита сақ-сақ күледі. Ызақорланып барлық айла-тәсілді қолдана бастасам, екі-үш аттатпай бәрін біліп, алдын алып, шалқамнан түсіреді. – Әй, атың өшкір Тұсан! Кеңкелес! Қайда қараң батты. Анау кішкентай жағы қарысқыр жылап жатыр! – деген шешесінің айқайын ести сала, мәз-мейрам болып отырған Тұсан сұп-сұр болып, атып тұрды. Апыл-ғұпыл дойбысын жинап, қапқа салып, маяның астына тығып тастады. – Қой, кеттім! – Тағы бір партия ойнайық та! – Ертең осы уақытта... Жарай ма? – деп, ол шөпті шанаға тиеп, қарны қампиған көк есегіне «ыхы!» деп қойып, асыға-үсіге кетіп қалды. Өшімді жиналған пішеннен алдым, бұрқыратып арлы-берлі шаштым кеп. Еш уақытта кеудем басылып көрмеген, біріншіден оныншыға дейін тек оқу озаты, тек, алда жүрген Қапсаланов бүгін тоңқалаң асқаны несі? Өзіне пара-пар бір мықты болса қанеки, әріпті ежіктеп әрең оқитын баладан масқара болып жеңілгені қалай? Ол әке-шешесіне мақтанар. Естіген елден ұят-ай десеңші!.. Өз-өзімнен пұшайман болып, ертеңгі ойынға дейін ыза буып жүрді. Намыстан жарылардай болып шөп тасуға ерте шықтым. Бірақ, Тұсанның қолы босар емес, дедектеп үйге бір кіріп, бір шығып, одан қораға барып, суатқа мал айдап, қарбалас тірліктен қолы түске салым әзер босады. Мен жападан-жалғыз дойбыларды тақтаға тізіп қойып, жүрістің сан түрін ойлап жатырмын. – Кел, гроссмейстер! – дедім ол жақындағанда. – Менің атым – Тұсан, шын атым – Тұрмағамбет. Сондай «Рүстем – дастанды» жазған ақын болған. Соған ұқсатып қойыпты. – Сен Тұсан – Тұрмағамбет бүгін әуселеңді көрейін, – деп алғашқы жүрісті жасадым. Ойпырым-ай, мен мың ойланып, санам сарғайып әзер тасты қозғалтсам, ол бірден тасын тық-тық еткізіп, дереу жүреді де, сақылдай күледі. Саңқылдап күлгенде, мұңы жоғалып, көздері ұшқын атып, екі беті албырап, жаздай жадырап, рахат күйге түседі. Қанша ойнасам да жеңіле бердім. Қатты қапаланып, түтігіп кетсем керек. – Міне, тең ойын! – деп ол орнынан түрегеп кетті. Менің көзіме қарап, теңге әдейі келісті. Қызық болғанда күнде түске таман екеуміз дойбы ойынына отырамыз. Үйінен шешесінің зәрлі де ащы айқайы естілгенше тоқтатпаймыз. Оның сақ-сақ еткен балалыққа тән уыз күлкісі аязды алқапта ауық-ауық жаңғырып тұрады. Таза, пәк күлкі. Жеңіс күлкісі. Шаттық күлкісі. Шат-шадыман болып ол кетеді. Қабағымнан қар жауып, мен жабығып қайтамын. Кей-кейде қара жұмысты да онымен іштей бәсекелесіп бірдей істегім келеді. Ол тығыршықтай домаланып, шаршау дегенді білмейді, ал мен болдырған көтерем аттай арса-арсам шығып, қара терге малшынып, нарттай қызарып, діңкем құриды. Каникул бойы онымен салғыласып дойбы ойнадым, бір мәрте ең құрыса жеңсемші. Екі аттатпай ұстап алады да, тақ-тақ еткізіп жеңіп шыға келеді. Кейде суатқа бірге барамыз. Одан артықтығымды білдірмекке батырлар жырынан үзінді айтамын. – Қайсар, сен білесің бе? Рүстем батыр баласымен неге соғысады, неге жекпе-жекке шығады? – дейді. – Қай Рүстем? – «Рүстем – дастан ше?» Біздің үйде кітабы бар. Әкем күнде кешкі тамақтан кейін дауыстап оқиды. Оқып тауысса, қайта басынан бастайды. Қасында отырып, кей жерін жаттап та алдым. – Айтшы, қане? Оң қолын сермеп, даусын сан құбылтып, бірде батыр, бірде дұшпаны болып Рүстем батыр жайлы дастанды мәнерлеп айта жөнелді. Мә, мынаны қара?! Аң-таң болып аузым ашылып, тыңдай бердім, тыңдай бердім. Мен шынын айтқанда, «Рүстем – дастан» деген кереқарыс үлкен кітапты көргенім бар, бірақ оқымаған едім. Қырау көмген қалың шилі, жылтырақ мұз қатқан Қызылсай атты өзеншенің бойында ол жырды ұзақ, өте ұз-а-ақ толғады. Осыдан барған соң бұл кітапты тауып, оқымасам ба! Қандай ғаламат! – Рүстемдей батыр болсам ғой! – деді ол көк мұзды кірш-кірш ойып жатып. Қойшылардың балалары әманда арманшыл, келеді. Мен де кейде мына аппақ әлемге қарап, қиял кешіп кетемін. Түстен кейін екеуміз дойбыға кірісеміз. Жеңіле бергенге ме мысым басылып қалады. Ерегіспе мінезіме басып қоймаймын. – Әй, жуадай солғыр жүгермектер! – деп тура үстімізден төніп түскен Тұсанның шешесін байқамай қалыппыз. Көкірегі ғыр-ғыр етіп, даусы әзер шығады. – Баспам ұстап, қызуым көтеріліп, өлейін деп жатсам, өлігіңді көрейін Тұсан. Сен мұнда екенсің ғой. Ойының осылғыр! – деп тақта мен дойбы тастарын жұлып алды. – Жүр, қане, оңбаған! – деп, қолындағы шылбырмен осып-осып жіберді. Тұсан зымырап ап жоғалды. Кешке қойдың алдынан шығарда Тұсан жолығып қалды. – Дойбымызды тақтайымен қосып пешке жағып жіберді, – деді. – Енді қашан ойнаймыз? – Нешауа. Тығып қойған шәйдің қорап картоны бар. Содан жасап қоямын. Ертең түске дайын болады. Сен әкеме батырлар жыры деген кітапты тауып беріп жіберші. Білесің бе, оқығанды керемет жақсы көреді. Ал шешеме ренжіме, ауру ғой. Ұйықтап кеткенде екі емшегіне жылан ширатылып жатып алып, содан оянғанда шошынғаннан түк қозғала алмай сіресіп қатып қалған. Әкем келіп қап жыланды іліп алып сыртқа лақтырыпты. Шешем содан бері шошыма дертіне шалдықты. Сегіз айлық нәрестені өлі туды, сан түрлі ауру жабысты. Жылда бала табады, бірақ әл-дәрмені жоқ, жүре алмайды. Мен болмасам өліп қалады ғой. Өзі білесің бе, мені өлердей жақсы көреді. Ұйықтап жатқанымда өліп-өшіп сүйіп, басымнан сипап: «Алтын Тұсаным-ай, обалыңа қалдым ғой сенің. Оқыта алмадым», – деп жылағанда, көз жасы бетіме тамып-тамып кетеді. Оянсам да өтірік ұйықтап жата беремін. Ауру қажытып діңкелетті ғой. Ылғи Құдайдан тілеймін жазылып кетсінші деп. Оның алақандай көздерінде шып-шып жас толып тұрды. Ары қарай бұрылып, жылағанын көрсеткісі келмей, ұзай берді. Жауырыны қушиып, екі иығы селкілдеп бара жатты. – Тұсан, саған көктемгі каникулда жап-жаңа дойбы сатып әкелемін! – дедім соңынан. Ол естімеген болып қайта бұрылмады. Булығып, өксіп-өксіп мен де өз-өзімнен жылап жібердім. Түнде оқушыларды жинап жүрген Полтара Иван деген дәу сары шофердің машинасымен мен ауылға, интернатыма қайтып кеттім.
*** Көктемгі демалысыма әкелген жап-жаңа дойбымды көрген шешем: – Әшімхан ағама қиын болды. Жеңгеміз аяқ астынан қайтыс болып, бәленбай баламен ауылға көшті. – Тұсан ше? – Тұсан бір қойшыға помшабан болып кетіпті. Дойбыдан аудан оқушыларының чемпионы атанып, әбден дайындалып келгенімде, мына, хабар маңдайымнан таспен ұрғандай әсер етті. Құдай-ау, содан бері қаншама дәуір өтті. Кешегі қылшылдаған бозбалалар бүгін, міне, алпыстан асқан ел ағасы атандық. Ауылдағы дос-сыныптасым Садабайдың тойының қақ төрінде отырып, ағасы Алпамыс ұсынып, бата сұраған басты мүжіп, көптен көрмеген ағайындармен қауқылдасып әңгіме-дүкен құрып жатқанда: – Тұсан нағашым қайда қазір? – деп едім: – Ол ауылдың ет жасағышы ғой. Ол ет жасап жатыр ана үйде, – деді Садабай. Күннің ыстық аптабы басылмаған күрең күз. Алатаудың етегі балбырап, рахаттанып керіліп жатыр. Есік алдына шыққанымда Садабай: – Әне Тұсан, – деді. Тіп-тік қайқайып ерге нық отырған Тұсаным атын жорғалата көшені өрлей кетіп барады екен. Тұсан нағашымды көрмегелі не заман? Ауылдан ары анау балалығымыздың базары болған аспандаған тау Аспанқора тәкаппар құлжадай асқақтайды.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді