Қазақ рухының дарабозы еді

Қазақ рухының  дарабозы еді
ашық дереккөз
Қазақ рухының дарабозы еді
Академик  Өмірбек  Жолдасбековтің  туғанына – 85 жыл Қай дәуірде болмасын, халықтың рухани-мәдени өсуі шынайы таланттардың шыққан биігімен танылады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихында адамзатқа абырой әперетін іспен шұғылданып, өзінің ерекше жаратылған бітім-болмысымен, қарым-қабілетімен, өткір зеректігімен туған жұрты әуелі, одан кейін әлемдік қоғам әр биігінен мақтан етіп, үлгі-өнеге тұтатын тұлғалар аз болмаған. Ұлы бабамыз әл-Фарабиден бастау алатын ақыл-ойдың кемелденіп, шарықтау кезеңдерінен бергі уақытта қоғамдық ой-санаға, философиялық танымдық жүйеге сілкініс жасаған Қожа Ахмет Яссауимен ұлт тарихының ізашары Мұхамед Хайдар Дулати сықылды ғұлама ғалымдардың артында қалған асыл мұралары біздің халық үшін мәңгі сақталып, үйреніп, сусындайтын асыл қазына болып қала бермек. Күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдығын халықтық мереке тұрғысында кеңінен атап өткен жоқпыз ба?! Сол тарихи оқиғаның мән-маңызы жайында ғалымдар мен әдебиетшілер көптеген зерттеу еңбектерін әзірлеп шығарды. Баспасөз беттерінде жүздеген мақалалар жазылды. Сол келелі тақырып төңірегіндегі бағалы ой-пікір айтып, ұлттық құндылықтар туралы тереңінен сөз қозғаған тарихшы ғалымдардың Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» деп аталатын теңдесі жоқ зерттеу туындысын жүз қайтара оқып, жүз мәрте ой сүзгісінен өткізгеніне ешқандай шүбәміз жоқ. Терең ойға қалдырып, мың қабат зерделеуге итермелейтін мұндай дүниені жазып тастау немесе игеру екінің бірінің қолынан келмейді. Сол сияқты қараңызшы, Қожа Ахмет Яссауи мұраларының тарихи-философиялық мән-мағынасын қаншама ғалым үңіле зерттеп, қаншама ғасырдан бері жазып келеді. Бірақ ақыл-ойдың кені тым терең болуынан ғұламаның ізгілікті ойларын жан-жақты түсініп, түйсінуге не ойымыз, не бойымыз жетпей жатыр. Етек жауып, ес жиған заманда есті кісілердің ұлттық сананы қалыптастыру жолында есепсіз тер төгіп, ерекше қайраткерлікпен еңбек сіңіргенін жақсы білеміз. Кешегі ХІХ ғасырда өмір сүрген Досбол бидің «Сіздер тірі жүргенде бақ пен данқ сұңқар сияқты басы биік адамдарға қонушы еді...» деп келетін өлең жолдарында адам басына қонатын бақ пен даңқтың абыройлы жағын өткен дәуірлердің озып туған адамдары мен олардың өмірлік өлшемдерін термелеп айтатыны бар. Бұл да бекер емес. Біз бақ пен даңқтың бағалы құндылықтарын халық жүрегінде сақталған жарқын тұлғалар арқылы қаншалықты есте ұстап, қадірлесек, кейде жасыратын несі бар, арзан атақ-даңққа құмарлық пен ессіздіктің белең алып кетуіне байланысты қоғам дамуына тікелей қызмет етуіне тиісті ғылымның төңірегінде беделі төмен, білігі жоқ, аты бар, заты жоқ, қаптаған ғалымдар шын мәнінде үлкен ғылымға көлеңке түсіре бастады. Сондай бір келеңсіздік жаппай дендей бастаған жылдары Халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыз «Қазір тас лақтырсаң, академиктің басына барып түседі» деп жанайқай жасап, жазған еді. Енді... лақтыруға тас жетпейтін сияқты ма, білмейсің. Бар саналы ғұмырын ғылым жолына сарп етіп, ғылымдағы тазалық пен мықтылық жолында көз майын тауыса оқып, зерттеп, ғылыми жаңалықтар енгізіп, қоғамды сауықтырып, өркендетуге қызмет еткен және бүгін де сол қатардан көрініп жүрген ғалымдар үшін, әрине, мұндай жағымсыз әрекеттердің уақытша көріністері болғанымен, өте ұят нәрсе, адал адамдарға қиянат-обал жасауға болмаса керек. Ұрпаққа нені үлгі етеміз дегенде, айрықша келбет-тұлғасымен, кісілігі мен жаратылысы бөлек, білім-ілімі ерекше, аса айбарлы, керемет мәдениетті, қоғамға ықпалы зор қайраткерлер ойға оралады. Олар кімдер еді? Үркер жұлдыздай бір шоғыр ұлы тұлғалар кешегі ХХ ғасырдың өтінде өмір сүрді. Күрескерлікпен өткен өмір иелері – солар. Ғылым көгіндегі алаштың ардақтылары Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов, Ермұқан Бекмаханов, Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов... Әр буынның лайықты өз өкілдері бар, ғылымның әр саласында. Біз көрген дара тұлғалардың арасында аты аңызға айналған бір адам болды. Ол – С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, академик-математик Өмірбек Жолдасбеков еді. Қазіргі Әл-Фараби ұлттық университетінің бай тарихи белестерінде талай тамаша оқымыстылар болды, университетті әр уақытта басқарған кісілер де жұртқа сыйлы жандар еді. Солардың арасында Өмірбек Жолдасбековтің Қазақстанның жоғары мектебінің қызметін ұйымдастырып, қалыптастыруда зор еңбек еткен қайраткер екенін жұрт баяғыда мойындап, еліміздің қара шаңырағы – КазМУ-де 16 жыл ректор қызметінде жүріп бар қазақтың мақтанышына айналған ол кісі туралы «Ректор болсаң, Жолдасбековтей бол!» деген адал пікірді санаға сіңірген. Қазір, кешегі КазМУ қалашығында, иә, Алматыда, білім ордасында екі ескерткіш алыстан көзге түседі. Биік тас тұғырда ұлы ойшыл әл-Фарабидің зор тұлғасы бейнеленген. Бұл университет әл-Фараби есімімен аталады. Ал саф алтын түстес бюст-ескерткіш Өмірбек Жолдасбековтің мейірімді әрі асқақ бейнесінде жасалған. Қазақстанда жалғыз Студенттер сарайы бар. Алматыда орын тепкен студенттердің бұл мәдени ордасы Өмекеңнің есімімен аталады. Бір таңғаларлық нәрсе бар, қазіргі таңда елімізде 120-дан астам жоғары оқу орны бар. Ендеше, біздің республикамызда тура 120 ректор бар деген сөз. Сол жасы үлкені бар, кішісі бар, барлығы да бірауыздан Өмірбек Жолдасбековке ұқсағысы келеді, сондай құрметті ректор болуды армандайды. Азаматтың ұлы өнегесі деген – осы. Өмекең 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң жазықсыз қуғын-сүргінге түсіп, қызметінен кеткелі бері 30 жылға жуық уақыт болды. Содан бері КазМУ-де талай-талай ректор ауысты. Елдің есінде тәуір деген бір-екі ректор болмаса, қалған кісілерді көпшілік біле бермейді. Олар Жолдасбековті әлі күнге дейін іздейді, сағынады. Даламызда арыстандар көп, ал ақиық ақын Т. Молдағалиевтың «Арыстаны жігіттің біреуі екен» деп келетін жүрек жыры сырға толы, азаматтың басына күн туғанда сырт айналмаған ағайынның «Академик туралы ақиқат» деп қорған болған кездері баяндалып, әңгімелейтін талай мақалалар жазылды. Бізге оның бәрі таныс. Сол себепті әлемге әйгілі академик ағамыздың жоғары класты машиналар мен механизмдер теориясын жасаудағы ғылыми жетістіктері жайында, көреген басшы ретінде атқарған еңбегі мен өмір соқпақтары туралы әріптестерімнің айтқанын қайталаудың қисыны жоқ деп білеміз. Осы тұста, 1988 жылы, Жолдасхан Бозымбеков пен Рысбек Сәрсенбайұлының Алматы облыстық «Жетісу» газетінде ғалым туралы алғаш рет шындықты айтып жазған мақаласы, белгілі журналист Қасымхан Әзімханның «Жас Алаштағы» зерттеу мақаласы, кейініректе белгілі саясаткер, қайраткер қаламгер Мұхтар Құл-Мұхамедтің «Егемен Қазақстанда» «Менің ағаларым» сериясымен жазған ғажап мақаласы жұртқа ерекше әсер етті. Біз де сан мың шәкірттің бірі ретінде сыйлап, құрметтедік. 1981 жылы университетті бітіріп, журналистік еңбек жолымды «Қай облысқа барып, қай газеттен бастаймын?» деп жүргенімде мемлекеттік комиссияның төрағасы Өмекеңнің «Бұл жас жігітті Алматы облыстық партия комитетінің тиісті бөлімі өздеріне шақыруды ұйғарыпты» деп сәт сапар тілеген сәтін қалай ұмытамын... 1994 жылы Парламент үйінде кездесіп: «Сенің спикерлер Өмірбек Байгелді мен Марат Оспановтан алған көлемді сұхбатыңды оқып шықтым. Ұнады. Жүр, енді менен сұхбат аласың», – деп (қасында шәкірті, кейін Білім және ғылым министрі болған Бақытжан Жұмағұлов бар) кабинетіне апарып, шай беріп, әңгіме-дүкен құрғаны да есімде. Кейін «Сұхбатымыз жаман болмаған сықылды, ә, інім?!» деп арқамнан қағып, оған менің мәз болған жайым бар. Сол 1994 жылы Шерағаның шаңырағында дастарқан жайылды. Төрде Асанбай Асқаров, Өмірбек Жолдасбеков, Қаратай Тұрысов, Өмірбек Байгелді, Мырзатай Жолдасбеков секілді ел азаматтары жеңгелерімізбен бірге отырды. Ол кісілерге зыр жүгіріп қызмет еткенім мен үшін бақыт еді. Мәрия әпкем (Шерағаңның зайыбы) қонақтарға: «Бұл – менің інім, журналист», – деп таныстырған кезде Жолдасбековтен басқалары «Білеміз ғой!» деп, мейірімді ишарат жасаған тұста академик ағамыз «Ой, бұл жігіт онда маған жақын туыс болды ғой» деп, жылы ұшырай қарап, өзінің ата-бабаларының ертеректе Талас өңірінде өмір кешкенін және басқа да тарихи шежіресін әңгімелеп берген кездерін, әрине, ұмытпаймын. Біраз уақытқа созылған отырыс кезінде аңғарғаным, былай қарасаң, бәрі де ұлтымыз мақтаныш ететін, әрбірінің мемлекет пен қоғам өмірінде лайықты әрі лауазымды орны бар ғой, соған қарамастан, қазақтың үлкенді сыйлап, сөзге қонақ беру, үйішілік ұсақ-түйек әңгіме емес, елдік жайында айтқан сөздері мен кесек-кесек ойларына тәнті болдым. Ортасында таудай болып отырған Асанбай Асқаров сөз тізгінін ұстап, әсіресе, Өмірбек Жолдасбековке зиялы қоғамның ең озық ойлы өкілі ретінде қарап, ыңғай білдірсе, Қаратай мен Мырзатай ағаларымыз қазақтың ұлттық дәстүрлерін сақтау, Байгелді ағамыздың ауыл өмірі жайында қозғаған ойлары жаңашыл болып естілді. Шерағаң көп сөйлеген жоқ. Дастарқан төрінде әрбір бауырына рахмет айтты. Ұмытып барады екенмін, академик ағамыз Шерағаңа қаратып «Парламентте Шәкеңнің даусы естілгенде, мен бар қазақ сөйлеп тұрғандай сезінем» деп айтқаны бар. Шерағаң болса, өзіне тән мінезбен баяу сөз бастап, бірте-бірте қуаттанып, қайратына мінген шақта «Сіздер білесіздер ғой, Түлкібас деген киелі жер бар. Оңтүстікте. Құт дарыған ел бар. Сол өңірде табиғаттың барлық құбылысы бар. Таулары мен мөлдір суы бар. Кең даласы бар. Қалың орман ағашы бар. Мұның бәрі құдіретті Алла тағаланың сыйы болар. Сіз де осындай адамсыз, Өмеке! Сіздің бойыңызда қазақ баласының барлық кереметі бар. Жүрек бар, Арыстан жүрек бар!» дегенде... Асанбай аға «Айналайын-ай!» деп қалды. Бәрі де жалт қарады. Өмекеңнің тұңғиық сырға толы қара көздерінен сұмдық құбылыс көрдім. Ғұлама адамның ғасырдан да ұзақ күннің ғибратын оқып отырғандай сезіндім. Біз сол кісімен Парламентте тілші бола жүріп талай мәрте кездесіп, ғұлама жайында білгенім әлі тым аз екенін аңғаратынмын. Сол себепті талай жыл Парламентте бірге қызмет етіп, өте жақын сыйласқан Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Өмірбек Жолдасбеков – жиырма бірінші ғасыр мен үшінші мыңжылдықта қазақ азаматының алдынан шығар терең зерделік пен іскерлік алғырлықтың, азаматтық қайсарлық пен күрескерлік табандылықтың, ізденімпаздық пен дәйектіліктің мейлінше қатал талабына жиырмасыншы ғасырда жүріп-ақ ойдағыдай жауап бере алған айтулы саңлақ еді. Талай ғасыр есесі кетіп, тауы шағылған қазақ руханиятының талантымен тау жыға алған тарланы еді. Қазақ рухының нағыз Геркулесі еді» деген сөзі жұлдыздардың арасынан әсте Ай сияқты көрінген азамат туралы мәңгілік баға деп білеміз. Бұл сөз 1999 жылы 23 шілдеде Өмірбек Жолдасбеков дүниеден озып, соған байланысты қаралы жиында айтылған еді. Енді аса ардақты ұлт перзенті Әбіш ағамыз да ортамызда жоқ. Сөз өнерінің майталманы, әдебиетші-академик Зейнолла Қабдолов үзеңгілес жолдасының ғұмырлық үлгісін «От болып дүниеге келіп едің, от болып дүниеден өттің, бірде-бір бықсығаныңды көрген жоқпыз» деп қимастықпен, дарқан көңілімен көзіне жас алып еді. Сонау 1931 жылы дүниеге келіп, ақыл-парасатымен халықтың құрметіне ие болған, бұл дүниеге қайтып келмес азаматтың өмірден көшіп бара жатқан сәтінде қимастықпен айтқан сөзі еді. Қазір арамызда аяулы ұстазымыз Зейнолла Қабдолов та жоқ... Алыптар дәурені өтіп бара ма, қалай өзі? Кім білсін, қазақ халқында мұндай ұлы тұлғалар болмаса, ұят болар ма еді?.. Біз оларды мақтан етеміз. P.S. 2 қыркүйек күні сағат 11.00-де Тараз қаласындағы Ө. Жолдасбеков атындағы мектепте академик-ғалымға орнатылған бюст-ескерткіштің ашылу жиыны болады.

Бізді--++мінбер-2Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар