Нигерияның солтүстік-шығысында балалар аштан қырылуда

Нигерияның солтүстік-шығысында балалар аштан қырылуда
ашық дереккөз
Нигерияның солтүстік-шығысында балалар аштан қырылуда

Екі жарым миллион тұрғын бір тілім нан мен бір жұтым суға зар. Нигерияның солтүстік-батысындағы халық аштық пен түрлі індеттен зардап шегіп жатыр. Әсіресе бесіктен белі шықпаған балалардың аштан бұратылып, қыршынынан қиылғаны жанға батады. Нигерияның солтүстік-шығысында босқындар лагеріндегі ахуал ушығып барады. Әсіресе балалардың жағдайы жан шошырлық. Жауыздығымен жұртты қан қақсатқан «Боко Харам» жендеттерінен бой тасалаған тұрғындар енді аштан қырылып жатыр. Соңғы бір аптаның ішінде Майдугури қаласындағы бір ғана уақытша тұрақтау орталығында жасы 5-ке толмаған 20 сәби бақилық болды. Оның үстіне аймақтағы ауа температурасы 40 градустан асып, аптап ыстық алқымнан алды. Мұнда шөл басатын бір жұтым су табудың өзі мұң. Халықаралық ұйым өкілдері лагерьдегі балалардың 25%-ы өлім аузында жатыр деп дабыл қағуда. Оның үстіне түрлі індеттер жайлап, жығылғанға жұдырық болды. Иссиака Абду, «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының үйлестірушісі: - Бізге босқындар лагерлерінен тойып тамақ ішпегендіктен, қатты әлсіреген балалар қаптап түсіп жатыр. Олар өмір сүрген аймақта қазір безгек індеті белең алып барады. Сонымен бірге бұл өңірде іш өту жағдайы көп тіркелуде. Тамақ жетіспей жатқанда аурулардың кеңінен таралуы елдегі онсыз да ауыр жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін. Әсіресе 5 жасқа толмаған сәбилер үшін өте қауіпті. «Шекарасыз дәрігерлер» халықаралық ұйымының өкілдері соңғы апталарда балаларды шұғыл тамақтандыру орталықтарының көлемін 4 есеге арттырғанын айтады. Бірақ бұдан қайран жоқ. Себебі содырлар сойқанынан қашқан ашқұрсақ тұрғындардың қарасы күн сайын молайып барады. Оның үстіне лагерьлерге жеткізілген азық-түлікті ұрлау жағдайы көп. Үкімет ел басына күн туған шақта белең алған сұмдық оқиғаларды тергеуге кірісті. Бинта Лауал, жергілікті босқын: - Азық-түлік жетіспей жатыр. Үкімет бізді «өлмесе өмірем қапсын» деп отырғандай, шынайы жанашырлық танытпай отыр. Әсіресе бізге қазіргі таңда ыстық тамақ ауадай қажет. Мұнда 4-5 күннен бері нәр татпаған балалар бар. Шенеуніктер лагерьге жеткізілген тамақты бізге бергеннің орнына оңаша бөлмеде өзара бөліске салады. Қазір Майдугури қаласында 2 миллион босқын бар. Бірақ арнайы лагерьлерде олардың барлығына орын жетпейді. Қалғаны лашықтар мен ашық далада күнелтіп жүр. Ал ірі шаһардағы базарлар жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөніске толып тұр. Бірақ аштыққа не себеп?! Осыған байланысты Нигерия сенаты өткен аптадан бері тергеу жүргізіп жатыр. Ақпарат көзі: www.24.kz 

Ұқсас жаңалықтар