«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есеп: 2:2 Қазақстан ұлттық құрамасы Польшамен тең түсті

Есеп: 2:2 Қазақстан  ұлттық құрамасы  Польшамен тең түсті
ашық дереккөз
Есеп: 2:2 Қазақстан ұлттық құрамасы Польшамен тең түсті

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін тең нәтижемен бастады. Талғат Байсуфиновтың шәкірттері Польша құрамасымен болған ойында бірінші таймда 0:2 есебімен жеңілгенімен, екінші кезеңде таразы басын теңестіріп, бір ұпайға қол жеткізді. Бұл біз үшін үлкен нәтиже дей аламыз. Ұлттық құрама бірінші рет поляктармен тең ойнады. Осыған дейінгі екі команда арасындағы үш кездесудің барлығында да Польша құрамасы басым түскен болатын. Елордадағы «Астана-Арена» стадионында өткен тартысты матчтың 10-минутында Англияның «Лестер» клубында ойнайтын Бартош Капустка қазақстандық қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, командасын алға шығарды. Сондай-ақ, ойынның 35-минутында қорғаушыларымыз өз айып алаңында тәртіп бұзып, төреші пенальти белгіледі. Айып добын тепкен қарсы команда капитаны, әккі шабуылшы Роберт Левандовски мүлт кетпеді. Бұдан кейін екі команда алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, таблодағы көрсеткішке өзгеріс енгізе алмады. Осылайша, үзіліске қос құрама 0:2 есебімен тарқасты. Ал екінші тайм бастала салысымен Қазақстан футболшылары жинақы, ширақ ойын өрнегін көрсетуге тырысты. Бірден шабуылға көшті. Шабуылдар өз нәтижесін берді де. Матчтың 51-минутында сол қапталдан Дмитрий Шомконың әуелетіп берген добына бірінші жеткен Сергей Хижниченко қақпашыны қапы қалдырып, есеп айырмасын бір допқа қысқартты. Бұдан соң да жерлестеріміз жігерленіп, шабуылдарын үдете түсті. Арада сегіз минут өткенде екінші голды соғып, допты қарсыластың қақпасында тулатты. Бұл жолы да Сергей Хижниченко көзге түсті. Жартылай қорғаушы Мақсат Байжановтың шығарып берген пасын кейіннен баспен бағыттай отырып екінші голды соға білді. Сөйтіп, Қостанайдың «Тобыл» командасының шабуылшысы ойындағы дубльдің авторы атанды. Еске сала кетсек, 25 жастағы шабуылшы ұлттық құрама сапындағы өзінің 39-ойынында сегізінші голын соғып отыр. Осылайша Европаның белді құрамаларының бірі Полшамен тең ойын өрнегін көрсеткен ұлттық құрама жерлес жанкүйерлеріне тамаша көңіл-күй сыйлай білді. Әлем чемпионатының Еуропа құрлығы бойынша iріктеу кезеңінде «Е» тобына түскен жерлестеріміз алдағы уақытта топтағы Дания, Черногория, Армения, Румыния құрамаларымен кездеседі.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар