Алғыстан артық сыйлық жоқ

Алғыстан артық сыйлық жоқ
ашық дереккөз
Алғыстан артық сыйлық жоқ
Жамбыл ауданының тумасы Захира Мырзахметова бұрын көкөніс өсірумен шұғылданған болатын. 2003 жылы Таразға көшіп келген ол әуелі күнкөріс үшін саудамен айналыспақшы болды. Әйтсе де, киім тігуге икемі бар, жастайынан ата-анасының жиі айтатын: «Сауда түбі – борыш, шаруа түбі – кеніш» деген мақалды құлағына құйып өскен Захира бір кәсіп ашуды қолға алуға бекінді. Нарықты зерттеген кезде сауда орындарында ұлттық нақыштағы қыз жасауына қажетті көрпе-жастықтардың тым тапшы екенін байқады. Сырттан жеткізіліп жатқан ондай бұйымдардың сапасы нашар, тез тозып қалады әрі бағасы қымбат. З.Мырзахметова өз үйінде осыдан 13 жыл бұрын ашқан жеке кәсіпкерлігін «Жасау мүлкі» деп атады. Таза мақта мен матадан көрпе мен жастық тікті. Сапасы жоғары тауарларға сұраныс жоғары болды. Тұрғындардың тапсырысын қанағаттандыру үшін екі қызды көмекшілікке жұмысқа қабылдады. Оларға тігін өнерінің қыр-сырын жалықпай үйретті. Екі тігін машинасын сатып алды. Бүгінде осында тігілетін, жас жұбайларға арналған «Махаббат көрпесі», алты адамға арналған қонақ көрпелер және қос жастықтар, сондай-ақ бала көрпелер, кәдесый қоржындары ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен әдіптелуімен және сапасымен ерекшеленеді. Кейінгі кезде олар құда және құдағи көрпелерді де тігуді қолға алған. Құрақ көрпелері де көздің жауын алады. Олардың көрпе-жастықтарын осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын алған келушілер тағы да сауда жасап, бұрынғы мүліктерді қазірге дейін қолданып отырғанын айтып, алғыстарын білдірген. – Адам үшін алғыстан артық сыйлық жоқ. Келушілеріміздің осындай ризашылықтарын естіген кезде еңбегіміздің және ізденісіміздің бағаланып жатқанына көңіліміз марқайып қалады, – дейді «Жасау мүлкі» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Захира Мырзахметова. Қазір жеке кәсіпкерлікте 8 қыз-келіншек жұмыс істейді, осы мөлшерде тігін машинасы бар. Олардың шығарған өнімдерін тұтынушылар үйден алып кетеді. Тапсырыстар облысымызбен қатар, Алматыдан, Қызылордадан, Шымкенттен және Ақтаудан да түсіп тұрады. Осы уақытқа дейін ісмерлердің жұмысына сын немесе өкпе-реніш айтқандар болған емес. Бұйымдардың бағасы да қолжетімді. Захира қажетті шикізатты Шымкенттегі мақта зауытынан, ал матаны шетелдерден таңдап алатынын айтады. Армансыз адам жоқ. Захира Мырзахметованың да армандары көп. Солардың бірі – Таразда ұлттық қолөнер бұйымдарын халыққа насихаттайтын Этномәдени орталық ашу. Онда жасау мүлкімен қатар, ат әбзелдері, шапанның алуан түрлері, кәдесыйлар және білезік пен сақина орналасатын болады. 2013 жылы ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Кенен Әзірбаев көшесінде бір үйді сатып алып, ауласына үш қабатты ғимарат салуды қолға алған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 7 пайыздық өсіммен екінші деңгейлі банктен 10 миллион теңге несие алған. Оған өзінің жинаған қаражатын қосқан. Алайда, жұмысты тапсырған мердігер компания сенімді ақтамаған. Ғимарат құрылысының жартысын да бітірмей ақшаны алып, кетіп қалған. Кәсіпкер қазір олармен соттасып жатыр екен. Бұған Захираның жігері жасып отырған жоқ. Жұбайы – менеджер Өмірзақ Ділдәбеков екеуі этномәдени орталықтың құрылысын аяқтау үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Ол пайдалануға берілген кезде Таразға келген туристер орталыққа да ағылатын болады. Олар мұнда ұлттық қолөнер бұйымдарының алуан түрлерін тамашалайды. Жаңа жұмыс орындары ашылады. «Жасау мүлкінің» тауарлары ол кезде еліміздің ғана емес, шетелдік қонақтардың да игілігіне айналады.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар